БЕКНҰР НЕСІПБАЕВ, «АСТАНА МОТОРС»: «БАСҚА ЕЛДЕРГЕ ТӘУЕЛДІКТІ АЗАЙТУ ҮШІН БІЗ ӨЗ ӨНДІРІСІМІЗДІ ДАМЫТУДЫ ТАҢДАДЫҚ»

Қытай автобрендтерінің Қазақстанды жаулауы, жергілікті өндірісті дамыту және автокөлік нарығындағы трендтер туралы «Астана Моторс» CEO Бекнұр Несіпбаев «Курсив» порталына әңгімелеп берді.

– Қазір компанияңыздың жаңа автокөліктер нарығындағы үлесі қандай? Өз позицияңызды қалай күшейтуді жоспарлап отырсыз? Әсіресе алуан түрлі модельдер қатары бар Қытай брендтерінің белсенді түрде шығарылуын ескерсек, бәсекелестік қатты өсіп жатыр.

– Жаңа жеңіл автокөліктердің отандық нарығындағы «Астана Моторс» үлесі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 25%-дан асты. 2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 24,4%-ды құрады.

Расында, нарық қайнап тұр, Қазақстанда ҚХР автокөліктерінің саны күрт өсті, автокөлік нарығындағы Қытай сегментінің үлесі – 40%-ға жуық.

Қазақстанның автокөлік одағының деректері бойынша соңғы бес жыл ішінде еліміздегі Қытай көлік брендтерінің саны 7,5 есе – 2019 жылғы екі брендтен 2023 жылғы 15 брендке дейін өсті. Осы брендтердің сатылым көлемі дәл осы кезең ішінде 30 есе ұлғайды. Қазіргі таңда қазақстандық нарықта ұсынылған 35-тен астам көлік брендінің ішінде 15-і – Қытай бренді.

2021 жылдан бастап «Астана Моторс» жергілікті нарыққа Қытайдың автоөнеркәсіп көшбасшыларын – Chery, Haval, Changan, Tank, GWM брендтерін біртіндеп әкелді. 2021 жылы «Астана Моторс» дилерлері 1 269 Қытай автокөлігін сатса, ал 2023 жылы сатылған көлік саны 27 143 бірлікке дейін өсті. Компаниямыздың брендтер портфелі толған сайын сұраныс та артты және 2023 жылдың қорытындысы бойынша Chery, Haval, Changan төртінші, алтыншы және сегізінші орынды алып, сәйкесінше қазақстандық нарық брендтерінің үздік 10-дығына кірді.

Әрбір өндірушінің өнімділік, сапа тұрғысынан әлдеқайда құнды өнім жасауға талпынатынымен жоғары бәсекелестік қызықты. Бизнес үшін бұл – сервиспен, қызметтер аясын дамытумен жұмыс тұрғысынан ауыр сынақ.

Нарықтағы өз позициясын нығайту үшін «Астана Моторс» бірінші кезекте адалдыққа сенім артады. Біз жаңа модельдерді әлеммен бір уақытта аламыз және тұтынушыларға ұсынамыз, қаржы ұйымдарымен бірлесіп, соның ішінде автопарктерін кеңейткісі және жаңартқысы келетін бизнес үшін арнайы ұсыныстар әзірлейміз. Бұл бағдарламалар халық арасына кеңінен тарады: мысалы, 2023 жылы сатылған автокөліктердің жалпы көлемінің 60%-ын клиенттер кредитке сатып алды.

Біз дилерлік орталықтарда бір терезе қағидаты бойынша және ЭЦҚ-мен қызмет көрсетуді енгіздік, қоймалардың түпнұсқа қосалқы бөлшектермен уақтылы толықтырылуын қамтамасыз етеміз, сервис-орталықтардағы сертификатталған техникалық мамандарымыз халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейді. «Астана Моторс» байланыс орталығы фронт-офис, байланыс орталығы және қолдау қызметі менеджерлерінің бірыңғай базасы бар орталықтандырылған жүйенің арқасында үзіліссіз байланыста және тәулігіне шамамен 550 сұратуды өңдейді.

