«АСТАНА МОТОРС» ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНИКАЛЫҚ КАДРЛАР ТАПШЫЛЫҒЫ ПРОБЛЕМАСЫН ҚАЛАЙ ШЕШЕДІ?

Цифрландыруға бағытталған жаһандық тренд, технологиялардың қарқынды дамуы және дүниежүзілік қауымдастық соңғы кездері тап болған сын-қатерлер коммерциялық секторда және өнеркәсіпте кәсіби-техникалық кадрлардың тапшылығын шиеленістіріп жіберді.

Korn Ferry атты ұйымдық консалтинг саласындағы жетекші халықаралық компания жүргізген зерттеулердің деректері бойынша 2030 жылға қарай әлемде білікті жұмыс күшінің тапшылығы 85,2 млн адамнан асып түседі, соның ішінде аса қажетті техникалық кәсіптер туралы айтылады. Кәсіпқой мамандардың жеткіліксіздігі – іске асырылмаған пайда. Яғни жаһандық экономика кадрлық дағдарысқа ұшырап, триллиондаған долларды жоғалтады.

Бизнес пен қоғамға төнетін қауіптерді түсіне отырып, әлемнің жетекші компаниялары компания ішіндегі дарындарды басқаруға көңіл бөліп, мүлдем жаңа HR-стратегияны әзірлеп жатыр.

«Адамдар«Астана Моторс» компаниясының негізгі капиталы. Біз брендтің 30 жылға созылған табысты тарихын бірге жаздық. Автокөлік өндірісі дами келе, тәжірибе жүзінде оқыту, біліктілікті арттыру, еңбек ресурстарын түрлендіру, кадрлар резервін қалыптастыру «Астана Моторс» компаниясын одан әрі дамытудың негізгі мәніне айналды. Біз компанияға келген әрбір әлеуетті қызметкердің басқарушы лауазымға дейін «өсе» алуы үшін барлық жағдайды жасадық», – дейді Эльмира Омарова, «Астана Моторс» компаниясының Персоналмен жұмыс істеу департаментінің директоры.

«Астана Моторс» компаниясының құрамына кіретін Hyundai Auto Kazakhstan ресми дистрибьюторы 2004 жылдан бастап, Hyundai дилер орталықтары мен кәсіпорындарының техникалық мамандарының, менеджерлерінің біліктілігін Алматыдағы оқу орталығы негізінде арттырады. Курстарды ТМД елдері мен Еуропадан келген жаттықтырушылар, сондай-ақ Нyundai Motor Company (Оңтүстік Корея) сертификаттаған қазақстандық нұсқаушылар өткізеді. Бүгінгі таңда Hyundai оқу орталығының бағдарламасынан бүкіл ел бойынша 3000-нан астам қызметкер өтті. Қазақстандағы Hyundai зауытының ең мықты мамандары қатарында Hyundai World Skill Olympics халықаралық техникалық мамандар олимпиадасының (Оңтүстік Корея) жүлдегерлері, ТМД елдерінің Hyundai техникалық мамандары олимпиадасының финалистері бар.

Hyundai Motor Company халықаралық сертификатына ие болған қызметкерлердің сарапшылық деңгейі оның иелеріне Қазақстанда ғана емес, шетелде де кез келген Hyundai дилер орталығына немесе кәсіпорнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Кореядан келген 120 инженер Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автокөліктерді өндіру зауытында жабдықты монтаждауға қатысқан. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап, Hyundai Motor Company мамандары автокөліктердің сапасын бағалап келеді. 2022 жылдың наурызында «Астана Моторс» басқармасының құрамына Мун Сангмин кірді, ол бұның алдында Hyundai Motor Company атқарушы директоры қызметін атқарған, Beijing Hyundai зауыттарында инновациялар бағытына жетекшілік еткен, автокөліктер өндірісі жөніндегі инженерлік бөлімді басқарған.

Осылайша, «Астана Моторс» қазақстандықтарға әлемдегі ең ірі автоконцерндердің бірі – Hyundai Motor Company компаниясының машина жасау саласындағы тәжірибесін үйренуге жағдай жасайды.

