«Астана Моторс» зауыттары: роботтар, техникалық кадрлар және автоөнеркәсіпті локализациялау
Журналистер алғашқылардың бірі болып жеңіл автокөліктер шығаратын Hyundai Trans Kazakhstan зауытында жүргізілген модернизация жұмыстарының нәтижесімен танысып, жаңадан ашылған көлік орындықтарын өндіретін Almaty Autoparts Production кәсіпорнында болды.
15 сәуірде Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметімен бірлесіп Алматы Индустриалды аймағында ұйымдастрылған пресс-тур аясында «Астана Моторс» зауыттары бойынша экскурсия өтті.
Аталған маңызды қадам Қазақстанды көлік өндіруші елдердің деңгейіне жақындатты. Бұл жай ғана батыл мәлімдеме емес, бұл өндіріс көрсеткіштерімен расталған факт.
Қазақстан автокөлік өндірісінда роботтар
Hyundai Trans Kazakhstan зауытын жаңғыртылуы отандық автоөндіруші үшін зор жетістік болды. Кәсіпорын 2020 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 50 мыңға жуық автокөлікті құрайды. Олардың тең жартысы дәнекерлеу және бояу әдісімен, яғни ұсақ түйінді өндірісі арқылы шығарылады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 13 мыңға жуық автокөлік конвейерден шығып үлгерді.
Зауытта өндірілетін көліктердің бірнеше модельдік қатары бар. Бүгінгі таңда Hyundai Trans Kazakhstan Tucson, Mufasa, Santa Fe, Palisade кроссоверлері, Sonata және Elantra седандары; Staria және Custin микроавтобустары, сондай-ақ Genesis брендінің премиум санатында төрт моделі шығарылады. Кейбір модельдерде орнатылған мультимедиялық жүйе интерфейсі қазақ тілінде қолжетімді.
Өндірісті роботтандыру арқылы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты жаңа деңгейге шықты. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында кәсіпорында локализацияны тереңдету және өнімділікті арттыру мақсатында технологиялық процестер жетілдірілді.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. Дәнекерлеу цехы. Фото: «Астана Моторс»
Дәнекерлеу цехын жаңғырту жұмыстары кезінде цехта Оңтүстік Кореядан жеткізілген Hyundai Robotics төрт дәнекерлеу роботы, 14 сервопистолет, 111 дәнекерлеу пистолеті орнатылды. Сонымен қатар Hyundai Santa Fe моделін дәнекерлеуге арналған кондукторлары бар автоматты конвейер мен шатыр шығыршығы қондырылды. Бұл ретте роботтарға дәнекерлеу жұмыстарының 30% жүктелді. Себебі олар қол жеткізу қиын және дәнекерлеу нүктелерінің ең көп орналасқан бөліктерінде жұмыс істей алады.
Роботтандырылған жабдықтар іске қосылғанымен дәнекерлеу цехындағы қызметкерлер саны азайған жоқ. Керісінше желідегі посттардың көбеюі және жаңа технологияларды игерудің арқасында штат 112-ден 150 адамға дейін өсті.
Роботтар кәсіпорынның бояу цехында да орнатылды. Мұнда Yaskawa (Жапония) алты өнеркәсіптік робот пен шанақтарды бояу желісіне жеткізетін автоматты конвейер іске қосылды. Сонымен қатар цех аумағында катафорез желісі, герметик пен мастиканы жағу, корпусты бояу мен жылтыратуға дайындау бойынша өндіріс учаскілері жаңартылды. Ал автокөлік өндірісінің соңғы сатысы – құрастыру цехында SM AGV (Корея Республикасы) өндірушісінен шанақтарды автоматты түрде тасымалдауға арналған төрт робот жұмысын бастады.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. Бояу цехы. Фото: «Астана Моторс»
«Жалпы алғанда, 2025 жылы Hyundai Trans Kazakhstan қызметкерлерінің штаты 1600 адамға дейін өседі. Оның ішінде инженерлік құрам да ұлғаяды. Өз кезегінде бұл модернизацияның және зауыт шығатын өнімдердің ұсақ түйінді өндірісінің көлемі 50% дейін өсуіне байланысты. Ол үшін біз Корея Республикасынан, Жапониядан және ҚХР-дағы серіктестерімізден 11 робот пен басқа да қажетті жабдықтарды сатып алдық. Жабдықтарды орнату мен баптау жұмыстарына Қазақстанның мамандары мен Оңтүстік Кореядан арнайы шақырылған инженерлер қатысты. Осылайша мамандар техникалық біліктілігін шыңдауға мүмкіндік алды», - деп хабарлады Hyundai Trans Kazakhstan өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Ербол Қасымқанов.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Hyundai ресми дилерлері 11 705 көлік сатқан. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,2%-ға жоғары. Бұлардың барлығы Hyundai Trans Kazakhstan зауытының өнімі. Осылайша, бренд Қазақстан автөкөлік нарығында бірінші орынды сақтап келеді. Өз кезегінде бұл Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан шыққан отандық көліктер шын мәнінде халықтың таңдауы екенін көрсетеді.
