«АСТАНА МОТОРС» МУЛЬТИБРЕНДТІК ЗАУЫТЫНДА ЖАБДЫҚТАРДЫ МОНТАЖДАУ БАСТАЛАДЫ
Техникалық жабдықтардың алғашқы партиясы алаңға 10 қыркүйекте жеткізілді
Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік автокөлік зауытына жоғары технологиялық жабдықтарды жеткізу саласындағы әлемдік көшбасшы Automotive Engineering Corporation (ҚХР) өкілдері келді.
Қытай компаниясының топ-менеджментінің сапары жабдықтардың алғашқы партиясының «Астаны Моторс» зауытына келіп түсуіне тура келді. Монтаждау жұмыстары Automotive Engineering Corporation инженерлерінің авторлық қадағалауымен жүргізіледі. Қытай компаниясы нарықта 60 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп, осы уақыт аралығында бүкіл әлем бойынша 30 мыңнан астам өндірістік жобаларды іске асырды. Компанияның портфолиясында барлық әлемдік автоөнеркәсіп көшбасшыларымен, соның ішінде BMW, Mercedes-Benz, Volkswagen, Hyundai, Toyota, Jaguar, Land Rover, BYD және тағы басқа компаниялармен бірге жасаған жобалары бар.
Жабдықтарды қабылдауға Automotive Engineering Corporation президенті Цзя Сидзюн, вице-президенті Чен Йон, екі вице-директор Ли Шоуси мен Ван Сяолей және «Астана Моторс» компаниясы тарапынан Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік зауытының директоры Максим Тарасов қатысты.
Automotive Engineering Corporation президенті Цзя Сидзюн бүгін зауытқа ішінде жабдықтар бар 300-дей контейнердің келіп түскенін, ал барлығы дәнекерлеу, бояу және жинау цехтары үшін жабдықтар салынған 1600 контейнер жеткізілетінін айтты.
«Осындай ірі зауытты іске асыру жолында компаниямызды таңдағаны үшін «Астана Моторсқа» алғыс айтқым келеді. Бүгін біз қазақстандық серіктестеріміздің қаншама көп жұмыс жасағанын көріп отырмыз, – деді Цзя Сидзюн. – Біздің Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытына жеткізетін жабдықтарымыз ең технологиялық және ең заманауи жабдықтар болып табылады. Олар мультибрендтік зауытта шығарылатын брендтердің техникалық талаптарына ғана емес, сонымен қатар халықаралық стандарттарға да сәйкес келеді».
Astana Motors Manufacturing Kazakhstan директор Максим Тарасов ынтымақтастық орнатқаны үшін қытайлық серіктестеріне алғыс білдіре отырып, Automotive Engineering Corporation мамандарының зауытты жобалау кезінің өзінде белсенді қатысқанын атап өтті.
«Қазір біз құрастыру цехтары үшін шасси желісі мен шанақтарды бөлудің автоматты қоймасына арналған жабдықтарды қабылдап жатырмыз. Қарашада бізге өндірісте орнатылатын 54 роботты, ал желтоқсанда басқару жүйелерін жеткізеді», – деп атап өтті Максим Тарасов.
«Астана Моторс» мультибрендтік зауытында бүкіл жабдықтарды орнату кезеңінде және іске қосу-реттеу жұмыстары кезеңінде Automotive Engineering Corporation инженерлік-техникалық құрамынан 130 адам және Қазақстаннан шамамен 1 000 маман жұмылдырылады. Монтаждау әртүрлі цехтарда бір уақытта жүргізіледі, олардың әрқайсысында жеке команда жұмыс істейді.
Алматы қаласының Индустриалдық паркіндегі Astana Motors Manufacturing Kazakhstan толық циклді мультибрендтік зауытының құрылысы 2022 жылы қараша айында басталды. Бұл жобаны іске асыру үшін «Астана Моторс» 182 млрд теңге инвестиция салады. Оның ішінде 30%-ы – меншікті қаражат, 70%-ы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ қолдауымен қаржы лизингі және кредиттеу құралдары арқылы жылдық 9% мөлшерлемесімен 15 жылға берілген қайтарылмалы қарыз қаражаты. Қазіргі таңда зауыттың ғимараты құрылыстың соңғы сатысында тұр (90% дайын).
