Аньхой провинциясының губернаторы мен Chery басшысы Алматыдағы автокөлік зауытының құрылыс алаңына барды
Chery Automobile Company және «Астана Моторс» Қазақстандағы автокөліктер өндірісін тереңдету туралы меморандумға қол қойды.
Фотода: Ванг Чиньшен, Аньхой провинциясының губернаторы (ҚХР)
Қытай Қазақстанда автоөнеркәсіпті жергіліктендіруді тереңдетуге жәрдемдеседі. Қытай тарапы бұл туралы Аньхой провинциясының губернаторы Ванг Чиньшен мырза және Chery Holding Group автокөлік холдингі басқармасының төрағасы Инь Тонгё мырза бастаған ресми делегацияның сапары барысында мәлімдеді.
Губернатор Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытының құрылысы барысымен жеке танысу үшін Алматыға келді. Аньхой провинциясының басқармасы – Chery Holding Group-тың негізгі акционері, сондықтан бұл жобаға айрықша назар аударылған.
Фотода: «Астана Моторс» CEO Бекнұр Несіпбаев және Chery International президенті Чжан Гуйбин
Сапар барысында Chery Automobile Company және «Астана Моторс» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, ол қосалқы бөлшектерді жергіліктендіру және жеткізу тізбегін ретке қою бөлігіндегі ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуді көздейді.
«Қытай мен Қазақстан — жақсы көршілер, достар, серіктестер әрі ортақ шекарамен байланысқан мейірімді бауырлар. «Астана Моторс» компаниясымен екі жыл ынтымақтастық ішінде 12 000 Chery автокөлігі сатылды, бұл оны Қазақстандағы нөмірі бірінші қытай брендіне айналдырды. Біз ынтымақтастығымызды әрі қарай тереңдетуге және Қазақстан нарығында көп модельді ұсынуға ниеттіміз. Бүгінгі таңдағы басты міндет – Қазақстанда зауыт салу және Chery автокөліктерінің өндірісін дамыту. Әрі қарай өндіріс тізбектерін тереңдетіп, кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Chery компаниясы – халықаралық кәсіпорын, халықаралық нарықты игеру бөлігінде біз әрдайым қатысу және үлес қосу қағидасын ұстанамыз, әрбір шетелдік нысаналы нарықта корпоративтік азамат болуға тырысып, жергілікті еңбекпен қамтуға, салық төлеуге, кадрларды оқытуға, экономикалық тұрғыдан дамуға қытайлық үлесімізді қоса отырып, ортақ мақсаттарымызға жетуге ұмтыламыз», – деді Инь Тонгё мырза.
Инь Тонгё, Chery Holding Group төрағасы
Ол Chery-де Қазақстандағы клиенттердің тәжірибелерін зерттеп, олардың пікірлері негізінде өз автокөліктерінің дизайны мен технологияларын жетілдіруге дайын екенін де жеткізді.
Қазақстан индустриялануға бет алды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жеке өндірісті арттыру – маңызды басымдық. Машина жасау саласындағы автоөнеркәсіп үлесі 44,5 %-ға жетті, бұл көрсеткіш 2022 жылы 37,5 % болған.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев қытай делегациясының сапары барысында сөйлеген сөзінде: «Біз Алматының Индустриялық аймағында тұрмыз, бұл жерде «Астана Моторс» компаниясы нарығымыздағы ең ірі мультибрендті автокөлік зауытын салып жатыр. Президент және Қазақстан Үкіметі машина жасау саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл салада автокөлік құрастыру өндіріске жақсы өсім беріп отыр, қазіргі уақытта біз жергіліктендіруді тереңдетуге кірістік. Бұл мультибрендті зауыт жылына 90 мың автокөлік шығарады, оның 60 % ТМД елдеріне экспортталатын болады. Министрлік автокөліктердің бүкіл көлемі CKD (шанақ дәнекерленіп, боялатын, ұсақ торапты өндіріс) әдісін қолдап отыр. Министрлік ретінде біз осы жобаға қолдау білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жалғастыра бермекпіз», – деп мәлімдеді.
Нұрлан Смағұлов, «Астана Моторс» негізін қалаушы
«Астана Моторс» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов қазақстандықтар жоғары технологиялы, сапалы әрі тұтынушыға қолжетімді Chery маркалы автокөліктеріне лайықты бағасын бергенін және адал ниетті клиенттер қатары артып келе жатқанын атап өтті. 2023 жылдың соңына қарай Chery автокөліктерінің сатылым көлемі 13 000 бірліктен асады. Ал 2024 жылғы жоспар бойынша күтілетін сатылым көлемі 20 000 машинаға жетеді. Осындай керемет нәтижелер автокөліктердің жоғары сапасы мен клиенттердің білдірген сенімдерін көрсетіп отыр.
«Бізге сату ғана емес, автокөліктер өндірісін тереңдету де маңызды. Chery Automobile Company-мен ынтымақтасуымыз – біз үшін зор құрмет, біз серіктестеріміздің бізге технологияларды, лицензияны және қытай автоөнеркәсібі көшбасшыларының бірі – Chery автокөліктерін өндіру құқығын бергенін аса жоғары бағалаймыз. Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттың құрылысы 2024 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. 2025 жылдың I тоқсанында автокөліктердің пилоттық өндірісі іске қосылады», – деп мәлімдеді Нұрлан Смағұлов.
Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытында 2600-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Негізгі штатты инженерлік-техникалық кәсіптердің мамандары құрайды, олар жетекші автоконцерндердің тәжірибесін қабылдап, Қазақстанда технологияларды дамытатын болады.
Зауытта Chery кроссоверлерінің үш моделін шығару жоспарланып отыр, олар: Tiggo 2 Pro, Tiggo 4 Pro, Tiggo 7.
Сапар соңында ҚХР делегациясының мүшелері мен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Chery Tiggo 7 автокөлігінің капотына өз тілектерін қалдырды. Бұл модель – брендтің Қазақстандағы бестселлері.
Ақпарат көзі: forbes.kz