Lexus Astana қызметкері Александр Мусиенко Кеңестер шыңына шықты
Шыңға шығу шамамен 6 сағат жалғасты.
15 шілде күні 8 адамнан тұратын топ өздеріне азық-түлік, төсек қаптар, керек-жарақтар артып алып, Алматы қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінен өз саяхатын бастады. Асфальт жабыны қара жолға ауысқан кезде, жорық қатысушыларына әсем табиғат көріністері ашылды. Ауа орман иісі мен дыбыстарына, сайраған құстар әніне толды. Команда көл-көсір өскен тау гүлдеріне, жапырақты және қылқанды тоғайларға қайран қалып, таза әрі салқын бұлақ суы қорларын толықтырып, Іле Алатауы тауларының етегіндегі кемпингке жетті.
Топ осы жерде түнеп, күш жинап, таңертең Кеңестер шыңына көтеріле бастады. Шыңға шығу тәжірибелі альпинистермен бірге тексерілген бағдармен өтті.
4220 метр биіктікте команда қатты жел мен бұршаққа тап болды.
«Шыңға дейін 200 метрдей жер қалған. Жел күшейіп, тездетуіміз керек екенін түсіндік. Сәл кідірсек, бұл алға қойған міндетті орындамау себебі болар еді», — дейді Александр Мусиенко.
Жағымсыз ауа райы жағдайлары кедергі болмады, керісінше, шыңға шығушыларға бағдардың ең биік нүктесіне жету үшін зейін мен күш-қуат берді.
Сол арада бұлттар айығып, саяхатшыларды Абай, Нұрсұлтан, Талғар шыңдары мен Үлкен Алматы көлінің тамаша көріністері тамсандырды.
Бұл Александр Мусиенконың тұңғыш рет шыңға шығуы емес. Соңғы жылдар ішінде ол Ақмола облысының ең биік нүктесі — Көкшеге (947 м.), Үлкен Алматы шыңына (3680 м.), Турист шыңына (3955 м.) көтерілген.
«Шыңға шығу маған тән мен рух тұрғысынан күш береді, жағымды эмоциялар сыйлайды, көңілді күнделікті қарбаластықтан бұрып әкетеді. Тау туризмі сабырлылық, өз күшіңді бөлу, айналадағы жайтты үнемі талдау сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Мақсат шың емес, мақсат шығу процесі екенін түсіну маңызды, — деп ойымен бөлісті Александр, — Бірақ ең бастысы: таулар ең қиын сұрақтарыма жауап береді. Бұл таңғалдырады!»
Кеңестер шыңына шығудың шарықтау шегі қазақстандық альпинистер Анатолий Букреев пен Валерий Безбородовтың ескерткіш тақтасы жанындағы фотосуреттер болды.
Демекші, «Астана Моторс» президенті Нұрлан Смағұловтың бастамасы мен Нұрлан Далбайдың дарынының арқасында «Медеу» биік таулы мұз айдынындағы шапшаң конькишілер барельефі жанында Анатолий Букреевтің мүсіні пайда болды. 2023 жылғы қаңтарда өткен ескерткіштің ашылуында ардагер-альпинистер дәстүр енгізді — шыңға сәтті шығып, үйге оралу үшін жорық алдында қола альпинист бәтеңкесіне тию керек.
Анықтама: Кеңестер шыңы — Іле Алатауының Тянь-шань жотасының солтүстік сілеміндегі Үлкен Алматы өзенінің бассейні мен Үлкен Алматы көлінен биік орналасқан тау шыңы. Шыңның биіктігі – 4317 метр. Тұңғыш рет Кеңестер шыңына Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтыныңальпинистері 1938 жылы шықты.