Қазақстанның Даму банкіне 20 жыл
Серіктестерімізді мерейтойымен құттықтаймыз!
Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға зор үлес қосып келеді, кез келген мәселеде ашық, қазақстандық өндірушілерді үнемі қолдап отырады.
Банктің кәсіби мамандардан құралған қызметкерлері түрлі жобаларды жүзеге асырады, мысалы: сұранысты ынталандыру бағдарламалары түріндегі қолдау, экспортты және экспортқа дейінгі қаржыландыру, кәсіпорындар құру және оларды жаңарту.
Нәтижесінде бизнесмендер жаңа кәсіпорындар құрады, өндіріс қуаттылығын арттырып, жұмыс орындарын ашады, қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатады және жекелеген салаларды дамытады.
2019 жылдың 21 сәуірінде біз, Алматы қаласының Индустриалды аймағында болашақ зауыттың - "Астана Моторстың" еншілес кәсіпорны - Hyundai Trans Kazakhstan-ның іргетасын қаладық.
Бір жылдан кейін зауыттың құрастыру цехы жұмысын бастады, ал 2020 жылдың 15 қазанында дәнекерлеу және шанақтарды бояу, пластмасса бөлшектерді бояу, құрастыру қоймалары бар кәсіпорын, сондай-ақ автомобильдердің шағын көлемді өнімдерін шығаруға арналған компоненттер қоймасы толыққанды іске қосылды.
Hyundai Trans Kazakhstan-ды салуға кеткен қаржының жалпы көлемі 28 миллиард теңгеден асады. Оның 30% - "Астана Моторс" компаниясына тиесілі, қалған 70% "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және "Индустриалды Даму Қоры" АҚ-нан алынған несие.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты әлемдік автомобиль өнеркәсібінің заманауи технологияларын қолдана отырып салынған және экологиялық стандарттардың талаптарына сай. Зауыттың жабдықтары Оңтүстік Кореяда шығарылған. Оларды зауытқа Hyundai Motor Company мен Youngsan (Оңтүстік Корея) мамандары орнатты. Сондай-ақ автомобильдердің сапасын Hyundai халықаралық стандарттарына сәйкес корей инженерлері бақылайды.
Бүгінде "Астана Моторс" компаниясы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты шығарған көліктерді Қазақстандағы дилерлік орталықтарға жеткізеді, сондай-ақ Өзбекстан мен Беларуссияға экспорттайды.
Зауыттың ұжымы бірінші жылы 10 адамнан 400 адамға дейін өсті. Бұл техникалық білімге ие, кәсіпорын және автомобиль өндірісінде жұмыс тәжірибесі бар мамандар, сондай-ақ машина жасау саласында түрлі мамандықтарды игеріп жатқан жас буын өкілдері. Қызметкерлердің Қазақстанда және шетелде біліктіліктерін арттыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Зауыт толықтай іске қосылғаннан кейін жұмыс орындарының саны шамамен 700 адамды құрайды.
Астана Моторс жеңіл автомобильдер өндірісін дамытудың келесі кезеңінде қаражатты автокөлік компоненттерін шығаратын зауыттың құрылысына салмақ. Уақыт өте келе жаңа зауыттың айналасында шағын және орта бизнес кластері қалыптасады, бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына және жұмыс орындарының ашылуына серпін береді.
Hyundai Trans Kazakhstan жобасы "Астана Моторс" компаниясының сенімді серіктестерінің арқасында жүзеге асты. Олардың арасында "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ (ҚДБ) бар.
Сондай-ақ, Қазақстанның Даму Банкі жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасының операторы, соның арқасында отандастарымыз Қазақстанда жасалған автомобильдерді жылдық үстемесі 4 пайызбен сатып алады.
Біз Қазақстанның Даму Банкінің басшылығына және қызметкерлеріне ынтымақтастық үшін алғыс айтамыз! Ел экономикасының дамуына қызмет ететін жаңа жаһандық жобаларды жүзеге асырып, өркендей беріңіздер!