Өндіріс алаңы 209 мың шаршы метрді құрайды. Зауыт екі қабатты ғимаратта орналасқан. Бір қабаттың биіктігі – 10,5 метр. Бірінші қабатта автокомпоненттер қоймасы, құрастыру және бояу цехтары орналасады.
Екінші қабатта шанақтар шығарылатын болады, олар үшін 180 жиынтыққа арналған автоматты бөлу қоймасы жобаланған. Зауытта барлығы 54 робот орнатылады. Astana Motors Manufacturing зауытында ұсақ торапты әдіспен, соның ішінде дәнекерлеу және бояу арқылы 9 автокөлік моделін шығаруға арналған жабдықтар орнатылады. Бояу цехы толығымен автоматтандырылады.
Мультибрендтік зауыттың өндірістік қуаты жылына ұсақ торапты әдіспен шығарылатын 90 000 автокөлікті құрайды. Бұл ретте қазақстандық зауытта өндірілген машиналардың басым бөлігі экспортқа жіберілетін болады. Сонымен «Астана Моторс» шығарылған автокөліктерің жалпы көлемінің 40%-ын отандық нарыққа, 60%-ын ТМД елдеріне экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Құрылыс жұмыстары аяқталатын жоспарлы күн – 2024 жылдың IV тоқсаны. 2025 жылдың I тоқсанында жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасады, содан кейін іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп, автокөліктердің пилоттық өндірісі іске қосылады.
Өндірісті іске қосу аясында әр модельден құралған 60 автокөліктен тұратын сынақ партиясы шығарылады. Әрбір машина дәнекерленген қосылыстардың беріктігі, астарлы қабаты мен бояуының сапасы бойынша мұқият тексеріледі. Бұл сынақтардың мақсаты – өндірістік процестерді толық жолға қою және дайын өнімнің мінсіз сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті түзетулер енгізу. Сапаны бақылау өндірістің барлық кезеңдерінде бренд иелері өкілдерінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылады, бұл шығарылатын автокөліктердің ең жоғарғы стандарттарға толық сәйкес келетініне кепілдік береді.
Өндіріс іске қосылғаннан кейін зауытта 3600 адам жұмысқа орналасады. Қазір қызметкерлерді жұмысқа қабылдап жатырмыз және 2025 жылы қаңтар айында зауытта 1315 адам жұмыс істейді, 2025 жылы мамыр айына дейін 2469 қызметкер жұмыс істейді, ал 2025 жылдың соңына дейін қызметкерлер саны 3600 адамға жетеді.
Қызметкерлер қосымша медициналық сақтандырумен, тегін тамақпен және жұмыс орнына дейін трансфермен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ қызметкерлер үшін біліктілікті үздіксіз арттыру бағдарламасы әзірленді. Бұл салада «Астана Моторс» Қазақстанның техникалық университеттерімен ынтымақтық орнатады, ал зауыттың өзінде оқу сыныптары қарастырылған.
Сонымен қатар зауыт аумағында 1100 орындық асхана, жаттығу залы, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, бокс рингі, татами және кітапхана орналасады. Қызметкерлерге арналған рекреациялық аймақ зауыт алаңының бестен бір бөлігін алып жатыр.
Мультибрендтік зауыт салу – бұл «Астаны Моторс» компаниясының нақты индустрия құру, автокөлік компоненттерін өндіру, өндірістің жергілікті жерде ұйымдастырылуын тереңдету секілді жаһандық мақсатындағы маңызды кезеңдердің бірі. «Астана Моторс» кәсіпорындарында өндірістің жергілікті жерде ұйымдастырылу көлемінің ұлғаюы Қазақстандағы машина жасау саласындағы шағын және орта бизнестің дамуына жана серпін береді.