«АСТАНА МОТОРС» «АВТОБИЗНЕС» САНАТЫНДАҒЫ ЕҢ ТАРТЫМДЫ ЖҰМЫС БЕРУШІ ДЕП ТАНЫЛДЫ

ANCOR стаффинг тобы Қазақстандағы ең тартымды жұмыс берушілерді атап көрсетті және еңбек нарығы бойынша талдау нәтижелерін таныстырды

2023 жылғы 31 қазанда The Talentist жұмыс беруші брендін қабылдауға жүргізілген зерттеулердің қорытындылары шығарылды. Оның нәтижелері еңбекке қабілетті халықтың жұмыс таңдауда және жұмысын ауыстырғанда қандай шарттарды басшылыққа алатынын айқындап көрсетті, сондай-ақ еліміздегі ең тартымды жұмыс берушілерді анықтауға көмектесті. Жұмыс берушіні таңдау барысындағы топ-3 фактор ретінде келесілер аталды: жақсы жалақы – 85 %, ұйымның қаржылық тұрақтылығы – 78 % және жұмыспен ұзақ мерзімге қамтылу кепілдіктері – 67 %. Жұмысқа тұруда ең көп сұранысқа ие салалар автобизнес және көлік саласы болып шықты.

Сондай-ақ Қазақстандағы ең тартымды жұмыс берушілер аталды. Бүкіл ел бойынша 3 500 жауап беруші қызметкерлерінің саны жағынан ең ірі 100 компанияға баға берген сауалнама деректері бойынша қорытынды рейтингіге халық арасында танымалдықтың 10 %-дық межесінен аса алған 84 ұйым кірді. Қазақстанның ең тартымды жұмыс берушісі «Теңізшевройл» компаниясы болып шықты.

Сондай-ақ жеке-жеке санаттар бойынша көшбасшылар аталды:

  • Автобизнес – «Астана Моторс»;
  • Өндіру және өңдеу – KAZ Minerals;
  • ОЭК – ТШО;
  • Құрылыс – BI Group;
  • Көлік – Air Astana;
  • Халық тұтынатын тауарлар – «Мегаполис-Қазақстан»;
  • Ақпарат және байланыс – «Транстелеком»;
  • Қаржылық қызметтер – Kaspi.kz;
  • Агроөнеркәсіптік кешен – «Атамекен-Агро»;
  • Бөлшек сауда – «Меломан».

«2023 жылды біз «The Talentist» жұмыс берушінің брендін қабылдауды зерделеу бойынша ауқымды зерттеу жұмысын іске қосумен аяқтаймыз, оның арқасында клиенттерімізді еңбек нарығының дұрыс және көп деңгейлі сараптамасымен қуанта алатын боламыз. Біз адамдардың жұмыспен қамтылуға байланысты әрекет ету моделінің қалай өзгергенін көрдік, жұмыс іздеушілер мен қызметкерлер туралы жұмыс берушілер үшін пайдалы болатын көптеген мәліметтер жинадық. Қазақстандық жұмыс берушілермен құнды ақпаратпен қуана бөлісуді жоспарлап отырмыз. Бұл ақпарат оларға қызметкерлер құрамына жайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға және өз қызметкерлерімен өзара тиімді серіктестік қарым-қатынас құруға көмектеседі. Жұмыс берушінің бренді бойынша жұмыс жүргізу – бұл жаңа нарық жағдайларында табысқа әкелетін жалғыз жеңіліссіз нұсқа!» – деді ANCOR тобының бас директоры Валерия Петрунина.

Зерттеудің негізгі қорытындылары

Жұмыс берушінің бренді – бұл бүгінде компания үшін үміткерлермен де, қазіргі бар командамен де жұмыс істеудегі өте маңызды құрал. Ол дарынды жұмыскерлерді барынша тиімді жұмылдыру және ұстап қалу үшін жұмыс берушінің актуалды имиджі мен стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілді тиімді қолдану үшін ұйымдарға қазіргі еңбек нарығындағы ахуалды түсіну және актуалды трендтерді ескеру маңызды.

Мысалы, жұмысқа қабілетті халық барған сайын өзін-өзі таныту және өз өнімін шығару мүмкіндігі туралы көбірек ойлайтын болды. Алынған деректерге сәйкес сұраққа жауап бергендердің үштен бірінен астамы өз кәсібінің болғанын қалайды, ал әрбір алтыншы сұхбаткер өзін-өзі жұмыспен қамтығысы келеді. Ал жалдамалы жұмысқа келсек, қазір жұмыс іздеушілер қазақстандық жұмыс берушілерден гөрі халықаралық коммерциялық жұмыс беруші компанияларды көбірек таңдайды.

