Astana Group компаниясы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 50 млн теңге бөлді

2020 жылдың мамыр айында Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылды. Үлкен судың зардаптары Қазақстан территориясына да жетті: Түркістан облысының Мақтаарал ауданының бірнеше ауылдарын су алып, 1000 отбасы баспанасыз қалды.

Жалпы Мақтаарал ауданында 1030 үй, үш мектеп, бес балабақша, төрт медициналық объект пен Мәдениет үйі зақымдалды. 14 елді мекеннен 31 мың адам эвакуацияланды. Қазақстан билігі осы жағдайға байланысты техногендік сипаттағы ТЖ жариялады.

Қазір ауданда құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жеткізілуде. Astana Group компаниясы зардап шеккен отбасылар үшін 50 млн теңге қаражат бөлді, бұл қаражатқа баспанасынан айырылған отбасылардың жаңа үйлеріне жиһаздар сатып алынады деп жоспарлануда.

- Отандастарымыз қиын жағдайда қалғанда біз бей-жай қарап қала алмаймыз, сондықтан ТЖ штабымен байланысып, зардап шеккендердің қажеттіліктері туралы ақпарат алдық. Біз 50 млн. теңге көлемінде көмек көрсететін боламыз. Бұл қаражат соғылып жатқан жаңа үйлерге жиһаз алуға бағытталатын болады," -деді Astana Group компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов.

Astana Group компаниясы жүйелі түрде қиын жағдайға тап болған отандастарымызға көмек қолын созып келеді. 2017 жылдың көктем мезгілінде Солтүстік-Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтті. 2019 жылдың жаз мезгілінде Түркістан облысы, Арыс қаласындағы жарылыстар зардабын жою жұмыстарына қаржылай және гуманитарлық көмек жөнелтті.