Қазақстанның мақсат-мұраты - Made in KZ автөкөліктері
Қазақстанда қазірдің өзінде автокөліктерге арналған орындықдар мен мультимедиялық жүйелер «Астана Моторс» компаниясының құрамындағы автокомпоненттерді өндіретін технопаркте шығарыла бастады. Технопарк құрылысына 15,5 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды.
«Almaty Autoparts Production» зауытында шығарылған автокөлік орындықтары қазірдің өзінде Hyundai Trans Kazakhstan зауытына жеткізіліп жатыр. «Астана Моторс» компаниясы бұл жобаны оңтүстіккореялық серіктесі Youngsan компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Бірінші кезеңде кәсіпорында полиуританды көбік бұйымдарын (қалып-пішін) өндіру, жақтауды құрастыру, пластикалық элементтерді қаптау және автокөлік орындықтарын басқару жүйелерін тексеру сияқты өндірістік процестер меңгерілді. Зауытта Корея Республикасынан жеткізілген жабдықтар орнатылды. Олардың қатарында Hyundai автокөліктеріне арналған орындықтарды құрастыру желісі мен көбікті полиуретанды (қалып-пішін) бұйымдарын шығару бойынша автоматтандырылған желісі бар. Құрастыру желісіндегі жұмыстар пневматикалық бекіткішпен жарақталған қондырғылар мен орындықтардың барлық электрлік функцияларын тексеруге арналған сынақ өткізу кешенін қолдану арқылы жасалады. Кәсіпорын Hyundai Tucson моделіне арнап орындықтарды шығара бастады. Жақын арада зауыт Hyundai Santa Fe моделіне арналған орындықтарды өндіреді.
2026 жылы зауыт жеткізілетін шикізаттан орындық қаптамасын тігу бойынша локализацияның екінші кезеңіне шығады. Кәсіпорын тігін цехын ашып, оны жабдықтауға және кадрларды оқытуға қосымша 720 миллион теңге инвестиция жұмсауды көздеп отыр.
«Қазірдің өзінде біз автокомпоненттердің төл өндірісі көліктің тұтынушы арналған соңғы бағасына әсер етеді деп айта аламыз. Компоненттерді өндіруде локализация үлесі неғұрлым көп болса, соғұрлым өзіндік құнға әсер етеді. Оған қоса, логистикалық шығындардың азаюы және өз мамандарымыздың еңбегін пайдалану факторы тағы бар. Осының барлығы қазақстандықтар үшін қолжетімді автокөліктер өндірісін құруға мүмкіндік беретін перспектива», - деді Almaty Autoparts Production директоры Асқар Ибрашев.
Болашақта Almaty Autoparts Production өз өнімдерін жаңа Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытына, сондай-ақ басқа да автокөлік өндірушілеріне жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда «Астана Моторс» компаниясы қытайлық серіктестермен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында өндірілетін Changan, GWM (Haval мен Tank) және Chery брендерінің модельдеріне арнап автокомпоненттерді локализациялау бойынша келісім жүргізіп жатыр. Аталған көліктердің өндірісі биыл мамыр айына жоспарланған.