Сондай-ақ адамдардың қажеттіліктерінің материалдық мотивациямен шектелмейтінін түсіну маңызды. Жалақы мен қаржылық тұрақтылықтан өзге олар үшін жағымды жұмыс атмосферасы, компания жасап шығаратын өнімдер мен қызметтердің сапасы, теңдей мүмкіндіктердің ұсынылуы, қызықты жұмыс, жұмыс беруші тарапынан қолдау және тағы басқалар маңызды. Ал компаниялардың бұл тілектерге құлақ асқаны жөн, себебі еңбек нарығында кадрлар тапшылығы барлық салаларда дерлік байқалып отыр және қажетті біліктілігі бар персоналды табу көп жағдайда күрделі мәселеге айналады.

Сауалнамаға жауап берушілердің профилі

ANCOR тобының тапсырысы бойынша өткізілген ауқымды тәуелсіз онлайн-сауалнама осы жылдың шілде айында жүргізілді. Бүкіл ел аумағы бойынша 25-44 жас аралығындағы негізгі жұмыскер топты басты назарға ала отырып, 16-дан 63-ке дейінгі еңбекке қабілетті жастағы 3 500-ден астам сұхбаткерден репрезентативті іріктеме жасалды. Әлеуметтік-демографиялық сипаттамалар бойынша репрезентативті іріктеме бүкіл елдегі еңбекке қабілетті халықты жаңғыртып көрсетеді. Ондағы әйелдердің үлесі – 49 %-ды, ерлердің үлесі 51 %-ды құрады. Жас бойынша топқа бөлгенде: 16–24 жастағы қатысушылар жалпы сұхбаткерлер санының – 16 %-ын, 25–24 жастағылар – 34%-ын, 35–44 жастағылар – 38%-ын, 45–63 жастағылар 12%-ын құрады.

Жұмысбастылық түріне қатысты (сұрақ жасы 18+ сұхбаткерлерге қойылды) қатысушылардың 73 % тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр, 13 % өзін-өзі жұмыспен қамтушылар немесе фрилансерлер болып келеді, 11 % уақытша негізде жұмыс істеуде.

Аумақтық белгісі бойынша топтарға бөлгенде: Алматы – 21 %, Астана – 16 %, Солтүстік Қазақстан – 15 %, Батыс Қазақстан – 13 %, Орталық Қазақстан – 10 %, Шығыс Қазақстан – 10 %, Оңтүстік Қазақстан – 8 %, Шымкент – 7 %.

Зерттеудің сұрақтары мен ерекшеліктері

The Talentist зерттеуінің ерекшелігі жалпы сұрақтардан өзге сұхбаткерлерге нақты компаниялардың жұмыс беруші брендтеріне баға беру ұсынылды. Бұл жалақыларының мөлшері, жеңілдікті опцияларының алуан түрлілігі, жұмыс атмосферасының жайлылығы және т.б. бойынша еңбек нарығында стандарттарды белгілеп отырған ірі ұйымдар. Биыл зерттеу 11 салада жұмыс істейтін, қызметкерлерінің саны 1000-нан басталатын 100 жұмыс беруші брендін қамтыды. Осы орайда қорытынды тізімге халық арасында танымалдықтың 10 %-дық межесінен өте алған 84 ұйым ғана кірді.

Адамдар қандай компанияларда жұмыс істегісі келеді және оларды жалдамалы жұмыс қызықтыра ма?

Сауалнама адамдардың көпшілігінің шағын ұйымдарда жұмыс істеуге үлкен қызығушылық танытатынын көрсетті – «100 адамға дейін» қызметкері бар компания мінсіз компаниядағы адамдар саны туралы жауаптарда ең көп кездесті. Халықаралық корпорациядағы қызмет өте тартымды, әйтсе де ол жалпы жалдамалы жұмыс істеуге қызығушылықтың бәсеңдеуіне сәйкес ең жақсы нұсқа болып есептелмейді. Нәтижесінде ірі жұмыс берушілер ауқымы жағынан кішірек ойыншылармен ғана емес, жұмыспен қамтылудың өзге түрлерімен де бәсекеге төтеп беруі тиіс – сұхбаткерлер көп жағдайда өз кәсібін ашқысы, өзін-өзі жұмыспен қамтушы болып тіркелгісі немесе фрилансер болғысы келетінін айтып бөліскен.

