Астана Моторс «Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші» марапатына ие болды
Қазақстан Үкіметі «Астана Моторс» компаниясын еліміздің ең ірі жұмыс беруші атағымен марапаттады. Марапат Астанадағы Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2022) жаһандық инвестициялар жөніндегі форум аясында компанияның бас директоры Бекнұр Несіпбаевқа табысталды.
«Биыл «Астана Моторс» компаниясына 30 жыл. Осы жылдарда компанияда ондаған мың маман жұмыс істеді. Қазір компанияда 5 мың адам екі зауытта – Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto, Қазақстанның барлық өңіріндегі 13 дистрибуция мен 34 дилерлік орталықта, сондай-ақ іргелес қызмет түрлерімен айналысатын компанияларда қызмет атқарады. Осы жылы біз автокомпоненттер өндіретін зауыттар мен Сhery, Haval және Changan қытайлық автокөліктерін өндіретін мультибрендті зауыттың құрылысын бастаймыз, бұл жалпы алғанда тағы 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашады. Біздің қызметкерлеріміз әлеуметтік пакетпен, жайлы еңбек жағдайларымен, лайықты еңбекақымен, оқу және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігімен қамтамасыз етілген», – деді «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаев.
Айта кетсек, жақында елордада ҚР СІМ Инвестиция комитеті мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырған жаһандық инвестициялар жөніндегі KGIR-2022 қазақстандық дөңгелек үстелі өтті.
Қатысушылардың арасында 500-ден астам жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнес өкілдері, инвесторлар, беделді сарапшылар және пікір көшбасшылары, сондай-ақ салалық министрліктердің басшылары, квазимемлекеттік компаниялар мен отандық бизнес жетекшілері бар.
Әлемдік экономиканы дамыту, жаһандық әрі өңірлік инвесторлар үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен мүмкіндіктері, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңа экономикалық ақиқат жағдайындағы логистика мәселелері талқыланды.
KGIR-2022 аясында «Астана Моторс» компаниясы Алматы әкімдігімен, халықаралық «Нордпласт» және Motrex компанияларымен автокомпоненттер зауытын салу туралы меморандумдарға қол қойды. Жобаға салынатын инвестициялар 15 млн долларды құрайды. Өндірістік жайлардың ауданы – 9 500 ш. метр. Кәсіпорында 175 жұмыс орны ашылады. Өндірістерді іске қосу 2024 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Мәліметті «Астана Моторс» компаниясы ұсынды.