HYUNDAI TRANS KAZAKHSTAN ЖӘНЕ HYUNDAI TRANS ALMATY ЗАУЫТТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНЕ «ҚҰРМЕТТІ МАШИНА ЖАСАУШЫ» АТАҒЫ БЕРІЛДІ

23 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан машина жасаушыларының Х форумы өтті. Республикамыздың басты салалық іс-шарасында отандық машина жасау саласы республиканың тұрақты экономикалық дамуына едәуір үлес қосып отырғаны және индустриялдандыру жылдары ішінде машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 6 есе ұлғайып, 2021 жылы 2,3 трлн теңгені құрағаны, ал соңғы 3 жыл ішінде бұл көрсеткіш орта есеппен 20% құрағаны атап өтілді. Үкімет пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қатысушыларға отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған саясат әрі қарай жалғасатынын мәлімдеді.

Машина жасаушылар инфрақұрылымдық қолдау шараларынан басқа, ИИДМ-нан алғыс алды: салтанатты жағдайда саланың үздік қызметкерлеріне ерекшелік белгілері табысталды. Осылайша, «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісіне Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty қызметкерлері ие болды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Құрметті машина жасаушы» деп Hyundai Trans Almaty өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Қайрат Ережеповты және Hyundai Trans Kazakhstan сырлау цехының басшысы Александр Байерді таныды.

Өндірушілер Министрлік тарапынан көрсетілген құрметті жоғары бағалады.

«Мұндай сәтте бойыңды өзің үшін емес, саламыздың дамып жатқаны үшін, әріптестерімнің және Қазақстанның басқа кәсіпорындарындағы машина жасаушылардың жетістіктері үшін, ісіміздің мойындалып, текке кетпегені үшін мақтаныш кернейді. Осындай кезде жігерленіп кетесің!» – деді Қайрат Ережепов.

Александр Байер де салтанатты жиыннан алған әсерін бөлісті:
«Еңбек еткен кезде марапат туралы ойланбайсың! Ал мемлекет деңгейінде ісіңнің мойындалуы және әріптестеріңнің шын жүректен жасаған құттықтаулары – қатты шабыттандырады. Енді мәртебем де өзгерді, мен дипломы бар машина жасаушы дәрежеме қоса, құрметті машина жасаушы атағына ие болдым!».

Hyundai Trans Almaty және Hyundai Trans Kazakhstan зауыттары – «Астана Моторс» компаниясының өндіріс кәсіпорындары.

Hyundai Trans Almaty 2011 жылы ашылған және Hyundai, Golden Dragon, МАЗ және Foton маркалы арнаулы коммерциялық техниканы шығарады. Дәл сол жылы Қайрат Ережепов зауытта еңбек ете бастады. Айтпақшы, оның салалық мансабы 2003 жылы «Астана Моторс» компаниясында басталған.

Александр Байердің машина жасау саласында университетті тамамдағаннан бастап істеп келе жатқанына 14 жыл болды. Александр Hyundai жеңіл көліктерін шығаратын Hyundai Trans Kazakhstan зауыты ресми түрде іске қосылғанға дейін, 2020 жылдың ақпан айынан істей бастады, ол кәсіпорынның өндіріс циклдерін жасауға тікелей қатысты.