– Шығарып жатқан автокөліктеріңізге арналған көлік компоненттерін жергілікті өндіруді ұйымдастыру қалай жүріп жатыр? Өндірісті жергіліктендірудің орташа деңгейі қандай қазір және қандай компоненттер қазірдің өзінде елімізде шығарылады? Қазақстанда қандай компоненттерді шығаруды жоспарлап отырсыздар?

– Жинақтаушы бөлшектердің тапшылығына және логистика мәселелеріне қатысты әлемдік дағдарыс жаһандану мәселесінің бетін ашты. Біз үшін бұл дұрыс жолды – өз өндірісімізді дамытуды, машина жасау кадрлары мектебін қалыптастыруды, ұсақ торапты өндірісті игеруді, көлік компоненттерін жергілікті өндіруді, басқа елдерге тәуелділікті азайту үшін логистиканы жолға қоюды таңдағанымызды растады. Ал егер еліміздің болашағы туралы айтатын болсақ, бұл – тек автокөлік саласының ғана мәселесі емес, біз қазақстандықтарды бұл жөнінде шындап ойлануға, біліктіліктерді меңгеруге, басқа тауарлардың өндірісін, соның ішінде техникалық күрделі өндірісті дамытуға шақырамыз.

«Астана Моторс», өз кезегінде, Алматы қаласының Индустриялық аймағындағы технопарк құрылысының соңғы кезеңінде тұр. 2024 жылдың аяғына қарай біз автокөлік орындықтарын, полиуретан кілемшелерін, қанат қорғаныштарын, шашыратқылар мен автокөлікке арналған мультимедиа жүйелерін жылына 100 мың жиынтық көлемінде шығара бастаймыз. Бастапқы кезеңде біздің мақсатымыз – ішкі нарықты көлік компоненттерімен толтыру, ал кейін көрші елдерге экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.

Көлік компоненттері өндірісін жергіліктендіру жобасын біз тәжірибелі оңтүстік кореялық өндірушілер Youngsan Glonet Corp. Ltd. және Motrex Co Ltd компанияларымен бірлесіп іске асырамыз.

– БАҚ өкілдеріне айтқан бір сөзіңізде сіз өндірісті жергіліктендіру валюта ауытқуларына тәуелділікті азайтатынын айтқансыз, бұл бағаға да әсер ететінін білдіреді. Айтыңызшы, осы әсердің пайыздық ара қатынасын көрсете аласыз ба?

– Әлемдегі басқа елдердегі өндірушілер, соның ішінде ірі әлемдік алып компаниялар сияқты біз де жаһандық нарықтағы жағдайларға тәуелдіміз, ал бұл дегеніміз – көбіне құбылмалылыққа, геосаясатқа, қаржылық-экономикалық өзгерістерге және қолда бар болуына, құрамдаушы бөлшектердің құны мен логистикаға олардың әсеріне байланысты белгісіздік пен тәуекелдер. Сондықтан біз көлік компоненттері өндірісін барынша жергіліктендіруге тырысамыз, өйткені бұл валюталық ауытқуларға және логистикаға тәуелділікті азайтады. Мысалы, бір автокөлік орындығына логистика құны 50%-ға, $330-дан $165-ға дейін азаяды, яғни жеткізу шығыстары екі есе төмендейді.

– Қазір автокөліктер шығаратын мультибрендтік зауыттың құрылысы жалғасып жатыр. Кәсіпорын қашан іске қосылады және оның қуаты қандай? Неліктен осы зауытты салу туралы шешім қабылданды және ол Қазақстандағы автопаркті жаңартуға қалай көмектеседі?

– Иә, Алматы қаласының Индустриялық аймағында 309 мың шаршы м алаңда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендтік зауытының құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылдың I тоқсанында Chery, Haval, Changan автокөліктерін және бірнеше GWM модельдерін шығаруды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Зауыт құрылысының басында біз Қытайдың үш танымал брендінің модельдерін шығаруды жоспарладық және уақыт өте келе Қытайдың GWM автокөлік алыбының модельдерін, атап айтқанда, бұл Tank 300 жол талғамайтын көлігін шығаруға келістік.

