ОРТАҚ ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

"Астана Моторс" Алматыда алғашқы Жастар үйін ашты. Мұнда SOS Қазақстан Балалар ауылдарының түлектері тұратын болады. Бұл жобаға компанияның көптеген қызметкерлері белсенді түрде атсалысты.

SOS Балалар ауылдары біздің елімізде 25 жыл бұрын пайда болды. Мұнда ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар тәрбиеленеді, алайда балалар үйінен ерекшелігі, SOS-модель барынша отбасылық ортаға жақындатылған. Бұл жерде балалардың қамқор аналары бар, ағалы-қарындас балалар қарапайым отбасындағы секілді бір үйде өседі.
Astana Group Президенті Нұрлан Смағұлов "SOS Қазақстан Балалар ауылдары" қорының Қамқоршылар кеңесіне кіреді және ол 16 жастарында SOS ауылдардан шығарылатын жасөспірімдер үшін Жастар үйін құруға бастамашылық қылды.

Маусым айында Алматыда алғашқы Жастар үйі ашылды – бұл жалдау төлемін, абаттандыруды және күтімді «Астана Моторс» ҚМК демеушілік еткен екі пәтер (ұлдарға және қыздарға жеке-жеке). 2019 жылы компания пәтерлерді ұстауға және тәулік бойы балалармен бірге тұратын тәлімгер-педагогтардың жалақысына шамамен 38 500 000 теңге бөледі. Компанияның көптеген қызметкерлері де өздерінің жеке үлестерін қосты. Сонымен қатар, Жастар үйінің балалары Astana Group құрамына кіретін компанияларда ақылы тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады.  
Сондай-ақ Нұрлан Смағұлов қорға екі Hyundai Accent автомобилінің кілттерін табыстады. Олар Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы SOS Балалар ауылдарының мұқтаждықтарына қолданылатын болады.

Нұрлан Смағұлов: «Мен үшін компаниямыздың қызметкерлері сырт қалмай, Жастар үйін ашу кезінде қол ұштарын созғаны аса маңызды. Қызметкерлер жинаған ақшаға түрлі тұрмыстық және ас үй бұйымдары, төсек-орын жабдықтары, көрпелер, жастық және жалпы тұрмыста керек заттар сатып алынды. Бұл мен өз әріптестеріме дұрыс үлгі көрсете білдім деген сөз және осындай бастамаларға бей-жай қарамайтын адамдармен бірге жұмыс істейтінімді мақтан етемін».   


Кез келген адам көмек көрсете алады

  • «SOS Қазақстан Балалар ауылдары» қорына тұрақты түрде жанашырлық жәрдемді www.sos-kazakhstan.kz сайтында ресімдеуге немесе кез келген Qiwi төлем жүйесі енгізілген терминалда жүзеге асыруға болады.
  • Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының көптеген сауда орталықтарында қайырымдылық жәрдемін жинайтын бокстар тұрады. Осындай жәшіктерге ақша тастау – қайырымдылық жасаудың ең қарапайым және қолжетімді мүмкіндігі.