Қазақстанда автокомпоненттерді кім және не үшін локализациялайды?

Әлем автонарығы созылған дағдарыстан шығып, пандемиядан кейін қалыпқа келіп жатыр, бизнес алған сабағынан қорытынды шығарып, жұмысты икемдеп жатыр. Қазақстандық өндірушілер локализациялау бойынша өршіл жоспар құрып жатыр.

Логистика саласы дағдарыс жағдайында жаһандануға ең осалы болып шықты.  Пандемия мен халықаралық саяси алаңдағы ахуал белгілі бір автокомпоненттердің тапшылығына әсер етті. Мысалы, Автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның сөзінше, автокөлік сымдары Украинадан жеткізіліп отырған, ал бүкіл әлем бойынша автокөлік шанағының панельдеріне арналған кейбір металл түрлері мен бекітпелері Ресей Федерациясы аумағындағы зауыттардан жеткізілген. Логистикалық дағдарыс салдарынан автокөлік өндірісіне арналған құрамдас бөлшектерді жеткізу мерзімдері созылып, контейнерлер мен логистика құны өскен.

«Нарықтың әлемдік және қазақстандық ойыншылары жаңаша жұмыс істеу жағдайларына бейімделіп, бизнес-модельдерін қайта қарап, логистиканы басқаша ыңғайлап жатыр. Соңғы жылдары Қазақстандағы автокөлік саласы тұрақты оң динамиканы көрсетіп келеді. Бұл еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі сатылым көрсеткіштеріне де, өндіріс алаңдарындағы шығарылатын техника санына да қатысты. Былтыр 124 мың жаңа автокөлік сатылған, жаңа автокөліктердің өндірісі 100 мың бірліктен асқан, осылайша, 2022 жылы еліміздегі өндіріс көлемі жалпы алғанда бір ширекке өскен», – деді Артур Мискарян.

Сонымен бірге ол 2017-2021 жылдар аралығында Қазақстан нарығындағы автокөліктер сатылымының жыл сайынғы өсімі 20-25 % құрағанын да айтып өтті. Отандық өндірушілер Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің танымалдығы артқанын ескере отырып, әлемнің әртүрлі елдерінен автокөліктердің құрамдас бөлшектерін жеткізу көлемін ұлғайту мәселелерін шешіп, жаңа логистикалық бағдарларды құрып, Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін ұйымдастырып жатыр. Дәлірек айтқанда, бірнеше күн бұрын «Астана Моторс» компаниясы Алматыда корейлік брендтердің компоненттерін локализациялап жатқаны және Youngsan Glonet Corp. Ltd.  компаниясымен Youngsan технологиясы бойынша автокөлік орындықтарын шығару құқығын беру, сондай-ақ Motrex Co Ltd. компаниясынан Motrex технологиясы бойынша мультимедиа құрылғыларын өндіру құқығын алу туралы келісімге қол қойғаны белгілі болды.

Құжатқа қол қою рәсімі Қазақстан Үкіметінің делегациясы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен Корей еліне барған ресми сапары кезінде өтті.

Келісімшартқа отыру рәсімінде Motrex Co Ltd. Төрағасы Ли Хёнг Хван мырза Қазақстан Үкіметіне және «Астана Моторс» компаниясына ынтымақтастыққа мүдделі болғаны үшін алғысын білдіріп, қазақстандық автокөлік индустриясы қарыштап дамып келе жатқанын және Motrex Co Ltd. Қазақстанда мультимедиа өндірісі бойынша бірлескен жұмыстың болашағына зор үміт артатынын атап өтті.

«Біз Hyundai Trans Kazakhstan зауытында және кейін Қазақстанның басқа да кәсіпорындарында бірінші кезекте ұсақ тораптық өндіру әдісімен Motrex мультимедиа жүйелерін шығаруға арналған құрамдас бөлшектерді жеткізуге өте қуаныштымыз», – деп атап өтті Ли Хёнг Хван мырза.

Youngsan Glonet Corp. Ltd. Төрағасы Парк Йонг Бум мырза, өз кезегінде, автокөлік орындықтарын өндіру Hyundai Trans Kazakhstan зауытының және жалпы Қазақстан автокөлік өнеркәсібінің даму жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.

 «Бүгін біз «Астана Моторс» компаниясымен келісімшартқа отырдық және Қазақстанда автокөлік компоненттерін өндіру жобасын іске асыру үшін зор күш салуды жалғастыра береміз», – деді Парк Йонг Бум мырза.

Қазіргі уақытта «Астана Моторс» шетелде автокомпоненттер өндіру тәжірибесі бар серіктестерімен бірлесіп, Алматының Индустриалдық аймағының 10 гектардан астам ауданында Hyundai автокөліктеріне арналған автокөлік орындықтарын, полиуретан кілемшелерін, қанат қорғаныштарын, кірқалқандар және мультимедиа жүйелерін өндіретін үш зауыт салуды жобалау кезеңінде тұрғанын еске сала кетейік. Жаңа кәсіпорындар кешені жұмыс істеп тұрған Hyundai Trans Kazakhstan зауытының маңында орналасады. Өндірістік жайлардың ауданы 7,7 мың ш.метрді құрайды. Кәсіпорындар 2024 жылдың басында іске қосылады деп жоспарланған. Автокомпоненттерді өндіретін үш кәсіпорында шамамен 90 маман жұмыс істейтін болады.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жәрдемдесуінің арқасында бүгінгі таңда еліміз локализациялау тұрғысынан белсенді ілгерілеп келеді. Біз өз тарапымыздан Алматы Индустриалдық аймағында ШОБ-тың, автоөнеркәсіптің дамуына және машина жасау саласындағы білікті кадрлар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін технопарк жасаймыз. Автокомпоненттер өндірісін игеру арқылы біз локализацияны тереңдетіп, кластерлі экономиканы дамытамыз», – деді «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаев.

«Автокомпоненттерді өндіру қуатын жасау – әлемнің кез келген елінде болатын автокөлік саласының қисынды «есею» кезеңі, ол нарық көлеміне тікелей байланысты. Қазіргі таңда шығарылған жеңіл автокөліктер саны 100 мың данадан асып кеткен кезде пайда болатын жаңа өндіріс түрлері әлем нарығындағы барлық қиындықтарға қарамастан, қазақстандық автоөнеркәсіп саланың барлық заңы бойынша дамып келе жатқанын көрсетеді. Автокомпоненттерді локализациялау, бір жағынан алып қарағанда, белгілі бір инвестициялық әлеуетті және жүйелі түрдегі тұрақтылықты талап ететіні түсінікті. Екінші жағынан – бұл процесс әрдайым жаңа, білікті жұмыс орындарын жасауға алып келеді, салық аударымдары өседі және тұтынушылар үшін ең маңыздысы – бағаны тұрақтандыру», – деп қорытты өз сөзін Автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян.

Алматы қаласындағы автокомпоненттердің өндіріс кешенінің құрылысына тартылатын жалпы инвестиция сомасы 6,8 млрд теңгені құрайды, соның ішінде шамамен 0,9 млрд теңге мультимедиа өндірісін ұйымдастыруға жұмсалады, 4,3 млрд теңгеге жуығы автокөлік орындықтарын өндіру зауытына және шамамен 1,6 млрд теңге кілемшелер, қанат қорғаныштары, кірқалқандар өндіретін кәсіпорынға жұмсалады деп көзделіп отыр.

inbusiness.kz