Қытайлық GWM авто алпауыты Astana Motors зауытында пикаптар өндірісін локализациялайды

Меморандумға қол қою рәсімі. Фото: Astana Motors
2025 жылғы 13 маусымда Алматыда қытайлық Great Wall Motor (GWM) автоконцерні, Haval Motor Kazakhstan дистрибуциясы мен Astana Motors құрамындағы коммерциялық, арнайы және жолаушылар техникасын шығаратын зауыт арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат аясында Алматыдағы зауытта GWM пикаптарының өндірісін локализациялау көзделген.
Ресми қол қою рәсіміне GWM компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша бас директоры Кэрол Тян, Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев, коммерциялық техника зауытының директоры Әділбек Гаев және Haval Motor Kazakhstan дистрибуциясының басшысы Эдуард Кузнецов қатысты.
Іс-шара жоғары деңгейдегі «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті қарсаңында өтті. Аталған келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы машина жасау саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған. Тараптардың пікірінше бұл қадам Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы индустриялық хаб ретіндегі рөлін нығайтады және отандық автокөлік өнеркәсібінің жүйелі дамуының тағы бір маңызды кезеңі болады.

GWM POER пикабы. Фото: «Астана Моторс»
«Біз өз зауытымызда автобустар, жүк көліктері, басқа да коммерциялық және арнайы техникаларды шығарамыз. Енді шығарылатын техникалар қатары пикаптармен толыға түседі. Жақында біз модернизацияны аяқтап, өндірістік алаңдарды үш есе ұлғайтуға, оның қуаты мен мүмкіндігін арттыруға жол аштық. Бізде барлық технологиялық процестер реттелген және халықаралық сапа стандарттары сақталған. Біз бірқатар әлемдік брендтермен табысты ынтымақтастық орнаттық. Өз кезегінде тағы бір халықаралық серіктестің пайда болуы біздің автокөлік өнеркәсібі нарығындағы мықты ойыншы ретіндегі мәртебемізді дәлелдей түседі. Біздің команда жаңа тапсырманы сәтті орындайтынына сенімдімін», - деді зауытының директоры Әділбек Гаев.
Меморандум аясында Hyundai Trans Almaty зауытында GWM Wingle 7 және GWM POER пикаптарын шығару жолға қойылады. Өндірісті іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған. Болашақта модельдер қатары толықтылып отырады.
Great Wall Motor алпауыт автоконцерні — қытайлық пикаптардың ізашары және Қытай Халық Республикасындағы сөзсіз көшбасшы. Ол 27 жыл қатарынан пикаптар саудасында көш бастап келеді. Оның ішкі нарықтағы үлесі шамамен 50% құрайды. Бұл Қытайда сатылатын әрбір екінші пикап GWM моделінен екенін білдіреді.
«GWM пикаптары сенімді жүріс, озық технология, жайлы әрі заманауи дизайнның арқасында Қытайда және халықаралық нарықта танымал болды. Біздің компания жаңа технологияларға инвестиция құю арқылы сапаны арттырумен үнемі жұмыстанып келеді. Қазақстандықтар аталған көлікке оң баға берді. Өндірісті локализациялау есебінен біздің танымал модельдеріміз бұрынғыдан да қолжетімді болатынына қуаныштымын. Болашақта Қазақстан пикаптары Орталық Азия елдеріне және басқа да шетелдік нарықтарға экспортталуы мүмкін», – деді GWM Азия-Тынық мұхиты аймағының Бас директоры Кэрол Тян.

GWM POER пикабының ішкі көрінісі. Фото: Astana Motors
GWM брендін Қазақстанда ресми түрде Astana Motors құрамындағы Haval Motor Kazakhstan компаниясы ұсынады. 2025 жылдың сәуір айында халықаралық дистрибьюторлар конференциясында Great Wall Motor бірден төрт мәртебелі марапатқа ие болды. Компания жалпы сатылым, флагмандық модельді сату және өсу динамикасы бойынша көшбасшы, сонымен бірге ең тиімді дилерлік желі деп танылды. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 45 дилерлік орталық ашылған. Онда HAVAL кроссоверлері, TANK жол талғамайтын көліктері және GWM пикаптары ұсынылған. Бұл ретте қазақстандықтар үшін пикаптың үш түрі, атап айтқанда GWM Wingle 7, GWM POER KINGKONG және жаңартылған GWM POER модельдері қолжетімді болады. Дистрибуция ақпаратына сүйенсек, аталған көліктерді негізінен кез-келген жолда оның қолайлығы, қуаты мен сенімдігін бағалайтын жандар қалайды.
Сонымен қатар Қазақстанда GWM пикаптарынан бөлек, жоспар бойынша Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытында Haval Jolion және Tank 300 автокөліктерін шығару жолға қойылады.
Дереккөз: forbes.kz