Hyundai Motor Company басшысы Нұрлан Смағұловпен Алматыда кездесті

Hyundai Motor Company президенті Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында болып, кәсіпорындағы қазақстандық қамтуды өсіру мен орнын нығайта түсуге қолдау білдірді, деп жазады Egemen.kz.

«Астана Моторс» басшысы Нұрлан Смағұлов пен Hyundai Motor Company президенті Джэхун Чанг кездесті.

Дүйсенбі, 19 ақпан күні Қазақстанға Hyundai Motor Company президенті әрі Жаһандық бас директоры Джэхун Чанг (Jaehoon Chang) бастаған кореялық автомобиль өнеркәсібі көшбасшыларының делегациясы келді. Hyundai басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.

Делегация құрамында жаһандық нарық жөніндегі операциялар бөлімінің басшысы Ли Ёнхо, Қытайдағы бизнес бөлімшесінің басшысы О Иккюн, ТМД және Орталық Азия елдерінің басшысы Ли Ук пен бірге Hyundai Motor Company компаниясының әлемдік нарықтағы басқа да өкілдері болды.

Мәртебелі делегацияның бұл сапардағымақсаты – Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan(«Астана Моторс») зауытына барып, оған қоса «Астана Моторс» компаниясының негізін қалағанНұрлан Смағұловпен бірге зауыттың даму келешегін жан-жақты талқылау еді. Кездесудің өзегі –  автокөліктерді құрастыруда шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен шығарылатын автокөліктер санын 100%-ға бірте-бірте жеткізу және автобөлшектерді Қазақстанда шығару үшін жұмыс істеп тұрған зауыт аясын кеңейту болды.

«Hyundai бренді 2023 жылы Қазақстанда тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстандағы жеңіл автокөліктерді өндіру (48 857 бірлік) мен сатуда (46 725 бірлік) бірінші орынға шықты.

Қазір Hyundai-дың Қазақстандағы үлесі жалпы автомобиль нарығының 24%-ын құрайды. Осы орайда, Hyundai Motor Company және Джэхун Чангтің өзі қазақстандық нарық пен еліміздегі автомобиль өнеркәсібінің дамуына ерекше көңіл бөліп отыр.

Біз осы зауытты орнықтыра түсу үшін нақты қадамдарды талқыладық, автокөлік бөлшектерін – орындықтарды, пластикалық бөлшектерді, мультимедиялық жүйелерді шығаратын цехтардың құрылыс алаңдарын араладық», деді Нұрлан Смағұлов.

Өз кезегінде Hyundai Motor Company президенті автомобиль өнеркәсібін дамытудажасалып жатқан игі қадамдарды мақұлдап, Hyundai Trans Kazakhstan зауыты қысқа мерзімде жоғары пайызды локализациямен жергілікті үлесті арттыруға көшуі үшін Astana Motors компаниясына жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Біз Қазақстан мен «Астана Моторс» компаниясының Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін және Hyundai брендін дамыту жөніндегі әрекетін жоғары бағалаймыз. Біз жуырдаАлматыдағы зауыттағы өндірісті кеңейту мен тереңдетуге көмектесу үшін Hyundai Motor Company компаниясының инженерлік тобын Қазақстанға жіберуді көздеп отырмыз», деді Джэхун Чанг.

Жалпы Hyundai Motor Company Қазақстанда орналасқан зауытқа технологиялар беріп, тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Осы арада Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл көліктер зауыты 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, 2023 жылы 48 857 көлік шығарғанын айта кету керек. Зауыт бірте-бірте орнығып, жергілікті қамтуды арттырып келеді.

Кәсіпорынның жалпы аумағы – 38 мың шаршы метрді алып жатыр. Қазіргі таңда өндіріс орындары кеңейтіліп, шағын өндірістің қуаттылығын арттыру мен дәнекерлеу және шанағы боялған жаңа үлгілерді іске қосу үшін өндірістік цехтарды жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал 2024 жылы кәсіпорынның жалпы өндіріс көлемінің дәнекерлеу және сырлауымен ұсақтүйінді өндіріске 25%-ы, 2025 жылы – 50%, ал 2027 жылы 100% көшеді.

Қазіргі таңда зауытта  Hyundai-дың 10 моделі шығарылады – i20, i30, Accent, Elantra, Sonata, Bayon, Tucson, Santa Fe, Palisade, Staria. 2023 жылы зауыт жаңартылған Elantra мен Sonata үлгілерін шығара бастады.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты машина жасау саласында кадрлық резервті қалыптастырып отырғанын да айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда компанияда 1289 адам жұмыс істейді.

Сапар барысында Hyundai Motor Company делегациясы жас инженерлерді, шеберлер мен зауыт жұмысшыларын білім және тәжірибе алмасу үшін Ульсан қаласындағы (Корея Республикасы) зауытқа шақырды.

2023 жылы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Қазақстанның жетекші техникалық оқу орны Satbayev University-мен ынтымақтастық орнатты. Ынтымақтастықтың Жол картасы теориялық,тәжірибелік білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, тәлімгерлік, дуальді оқыту жүйесін енгізуді, «Астана Моторс» базасында машина жасау кафедрасының филиалы мен бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүзеге асыру үшін зерттеу-орталығын құруды көздейді.

Hyundai Motor Company университетпенынтымақтастығын жоғары бағалап отыр. Сондықтан «Астана Моторс» компаниясымен бірге студенттерді оқытып, автомобиль өнеркәсібі үшін кадрларды дайындауда оқу материалдарын, кесілген үлгілерді, бөлшектер мен тораптардың үлгілерін ұсынады.

Сол сияқты автомобиль зауытының жанынан автомобиль бөлшектерін шығаратын кәсіпорындар кешені (технопарк) салынып жатыр.

Алматыдағы технопарк құрылысына салынған инвестицияның көлемі шамамен 12,4 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорындарды іске қосу 2024 жылдың соңына жоспарланған. Автокөлік бөлшектерін шығаратын үш кәсіпорында 400-ден астам маман жұмыс істейді деп жоспарланған.

Hyundai Motor Company президентінің осы іссапары Қазақстанның әлемдік автомобиль өнеркәсібінің маңызды қатысушысына айналып келе жатқанын айғақтайды. Кәсіпорындардың топ-менеджерлеріне зауытты орнықтыра түсуге және жергілікті үлесті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

https://egemen.kz