Бір айдан кейін Hyundai автокөліктеріне кезек болмайды
Автокөлік нарығы әлі де жіті назарда. 2023 жылы автокөлік өндірушілер пандемияның кезінде басталған дағдарыстан біртіндеп шығып келе жатқаны туралы айтып отыр. 2022 жыл турбуленттік жыл болды – геосаяси шиеленіс логистикалық тізбектердің бұзылуына әкеп соқты. Нәтижесінде автокөлік өндірушілерге де, импорттаушыларға да жеткізудің жаңа жолдарын іздеуге тура келді. Дәл сол кезде жеңілдікті автокредиттеу бағдарламасы бойынша автокөлік сатып алғысы келетіндердің, сондай-ақ автокөлікті көрші мемлекеттерге алып-сатумен айналысуға шешім қабылдаған кәсіпкер азаматтардың ағынынан дилерлік орталықтар жарыла жаздады. Hyundai төңірегінде де күрделі жағдай қалыптасуда – БАҚ-та әртүрлі қауесеттер жиі пайда болып жүр, олардың кезекті өрбуі қазақстандық дистрибуциядағы басшылық ауысқаннан кейін пайда болды. Көлік нарығындағы және компанияның ішіндегі жағдай туралы Hyundai Auto Kazakhstan директоры Марат Смағұлов әңгімелеп берді.
– Былтырғы жыл бойына қазақстандықтар Қазақстандағы автокөлік тапшылығына шағымданды. Биылғы жағдай қандай?
– Шынында да, 2022 жыл Қазақстанда автокөліктерге сұраныстың артуымен ерекшеленді. Барлық қиындықтарға қарамастан, біз Hyundai Trans Kazakhstan зауытында өнімділікті 43 %-ға арттыра алдық, 37 205 автокөлік шығардық. Олардың 82 %-ы қазақстандық нарыққа жіберілсе, қалғаны Өзбекстанға экспортқа шығарылды.
2023 жылы біз өндіріс алаңын кеңейту және жаңа жабдықты орнату арқылы 50 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты біздің алдымызда Оңтүстік Корея, Түркия, Чехия және Қытайдан алатын жиынтықтаушы бөлшектеріміздің жеткізілуі мөлшерін ұлғайту міндеті тұр. Мұның бәрі нарықтағы жаңа автокөліктердің санын арттырып, клиенттеріміздің арасындағы сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Егер 2022 жылы клиенттер автокөлік сатып алу үшін айлап күтуге мәжбүр болса, енді танымал модельдердің көпшілігі қазірдің өзінде ең жиі сатылатын жинақтамада дилерлік автоорталықтарда тұр – бұлар Elantra, Sonata, Accent, i30 және былтырғы жаңа Bayon қалалық субкомпактілі кроссовері. 1-2 айдан кейін Tuscon және Santa Fe кроссоверлері де кезексіз қолжетімді болады.
Palisade флагманын және Staria минивэнін күту уақыты 3-4 айға дейін азайтылады, үздік жинақтамадағы осындай модельдерді сәл ұзағырақ күту керек болады. Бұлар – біздің модельдер желісіндегі құны 28 млн теңгеден басталатын ең қымбат автокөліктер.
Hyundai Trans Kazakhstan
– Жеңілдікті автокредиттеудің аясына кіретін автокөліктер қолда бар ма?
– Бізде Өнеркәсіпті дамыту қорының жеңілдікті автокредиттеу талаптарының аясына құны 15 млн теңгеге дейінгі жинақтамадағы автокөліктер кіреді. Қазіргі таңда бұл Hyundai Accent, Bayon, Elantra, i30 және кейбір Sonata, Tucson жинақтамалары. Ақпан айында біз бағдарламаның аясында банктердің кепілдік хаттары бойынша барлық міндеттемелерді орындадық.
– «Астана Моторс» компаниясының Ресейдің Hyundai зауытын сатып алғалы жүргені туралы ақпарат әртүрлі БАҚ-та жиі айтылып жүр. Сондай-ақ оны компанияңыздың басшылығының ауысуымен байланыстырады. Шын мәнінде не болып жатыр?
– «Астана Моторс» компаниясының РФ-тағы зауытқа кіру жоспары жоқ. Біз Қазақстандағы автоөндірісті дамытып жатырмыз, біздің алдымызда ұсақ тораптық әдіспен (дәнекерлеу және бояу) өндірілетін модельдердің санын ұлғайту және жергілікті өндірісті нығайту міндеті тұр. Сонымен қатар ағымдағы жылы компания Алматының Индустриялық аймағында Hyundai үшін көлік компоненттерін – автокөлік орындықтары, полиуретанды кілемшелер, қанатшалар, шашыратқыштар мен мультимедиялық жүйелер шығаратын зауыт салуға кіріседі.