Біздің жоспарымызға сай AMMKZ мультибрендтік зауытының конвейерінен шығатын автокөліктің 60%-ын біз ТМД елдеріне экспортқа, ал 40%-ын ішкі нарыққа шығаратын боламыз. Бұл отандық автопаркті жаңартуға оң әсер етеді.

Өндіріс алаңы – 209 мың шаршы м, қуаты – жылына 90 мың бірлік.

2023 жылы Сиян қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында біз Chery Automobile Company, Great Wall Motor, Changan International Corporation компанияларымен техникалық-лицензиялық келісімдерге қол қойдық және Алматыдағы мультибрендтік зауытқа жабдықтарды жеткізу үшін Automotive Engineering Corporation компаниясымен келісім жасастық. Automotive Engineering Corporation автокөлік өндірісінің әлемдік көшбасшылары: BMW, Toyota, Jaguar, Land Rover, Hyundai, BYD, Mercedes-Benz, Volkswagen үшін жоғары технологиялық жабдықты жеткізетінін атап өту керек.

Сонымен бірге, біз Siemens (Германия), ABB (Швеция/Швейцария), Schneider (Франция), Omron (Жапония), Fanuc (Жапония) компанияларымен жабдықты жеткізу туралы келісімге келдік.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік зауытының құрылысы туралы шешім ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары кезінде мемлекеттердің басшылары деңгейінде талқыланды.

«Астана Моторс» Қытайдың автоөнеркәсіп көшбасшыларының стандарттары бойынша кәсіпорынды ұйымдастыруға 182 млрд теңге инвестициялайды. Біз Қазақстанда шағын және орта бизнес үшін кластер құру мақсатында танымал брендтердің автомобильдерін жергілікті жерде шығаруды ұйымдастырамыз: бұл – жұмыс істеп тұрған Hyundai Trans Kazakhstan зауыты, салынып жатырған Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және көлік компоненттерін өндіретін кәсіпорындар. Бұл машина жасау саласында білікті кадрлар жүйесін қалыптастыру, экономиканы дамыту үшін нақты мүмкіндіктер.

Біздің кәсіпорындарда жұмыс істейтін инженерлік-техникалық мамандықтардың мамандары жетекші автоконцерндердің тәжірибесін алып, технологияларды Қазақстанда дамытады. «Астана Моторс» технопаркінде өндірісте барлығы 6 мыңға жуық адам, сондай-ақ мультипликативтік әсерді ескере отырып, мыңдаған жұмыскер жұмыс істейтін болады.

Жергілікті және шетелдік инвесторлар біздің кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатудың әлеуетін көріп отыр. Біз ашықпыз және ұсыныстарды қарастырамыз, бренд ұстаушылардың ресми өкілдерінің құқықтарымен бизнеске кеңес береміз. Мысалы, Hyundai Trans Kazakhstan Талдықорған өндірушісі «Қайнар-АКБ» шығарған қазақстандық Bars аккумуляторларын сынақтан өткізіп жатыр. Әрине, зауыт Hyundai Motor Company (HMC) бренд ұстаушысының сапа стандарттарының жоғары талаптарын қатаң сақтайды, ал аккумулятор – бұл күрделі технологиялық өнім және оны қолданар алдында Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда сынақтар жүргізу, HMC аккредитациясын алу қажет. Біз бұл бірлескен жұмысты атқарып жатырмыз, өйткені отандық көлік компоненттерін өндірушілер бізбен ынтымақтастық орнатуға мүдделі, ал біз Қазақстанда индустрияның дамығанын қалаймыз және бізге жергілікті нарықтың көлік компоненттері қажет.

– Өнеркәсіптік құрастыру режимі жергіліктендіруді одан әрі дамытуға отандық автокөлік бизнесін қалай ынталандырады?

