Көктемгі демалысты пайдалы өткізу: алматылық оқушылар Hyundai Trans Kazakhstan зауытында болды
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты мен оның қызметкерлері үшін қонақтардың экскурсиялары дәстүрге айналды: ашылғаннан бері толық емес үш жыл ішінде мұнда мектеп оқушылары, студенттер мен кәсіпкерлер бірнеше рет болды.
24 наурызда Hyundai Trans Kazakhstan қонақтарды қайта қабылдады: үш Алматы мектебінен - Республикалық физика-математика мектебінен, И.В.Панфилов атындағы №54 Қазақстан-Ресей мамандандырылған мектеп-лицейінен, сондай-ақ Жәния Әубәкірова авторлық мектебінен үш экскурсиялық топ. Барлығы бұл күні зауытқа экскурсияға қатысушы 55 адам келді, олардың арасында 7-11 сынып оқушылары, олардың оқытушылары мен ата-аналары болды.
«Біз Hyundai Trans Kazakhstan автозауытына таңғажайып және қызықты экскурсияға бардық. Балалар зауытпен тек экраннан ғана танысып немесе ол туралы әңгіме естіп қана қойған жоқ, олар автокөлік жасаудың күрделі өндірістік процесін өз көздерімен көрді, - деп атап өтті №54 мектеп-лицейдің оқытушысы Марал Салиндина. - Зауыт қызметкерлерінің арасында осындай пайдалы техникалық мамандықтарды игеріп жатқан жастарды көріп қуандым. Болашақта оқушыларым да солардан үлгі алады деп армандаймын».
Экскурсияға қатысушыларға Hyundai брендінің құрылу тарихы және оның Қазақстанда дамуы туралы айтылды. Зауыт бойынша экскурсияға шанақтарды дәнекерлеу және бояу цехтарына, пластикалық бөлшектерді бояу цехына, құрастыру цехына және сынақ полигонына бару кірді. Осылайша, мектеп оқушылары шанақтарды дәнекерлеуден бастап, сынақ жолында дайын Hyundai көліктерін тексерумен аяқталатын өндірістік циклды көрді.
Ал РФММ оқушылары үшін экскурсия алдағы робототехника бойынша халықаралық турнирге дайындық бағдарламасының маңызды элементі болды. РФММ оқытушысы және қазақстандық команданың тәлімгері Айдос Ордабаевтың айтуынша, роботтар жасау және автомобильдерді нөлден бастап жасау өте ұқсас процестер, демек зауытта көргендері оның командасының қатысушыларының білім базасын толықтырады және кеңейтеді.
«Бүгін өте ерекше күн болды - мен сыныптастарыммен бірге Hyundai Trans Kazakhstan зауытында болдым. Біз көптеген жаңа нәрселерді біліп қана қоймай, көргендерімізден үлкен әсер алдық. Менің назарыма автокөліктерді бояу процесі, сондай-ақ ерекше жұмыс атмосферасы ілікті - адамдарды бақылап, айналысып жатқан істері өздеріне ұнайтынын тамашалау қызықты болды», - деп өз әсерімен бөлісті Ж.Әубәкірова авторлық мектебінің оқушысы Венера Джанаева.
Hyundai Trans Kazakhstan-ға экскурсиялар – бұл балалар үшін де, ересектер үшін де жаңа білім мен ой-өрісті кеңейту болып табылатыны сөзсіз. Экскурсиялар ай сайын өткізіледі. Оларға қатысу мүлдем тегін, бірақ экскурсиялық топтардың саны мен олардың қатысушыларының саны шектеулі болуы мүмкін екенін ескеру маңызды. Өтінімдер мектептерден, жоғары оқу орындарынан, басқа оқу орындарынан press-tour@hyundai.kz электрондық мекенжайына қабылданады. Сондай-ақ, міндетті қорғаныс кеудешелері, каскалар мен көзілдіріктер – жарқын селфи үшін керемет аксессуарлар, ал көз жауын алатын өндірістік процестер – әлеуметтік желілер үшін баға жетпес контент!