Астана Моторс Golden Dragon автобустарын шығаратын болады

Наурыздың соңына қарай Қазақстанда Golden Dragon маркалы жолаушылар автобустарын құрастыру жұмысы жолға қойылады.

Жақында "Астана Моторс" ҚМК құрамына кіретін Hyundai Trans Auto автоқұрастыру кәсіпорны мен Golden Dragon Bus Company (Xiamen Golden Dragon Bus Co., LTD) қытайлық автобус өндірушісі арасында дистрибьюторлық келісімге қол қойылды. Сол күннен бастап Hyundai Trans Auto Қазақстан Республикасы аумағында Golden Dragon маркалы автобустарын шығару және сату жөніндегі ресми дистрибьютор болып саналады.

Golden Dragon Bus Company Қытайдағы автобус өндірушілері арасында көшбасшылардың бірі. Компанияның жылдық шығарылым көлемі шағын, орташа және үлкен автобустардың 40 000 бірлігін өндіретін 3 зауыты бар. Golden Dragon автобустары әлемнің 66 елінде пайдаланылады, соның ішінде Филиппин, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Мысыр, Сингапур, Израиль, Таиланд пен Ресей елдері бар.

Бұл автобустардың маңызды бәсекелес артықшылықтарының бірі – Golden Dragon автобустарының барлық үлгілерінде "Монокока" (тұтас салмақ түсетін шанақ) технологиясы және катодты электрофорез әдісі қолданылады. Компания түрлі химиялық құрамы бар резервуарларға автобустың шанағын жүйелі батыру үдерісіне негізделген шанақты өңдеудің осындай күрделі үдерісін қолданып, соның нәтижесінде шанақтың бойына беріктігі жоғары оқшаулағыш үздіксіз үлдір шөгіледі. Сонымен қатар осы технологияның арқасында автобустың салмағы азайып, бұл отын шығыны мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға мүмкіндік береді де, автобустардың таттануға қарсы төзімділігі мен пайдалану мерзімін арттырады.

Моделдік қатар 240 түрлі автобустар және 8,5 м-ден 18 м дейінгі конфигурацияларымен  ұсынылған. Автобустарда қозғалтқышты қуаттаудың үш типі бар: дизелдік, газды және электрлік. Автобустар төмен еденді, яғни қалалық, сондай-ақ туристік және шағын қала маңындағы автобустар ретінде шығарылады. Автобустардың экологиялық тобы, ЕурАзЭҚ техникалық талаптарына сай, Еуро-5 стандартына сәйкес келеді.

Наурыздың соңында қазақстандық зауыт қуатымен автобустарды құрастыру жұмысы жөнге қойылып, ал кейіннен дәнекерлеу және бояу тәрізді күрделі технологиялық операциялар меңгерілетін болады. "Астана Моторс" компаниясы клиенттер және автобус парктерінің таңдауына қарай сервистік қызмет көрсетудің түрлі нұсқаларын ұсынады. Бұл мобильдік қызмет көрсету – компанияның техникалық мамандары жұмыстан тыс уақытта автопарктер аумағында, ал егер автобус рейс кезінде бұзылған жағдайда жолда сервистік қызметтер көрсететін болады. Екіншіден, автобусты сатқан кезде клиент жүрген жолы 100 000 шақырымды құрағанға дейін техникалық қызмет көрсету үшін қажет түпнұсқалық қосалқы бөлшектердің барлық тізімін алу мүмкіндігіне ие болады. Үшіншіден, "Астана Моторс" компаниясының техникалық мамандары автопарктер қызметкерлерін Golden Dragon автобустарын жөндеу мен қызмет көрсетуге үйрететін болады. Сондай-ақ компания Қазақстанда Golden Dragon автобустарының қосалқы бөлшектерінің қоймасын ұйымдастырады.

Ауқымды үлгілер қатары жолаушылар тасымалдау бойынша қызмет көрсететін қазақстандық компаниялардың қажеттілігін қанағаттандыра алады. "Астана Моторс" компаниясы дилерлік желіні дамытуға ниетті және дистрибьютор ретінде дилерлер, сервистік агенттер мен кеңесшілерді тағайындау құқығына ие. Қазақстанда жасалатын Golden Dragon автобустарының құны 31 900 000 тг. басталатын болады. Бұл қазақстандық автонарық үшін бәсекеге қабілетті баға. Golden Dragon автобустары Қазақстанда ұсынылған ұқсас автобустардан анағұрлым арзан. Бағасындағы айырмашылық шамамен  10% құрайды. Автобустарды лизингке, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкінің арнайы бағдарламасы арқылы да сатып алуға болады.

Қазіргі кезде "Астана Моторс" ҚМК Көкшетау және Алматы қалаларына автобустарды жеткізу туралы шарттар жасасып, сондай-ақ Шымкент, Петропавл және Астана қалаларымен келіссөздер жүргізіп отыр.