Satbayev University және Hyundai Trans Kazakhstan машина жасау саласындағы кәсіпқой кадрларды дайындап жатыр
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті – Satbayev University «Астана Моторс» еншілес кәсіпорны Hyundai Trans Kazakhstan автокөлік зауытында Мұхамеджан Тынышпаев атындағы көлік инженериясы және логистика мектебінің оқу орталығын ашты.
Оқу орталығын құру және оның ашылуы туралы шартқа қол қою рәсімі 2023 жылғы 26 желтоқсанда Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаевтың, «Астана Моторс» Бекнұр Несіпбаевтің Hyundai Trans Kazakhstan директоры Илья Мельниковтың; Satbayev University студенттерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
– Біз университетті студенттер ең алдымен өндірістегі жұмысының іс жүзіндегі дағдыларын игеретін орын ретінде қабылдаймыз, – деді Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев. – Біз стратегиямызды нарықтың шынайы ойыншыларымен бірге әзірлейміз, өз мақсаттарымызды өндіріспен де, Ғылым және жоғары білім министрлігінің даму тұжырымдамасымен де үйлестіреміз. Серіктес өнеркәсіптермен тығыз әрекеттесуіміздің арқасында студенттеріміз ең алғашқы күннен бастап тәжірибегеге қадам басады.
«ЖОО-ны таңдама – жұмыс берушіні таңда» – Satbayev University Көлік инженериясы және логистика мектебінің ұраны. Ал Hyundai Trans Kazakhstan зауытында оқу орталығын құрудың басты мақсаты – өндіріске бейімделген кадрларды даярлау, нәтижелері университеттің білім беру процесіне және өндіріске енгізілетін бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу.
– Өндіріс – бұл адамдар, біздің басты активіміз – адами капитал. Біз зауыттар саламыз, автокөліктер мен автокомпоненттерді жергілікті талаптарға тереңінен бейімдейміз, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардағы процестерді автоматтандырамыз және сол үшін бізге техникалық білімі бар кәсіби кадрлар қажет. Біз еліміздің бірінші және ең ірі техникалық жоғары оқу орны – Satbayev University-мен ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз, бұл Қазақстанды индустрияландыруға қосқан ортақ үлес. – деп атап өтті «Астана Моторс» басқарма төрағасы Бекнұр Несіпбаев. Біз Қазақстан жастарының кәсіби тағдырларын автоөнеркәсіппен байланыстыруға деген қызығушылығын көріп отырмыз және біліктіліктерімізбен бөлісуге, практикалық тәжірибемізді инженерлердің, техникалық мамандардың жаңа буынына беруге дайынбыз.
Ғылыми қызмет, өндірістік технологияларды дамыту – Satbayev University қызметінің басты бағыттарының бірі. Қазіргі таңда университет энергиямен қамту, қауіпсіздік және басқа мәселелерді ескере отырып, қуатты инфрақұрылымды ұйымдастыру үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр, бұл Қазақстанда жаңа энергия көздерімен (NEV) жұмыс істейтін автомобильдерге арналған электр қуат стацияларының (ЭҚС) желісін дамыту мақсатында «Астана Моторс» компаниясымен іске асырып отырған бірлескен жобасы.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылғы 25 тамызда Satbayev University және Hyundai Trans Kazakhstan кадрлық резерв құру, машина жасау саласында ғылыми-зерттеу кадрларын даярлау, технологиялық процестер мен білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум, оқу орталығынан бөлек, студенттерге арналған өндірістік тәжірибені және Satbayev University түлектерін Hyundai Trans Kazakhstan зауытына жұмысқа орналастыруды, университеттің профессорлар-оқытушылар құрамын өндірістегі тағылымдамадан өткізуді; Hyundai Trans Kazakhstan қызметкерлерін Production Professor лауазымында оқытуға тартуды, көлік саласындағы MBA, DBA бағдарламасы бойынша кәсіпорын қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және оқыту курстарын жүргізуді көздейді. Атап айтқанда, жаңа оқу жылында Hyundai Trans Kazakhstan техникалық бақылау бөлімінің маманы Алуа Қайратова Satbayev University-дегі «Көлік, көлік техникасы және технологиялар» бағдарламасының грантына түсті.
2024 жылы Satbayev University-де бакалавриат дәрежесі үшін «Автокөлік өндірісі және сервисі» білім беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бағдарлама бренд иесі (Hyundai Motor Company, Корея Республикасы) әзірлеген халықаралық стандарттарды ескере отырып, Hyundai Trans Kazakhstan зауытында жұмыс істеу жағдайларына бейімделетін болады.
Қазақстанның белсенді дамып келе жатқан машина жасау саласына білікті кадрларды дайындау мақсатында Satbayev University Көлік инженериясы және логистика мектебінде «Көлік инженериясы», «Жер үсті көлігі, көлік техникасы және технологиялар», «Цифрлық логистика» және тағы басқа білім беру бағдарламалары ашылды. Сонымен қатар «Энергетика және электрмен қамту», «Автоматика және көлікте басқару (автоматизация)», «Көлік құрылысы» бағыттарының ашылуы жоспарланып отыр.
Университет пен зауыт арасындағы байланысты «Көлік инженериясы» білім беру бағдарламасының жетекшісі Нұрбол Қамзанов қамтамасыз етеді.