Әйтсе де біз Санкт-Петербургтегі «Хендэ Мотор Мануфактуринг Рус» компаниясында орын алған жағдайға алаңдаушылық білдіреміз, өйткені зауыт штампталған шанақ панельдерінің және Hyundai Accent және Creta автокөліктері үшін бірқатар жиынтықтаушы бөлшектердің жеткізушісі болатын. Қазір біз осы модельдерге компоненттердің Үндістаннан жеткізілуін жолға қойып жатырмыз. Алайда біз Қазақстанға көлік компоненттерін ресейлік зауыттың жеткізе бергенін қалар едік. Біз бұл жағдай тезірек сәтті шешіледі деп үміттенеміз.
Басшылықтың ауысуына тоқталатын болсақ, ақпан айының аяғында Денис Коломацкий компаниядан кететіні туралы шешім қабылдады. Оның бұл шешіміне компаниядағылар құрметпен қарады. Денис Коломацкий өзі жұмыс істеген жылдары көлік бизнесін, әсіресе Hyundai брендін Қазақстан және Өзбекстан аумағында дамыту жолында көп еңбек сіңірді.
Мен компанияда 2012 жылдан бері жұмыс істеймін және дистрибуция директорының лауазымына тағайындалғанға дейін «Астана Моторс» дилерлік желісін, соның ішінде Hyundai брендін дамытумен айналыстым, брендтің ерекшеліктерін және оның алдында тұрған міндеттерді жақсы білемін.
Марат Смагулов
– 2023 жылы бізді Hyundai бойынша қандай жаңалықтар күтіп тұр?
– Мамыр айында алғаш рет Қазақстанда i20 моделі ұсынылады. Бұл хэтчбек, В сегментінде өзін жақсы жағынан көрсеткен танымал модель. Автокөлік Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығарылатын болады. Құны 8,8 млн теңгеден басталады. Бұл жанармайды үнемдейтін, қозғалтқышының көлемі 1,4 литр болатын, қалаға арналған автокөлік.
Сондай-ақ мамыр айында алғашқы Hyundai IONIQ 5 электркарының сатылымын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл оқиғалар туралы толығырақ ақпаратты қосымша хабарлаймыз.
Сонымен қатар біздің зауытымыз биылғы жылдың үшінші тоқсанында – Elantra моделінің жаңартылған нұсқасын, ал төртінші тоқсанында Sonata моделінің жаңартылған нұсқасын шығара бастайды.
Hyundai IONIQ 5
– Биыл Қазақстандағы Hyundai компаниясының алдында қандай мәселелер тұр?
– Ең алдымен, бұл құрамдас бөлшектерді тұрақты жеткізу мәселесі. Логистикалық тізбектер әлі де оңтайландыру процесін бастан кешіп жатыр. Өткен жылы біз жаңа жолдарды үйлестіріп, жаңа жеткізушілерді таба алдық, биылғы жылы өндірісті ұлғайту бойынша жоспарымызды ескеретін болсақ, бұл жұмыс жалғасатын болады.
2021 жылдан бері микрочиптерді жеткізу мәселесі өзекті болып тұр. Қытайдың жартылай өткізгіштерді өндіретін екі ірі кәсіпорнында орын алған өрт жаһандық автоөнеркәсіп дағдарысына бір себеп болды. 2022 жылы АҚШ Қытайдың жартылай өткізгіштер өнеркәсібіне санкциялар жариялады. Сонымен бірге заманауи автокөліктер одан да технологиялық көліктерге айналуда, ал оларды өндіру үшін соншалықты көп микрочип қажет. Staria және Palisade автокөліктерінің ең қымбат жинақтамаларын жеткізудің кешіктірілуі де осыған байланысты.
Сондай-ақ Hyundai Қазақстандағы дилерлік желісін кеңейтуді жалғастырады. Былтырдан бастап серіктестерді тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Біз өңірлерде бизнестің дамығанын қалаймыз. Өңірлік автодилерлер үшін бұл – біз сияқты сенімді компанияның серіктесі болуға тамаша мүмкіндік.
Бәсекелестіктің өскенін де атап өту керек – біз жаңа автокөлік брендтерінің нарыққа қалай еніп жатқанын, олардың алға қойған мақсаттарын зор ықыласпен бақылаймыз. Біріншіден, бұл Қытайдың агрессивті маркетингпен танымал автокөлік өндірушілері. Сонымен қатар гибридті және электр көліктерінің көпшілікке танымалдығы артып келеді. Trade-in нарығы туралы ұмытпаңыз – «айдалған» автокөліктерді сату қазір жаңа деңгейге шығып келеді.
Мұның барлығы бізге және көлік бизнесі саласында бұрыннан келе жатқандарға өз клиенттерін сақтап қалу және жаңа клиенттерді тарту үшін көбірек күш жұмсауымыз қажеттігін білдіреді. Бұл беріліп жұмыс істеуді және креативтік көзқарасты талап ететін үлкен жұмыс.
Сайып келгенде, бәсекелестіктің артуы сатып алушылар үшін өте қолайлы жағдай туғызады. Бұл бағаның өсуін ұстап тұруға, клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, бізді күрделі әрі қызықты автокөлік жылы күтіп тұр.
Ақпарат: «Курсив»