– Жергіліктендіру – біліктілік пен тәжірибенің жоғары деңгейін талап ететін еңбекті көп қажет ететін процесс. Қазақстан үшін бұл бағыт салыстырмалы түрде жаңа, мысалы, Оңтүстік Кореямен және Қытаймен салыстырсақ, онда автокөлік өндірушілер қалыптасу арқылы алғашқы тәжірибеден әлемдік автокөлік алыбына дейінгі жолды жүріп өтті және оған шамамен 50 жыл қажет болды.

«Астана Моторс» еншілес кәсіпорны Hyundai Trans Kazakhstan 2020 жылдан бастап жұмыс істейді және жұмыстың алғашқы жылы біздің қызметкерлер дәнекерлеумен және шанақты бояумен бірге жүретін ұсақ торапты өндіріс әдісін меңгеріп алды. Бұл – HMC халықаралық стандарттары бойынша 700-ден астам технологиялық операция.

Біздің негізгі мақсатымыз – көлік компоненттері өндірісі есебінен 51% жергіліктендіру. 2023 жылы Hyundai Trans Kazakhstan өндірістік қуаттылығын жылына 50 мың автокөлікке дейін ұлғайтты. Қазір біз қуаттылықты одан да арттыру және көптеген модельдерді дәнекерлеу мен бояуды бастау үшін цехтарды жаңартып жатырмыз. Сонымен қатар біз дәнекерлеу және бояу цехтарындағы өндірістік процестерді ішінара автоматтандыру үшін жаңа жабдық аламыз.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan пайдалануға беріліп, Hyundai Trans Kazakhstan кеңейтілген соң екі кәсіпорын ұсақ торапты әдіспен жылына 140 мың автокөлік шығаратын болады. Осы аса маңызды көлем Қазақстанда шанақ бөлшектерін қалыптаудың дамуының өтпелі кезеңі болмақ.

Сондай-ақ біз Hyundai Trans Almaty коммерциялық техника зауытына өндірісті кеңейтуге 6,8 млрд теңге инвестициялаймыз, катафорезді ванналары бар жаңа дәнекерлеу және бояу цехтарын салып жатырмыз. Жиынтығында өндірістің жалпы ауданы 13 518 шаршы метрді құрайды.

Сонымен бірге Hyundai Trans Almaty коммерциялық техникаға арналған көлік компоненттерін шығаруға ниеті және әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізеді.

Дамудың алғашқы кезеңінде Қазақстанның автоөнеркәсібі ұсақ тораптық өндіріс технологияларын игерді, ал қазір жеткілікті біліктілік пен тәжірибеге ие болып, біз саланы дамытудың негізгі кезеңіне – жергілікті кәсіпорындар өндірістің неғұрлым күрделі деңгейіне көшкен кезде көлік компоненттері өндірісін жергіліктендіруге келдік. Осылайша отандық зауыттар шетелден жеткізілетін компоненттерді алмастыра алады.

Қазақстан Үкіметі автокөлік өндірушілерге өндірісті жергіліктендіру бөлігінде қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен қатаңдатып жатыр. Біз бұған келісеміз және бұл жағынан бүкіл нарық үшін дұрыс үлгі болуға тырысамыз.

– Сіздің портфеліңізде қытайлық, жапондық, корейлік және еуропалық өндірушілердің брендтері бар. Соңғы жылдары көлік брендтері бойынша қазақстандық автокөлік иелерінің қалауы қалай өзгеріп жатыр? «Астана Моторс» портфеліндегі брендтерді сату статистикасы қандай және портфельдегі үздік 10 брендке кім кіреді?

–2023 жылдың қорытындысы бойынша автокөлік нарығының абсолюттік көшбасшысы Hyundai болғанын ескерсек, қазақстандықтар отандық өндірістің оңтүстік кореялық брендіне артықшылық беретіні көрінеді. Біз Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жетістіктерімен мақтанамыз, бұл – шын мәнінде автокөлік жасауға құмар кәсіби мамандардан тұратын мықты команда. Соңғы бес жылда Қазақстанда Hyundai сатылымы 5,5 есе өсті, нарық үлесі 14%-дан 23,5%-ға дейін өсті. 2023 жылы бренд сатылымының өсуі 2022 жылға қатысты 62%-ды құрады.