Қалаулы жұмыс орны туралы сұраққа «жеке кәсіп» деп жауап бергендер – 37 %, өзін-өзі жұмыспен қамтушы/фрилансерлік жұмыс қатысушылардың 15 %-ын қызықтырған, халықаралық коммерциялық компанияларға жұмыс істегісі келетіндер – 14 %, нақты бір түрге тоқталмағандар 10 %-ды құрады. Мемлекеттік қызметте істегісі келетіндер – 6 %, отбасылық бизнес туралы ойлайтындар – 5 %. Қалған нұсқалар: мемлекеттік қатысуы бар коммерциялық компаниялар, қазақстандық коммерциялық ұйымдар, стартаптар, коммерциялық емес құрылымдар 5 %-ға жетпейтін дауыс жинады.

Персоналының қалаулы санына қатысты 100 адамға дейінгі командасы бар бизнесті қалайтындар 32 %-ды құрады және бұл ең жиі кездескен жауап болды. Одан әрмен 101–1000 адамдық ұжымдар – 16 %, жалдамалы жұмыста істегісі келмейтіндер – 14 %, 5 000-нан көп адамы бар кәсіпорын – 9 %, 1001-5000 адамы бар кәсіпорын – 7 %.

Сондай-ақ қатысушылар өздерінің қазіргі сәттегі жұмыс берушілерінің санына қатысты сұраққа жауап берді: 69 % – «1-еу», 21 % – «2 және одан көп жұмыс берушім бар», 10 % «жұмыс берушім жоқ/өзіме жұмыс істеймін» деп көрсетті.

Әрмен қарай талдау барысында төмендегідей заңдылықтар айқындалды:

  • ерлерге қарағанда көбірек жағдайда әйелдер жалдамалы жұмысқа тұрғысы келмейді;
  • 24 жасқа дейінгі жастар қызметкерлерінің саны 5000 адамнан жоғары ірі компанияларда жұмыс істегісі келеді, ал 45+ жоғары жастағылар керісінше 100-ге дейін қызметкері бар шағын ұйымдарды қалайды;
  • Солтүстік және Батыс аймақтардың тұрғындары көбіне штатында 100-ге дейін адамы бар шағын бизнесте жұмыс істегісі келетінін көрсеткен, ал Шығыс аймақ тұрғындары 1001-ден 5000-ға дейін адамы бар орташа ұйымдарды қалайды.

Жұмыс берушіні таңдаудың ең маңызды топ-5 критерийі

Өткен жылғы қаңтар оқиғалары және халықаралық саяси және экономикалық жағдайды болжаудың мүмкін еместігі адамдар үшін базалық құндылықтардың маңызды екенін айшықтап көрсетті. Компанияларға өз HR-брендімен жұмыс жүргізген кезде кадрларды тиімді тарту және ұстап отыру үшін осыны есепке алу маңызды. Жұмыс іздеуші нақты бір компанияны таңдауы үшін жақсы жалақы алатынына сенімді болуы тиіс – бұл сауалнама қатысушыларының 85 % үшін ең маңызды параметр, жұмыс берушінің қаржылық тұрақтылығы – 78 %, ұзақ уақыт бойы жұмыспен қамтылу кепілдігі – 67 %. Ары қарай жалғасатын критерийлер: жағымды жұмыс атмосферасы – 63 %, ал компанияның сапалы өнімдері/қызметтері – 60 %. Бұл үміткерлердің қажеттіліктері материалдық факторлармен шектелмейтінін, олар үшін психологиялық жайлылық пен жасалуына өздерінің де қатысы бар өнімнің және қызметтің деңгейінің маңызды екенін білдіреді.

Егер ұйым бағалы қызметкерлерін ұстап қалуға және жалпы кадрлардың жиі ауысуын төмендетуге ниетті болса, тізімдегі аталған топ-5 мәселеден өзге критерийлерді де қаперге алу маңызды. Толық тізімге кіретіндер: теңдей мүмкіндіктер ұсыну – 59,6 %, қызықты жұмыс – 58,6 %, мықты басшылық – 56,2 %, жұмыс пен жеке өмірдің теңгерімі – 55,9 %, мансаптық өсу мүмкіндігі – 54,2 %, жұмыс берушінің жақсы беделі – 53,9 %, заманауи технологиялардың қолданылуы – 48,1 %, оқыту және тренингтер – 39,2 %, жұмыс орнының қолайлы орналасуы – 39,1 %, икемді еңбек жағдайлары – 34,5 %, әлеуметтік жауапкершілік – 23,8 %.