«Астана Моторс» Қазақстанда жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктерге арналған электр зарядтау станциялары желісін ұйымдастыру құқығын алды

«Астана Моторс» және TELD New Energy Co., Ltd. (ҚХР) «Астана Моторс» Қазақстанда электржабдықтардың ресми дистрибьюторы және жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктерге арналған электр зарядтау станциялары желісінің операторы болып саналатын дистрибьюторлық келісімге қол қойды.

Қол қою рәсімі жақында Бейжіңде «Бір белдеу — бір жол» халықаралық ынтымақтастық бағдарламасының ҚКП ОК бас хатшысы Си Цзиньпин мырзаның «Бір белдеу — бір жол» бағдарламасын жасау жөніндегі бастамасының 10 жылдығын тойлауға арналған, «Жасыл даму» тақырыбындағы III форумы аясында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары кезінде өтті.

Дистрибьюторлық келісімге қол қою кезінде тараптардың мүдделерін TELD New Energy Co., Ltd. бас директорының орынбасары Тян Хуа ханым мен «Астана Моторс» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Ақылбек Анарбаев білдірді.

Тян Хуа ханым атап өткендей, бүгінгі таңда Қытайдағы TELD нарығының үлесі — 33 %, ол 20 мыңнан астам электр зарядтау станциясы мен 450 мың зарядтау терминалы пайдаланылатын 360 қаланы қамтиды.

TELD өнеркәсіптік зарядтау интернеті саласында зор аналитикалық, инженерлік деректерге ие және біз «Астана Моторс» компаниясының Қазақстанда зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ұмтылысын қолдаймыз. TELD өзінің серіктесі - «Астана Моторс» компаниясына сапа стандарттарына сәйкес электр зарядтау станциялары желісіне арналған жоғары технологиялы жабдықтарды жеткізіп, тәжірибесімен бөліседі, сондай-ақ елдер арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға, өзара әрекеттесу салаларын кеңейтуге себептеседі», – дейді TELD бас директорының орынбасары.

2014 жылы құрылған TELD — әлемде электрмобильдерді зарядтауға арналған желілік технологиялар саласындағы стандарттардың негіздеушісі және әзірлеушісі, Қытайдың үздік 100 «жалғыз мүйізді» компаниясы қатарына кіреді. Бүгінгі таңда TELD — орнатылған зарядтау терминалдарының саны, зарядтау тиімділігі, технологиялары мен операциялық жүйесі бойынша зарядтау инфрақұрылымы саласындағы көшбасшы. Компанияның ғылыми-зерттеу тобында 1000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. TELD артықшылықтарының бірі — компания зарядтау станциялары үшін энергия жинау мақсатында электрмобильдердің батареяларын екінші рет пайдалану қағидатын ұстанады, бұл оларды кәдеге жарату мәселесін шешеді.

 Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, электрмобильдерді сатып алу кезінде қоғамдық зарядтау станцияларының болуы шешуші рөл атқарады. Жылдам зарядтау құрылғысына қолжетімділік — жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктер нарығын дамытатын негізгі өлшемшарт.

«Біздің мақсатымыз — экологиялық жағдайды жақсарту үшін электр көлігінің зарядтау инфрақұрылымын дамыту арқылы Қазақстанның жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктерге көшуіне ықпал ету; Қазақстанның автокөлік нарығын TELD стандарттары бойынша жоғары технологиялы өнімдермен және жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз ету ; энергетика мен IT-технологиялар саласында біліктілігін арттыра отырып, қазақстандықтар үшін жұмыс орындарын құру»,деді «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаев.

Қазіргі кезде «Астана Моторс» Satbayev University-мен бірге электрмобильдерге арналған зарядтау инфрақұрылымы нарығының қытайлық көшбасшысы TELD компаниясының тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктерге арналған инфрақұрылымды кәсіби деңгейде ұйымдастыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр.

«Қазақстанның автокөлік одағы» құрамындағы сертификаттау саласындағы сарапшылар зарядтау инфрақұрылымын ұйымдастыру саласында нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру жөніндегі өз ұсыныстарын да әзірлеп жатыр. Бұл ұсыныстар Үкіметтің қарауына енгізіледі.

«Қоршаған ортаны қорғау — әлемдік қоғамдастықтың жаһандық мақсаты. «Қазақстанның автокөлік одағы» тұтынушылар мен бизнестің мүдделеріне өкілдік етеді, сондықтан біздің сарапшыларымыз Қазақстанда NEV автокөліктеріне арналған инфрақұрылымды ұйымдастыру мәселелерін шешуге қатысады. Барлық өңірде электр зарядтау станцияларының дамуына, жеткізілімдердің жөнге салынуына және ресми дилерлік орталықтарда сервис деңгейінің жоғары болуына қарай қазақстандықтар жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктерге белсендірек ауысып отыратынына сенеміз», – дейді «Қазақстанның автокөлік одағының» Автосарапшылар және аудиторлар қауымдастығының өкілі Ербол Сейпилов.

«Астана Моторс» электр зарядтау станцияларының желісі 2024 жылы Алматыда, Астанада және Шымкентте жұмыс істей бастайды деп жоспарланып отыр. Электр зарядтау станцияларының желісін Қазақстан бойынша одан әрі дамыту үшін компания ШОБ тартуды жоспарлауда

«Астана Моторс» электржабдықтардың ресми дистрибьюторы және электр зарядтау станциялары желісінің операторы ретінде осы бағытта дамуға мүдделі отандық кәсіпкерлермен ынтымақтасуға дайын. Біз TELD озық технологияларымен және бизнестегі өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деп атап өтті «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаев.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2029 жылға қарай республиканың ірі қалаларында электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды құру жөніндегі жол картасын бекітті. Жобаның жоспарында инфрақұрылымды жобалауға және орналастыруға, электрмобильдерді зарядтауға арналған қазақстандық жабдықтарды өндіруге, сондай-ақ электрмобильдерге арналған зарядтау станцияларына деген қажеттілік пен оларды орнату орындарын анықтауға қатысты нормативтік және техникалық талаптар көзделген.