Chery, Haval және Changan үлесі айтарлықтай өсті: өткен жылдың қорытындысы бойынша олар «Астана Моторс» портфеліндегі үздік 5 брендке кірді. 2024 жылы жазда біз BYD жаңа энергия көзімен жүретін автокөліктерді сата бастауды жоспарлап отырмыз және қазірдің өзінде модельдік қатарға, бағасына қызығушылық танытып отырған, тіпті дәл осы брендтің келуін күтіп, автокөлікті сатып алуды кейінге қалдырып отырған қазақстандықтардан сұраныстар алып жатырмыз.

Біздің басқа еншілес компанияларымыз да табысты дамып, нарықты жаңа өнімдермен қамтамасыз етіп келеді және клиенттерімізге алғыс айтамыз, олардың ішінде брендтердің жанкүйерлері де бар.

– Қазақстанның автокөлік нарығынан қазір жалпы қандай трендтерді көріп отырсыз? Жаңа автокөліктер қаншалықты қолжетімді болды, бұл айдалған көліктер нарығына әсер ете ме?

– Біріншіден, қолжетімді бағалардың, қаржылық бағдарламалардың және брендтер ұсынатын акциялардың арқасында жаңа автокөлік сатылымдарының үлесі айтарлықтай өсті.

Тұтыну мәдениетінің, әлеуметтік желілердің дамуына байланысты сатып алушылар талғампаз, талапшыл бола бастады. Олар үшін компанияның клиентке қамқорлық көрсететін-көрсетпейтіні, сатып алу кезінде және сатып алғаннан кейін сүйемелдеуге дайын-дайын еместігі маңызды. Біздің бірқатар дистрибьюторларымыздың қауымдастықтары бар және олар клиенттермен үнемі байланыста болады.

«Ақылды автокөліктерге», қазірдің өзінде брендтердің айрықша белгісіне айналған технологияларға деген қызығушылық айтарлықтай өсті. Яғни, жаңа автокөліктердің ыңғайлылығын, қауіпсіздігін, ресурстарын қазақстандықтар, шын мәнінде мобильділік, өмір сүру және жұмыс істеу үшін қолайлы жағдайлар маңызды болып табылатын зымыраған әлемде заманауи адам қолдануға үйреніп қалған барлық нәрсені бағалады.

Қазақстандықтардың жаңа энергия көздеріндегі (NEV) автокөліктерге деген қызығушылығы артып келеді, алайда көптеген тұтынушыларда таза электрмен жүретін автокөліктерге қатысты күмән бар. Біз өз тарапымыздан бензин қозғалтқышымен және аккумулятор батареялары бар электр қозғалтқышымен жабдықталған қайта зарядталатын гибридтердің (PHEV) болашағын көріп отырмыз. Біздің көптеген ықтимал клиенттеріміз дәл осындай модельдерді күтеді, өйткені кең байтақ даласы бар және белсенді дамып келе жатқан ішкі және іскерлік туризмі бар Қазақстанда автокөлік иелері алыс қашықтыққа жиі сапарларға шығу мүмкіндігін ескереді.

Тағы бір жағымды тренд – тұтынушылар ресми дилерлерге артықшылық береді, яғни олар бізге сенеді. Қазақстандықтардың көбі тексерілмеген сатушыдан автокөлік сатып алуға тәуекел еткісі келмейді және брендтердің ресми өкілдеріне барады, өйткені бұл заңды тұрғыдан сенімді, бұл – сапа кепілдігі, сервис. Біз, өз кезегінде, Қазақстанда, сондай-ақ Өзбекстанда дилерлік желілерді дамытып жатырмыз, онда дилер құқығында BYD және дистрибьютор ретінде Hyundai брендтерін ұсынамыз. «Астана Моторс» дилерлері мәмілелердің заңдық тазалығын, кепілдік қызмет көрсетуді, сервисті қамтамасыз етеді. Бұл – екі республикада жұмыс істейтін 6 мың қызметкер.

 kursiv.media