Бүгінгі таңда Hyundai Trans Kazakhstan зауытының командасы 700-ден астам адамнан, соның ішінде өнеркәсіпте, ғылыми-өндірістік қызметте, автокөліктерге сервистік қызмет көрсету саласында тәжірибелік жұмыс тәжірибесі бар мамандардан тұрады. Техникалық мамандар – өндірістік жабдық инженері, дәнекерлеу жабдығы жөніндегі инженер, катафорезді жағу желісінің операторы, электрик слесарьлар, технолог-инженер, конструктор-инженер.
Автоөнеркәсіптің дамуымен жастардың техникалық кәсіптерге деген қызығушылығы оянып келеді, мысалы, Hyundai Trans Kazakhstan зауытының ұжымында Азаматтық авиация академиясының түлектері жұмыс істейді.

Қызметінің бірінші жылы ішінде Hyundai Trans Kazakhstan зауытының мамандары Hyundai Motor Company стандарттары бойынша 1 300 технологиялық операцияны, соның ішінде Hyundai Accent және Hyundai Tucson модельдерінің ұсақ торапты өндірісін меңгерді.

«Астана Моторс» компаниясының таяудағы стратегиялық мақсаты – 2023 жылдың басына қарай автокөліктерді ұсақ торапты әдіспен өндіру көлемін 30%-ға жеткізу, бұл компоненттер өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

«Машина жасаушы» кәсібіне жаңа буынды тарту үшін «Астана Моторс» мектеп түлектеріне, орта кәсіптік білім беретін мекемелерде және ЖОО-ларда білім алушыларға экскурсиялық турлар өткізеді.

«Әлемнің көптеген елдерінде кәсіби бағдарлау экскурсиялары мен өнеркәсіптік турлар өткізіледі. Енді қазақстандық түлектердің де болашақта өз білімі мен күшін қолдана алатын түрлі кәсіптермен таныса алатыны өте керемет. Жасөспірімдер жігерленіп, ауқымды көлемде жаңа білім алды. Бұл біз, ересектер, балаларымызға бере алатын ең жақсы нәрсе», – деп көңіл аударды Диас Асанов, JOO.kz жобасының мектеп кәсіби бағдарлаушысы.

«Мен Hyundai Trans Kazakhstan зауытына барып, автокөліктер өндірісін, дәнекерлеу, бояу, жылтырату жұмыстарын өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Енді қазақстандық автоөнеркәсіпке үлкен үміт артамын», – деп атап өтті Нұржігіт Ерболұлы, 11-сынып түлегі.

Кәсіпорынға халықаралық мектептердің, Халықаралық бизнес академиясының, Алматы менеджмент университетінің, Есік кәсіптік-техникалық колледжінің және Алматы көп бейінді колледжінің білім алушылары да келді. Студенттер кәсіпорынның жұмысымен танысты, шанақты дәнекерлеу, бояу және Hyundai автокөліктерін құрастыру техникалық процесін зерттеді, зауыт қызметкерлеріне машина жасау саласында табысты мансап құру жолы туралы сұрақтар қойды.

Техникалық колледждер мен Hyundai Trans Kazakhstan зауытының басшылығы болашақ автомеханиктер, автослесарлар үшін кәсіпорында тағылымдамалар өткізу жөнінде келісті.

«Астана Моторс» компаниясы нарықтағы кадрлар тапшылығы мәселесін өз бетімен шешеді және қажетті мамандарды өзінің және шетелдік серіктестердің тәжірибесі негізінде тәрбиелейді.

2021 жылдан бастап, компания қызметкерлері өз біліктілігін «Astana Group академиясы» оқу орталығында арттырады. Мұнда дилер орталықтары мен кәсіпорындар менеджерлерінен тұратын басқарушы кадрларды даярлау және дамыту жұмыстары жүреді.

Айта кететін жайт, «Астана Моторс» компаниясының, соның ішінде дистрибьюцияның, дилер орталықтары мен автокәсіпорындардың қазіргі басшыларының көп бөлігі табысты мәнсабын компания ішінде құрған және олардың арасында оқуды бітіре салып, осында келген қызметкерлер бар.

Тек соңғы жыл ішінде «Көшбасшылық академиясы» бағдарламасының 100 қатысушысы ішіндегі 12 қызметкер «Астана Моторс» тобындағы басқарушы лауазымдарға тағайындалды.          

 forbes.kz