«АСТАНА МОТОРС» 2022 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
2022 жылы «Астана Моторс» компаниясының құрылған күнінен бастап 30 жыл толды. Компания Қазақстандағы бірінші Toyota мамандандырылған автосалонынан бастап әлемдік брендтердің автокөліктерінің өндірушісіне дейінгі ұзақ жолды жүріп өтті.
Бүгінде «Астана Моторс» – бұл 4 190 қызметкер, жеңіл автокөліктер мен коммерциялық техника өндіретін 2 зауыт, 17 әлемдік автобренд, соның ішінде 15 дистрибуция (14 автокөлік және 1 мото) және әлемнің әртүрлі елдеріндегі іскерлік серіктестер, 26 дилерлік орталық, лизинг компаниясы.
Пандемия мен геосаяси ахуалдан туындаған әлемдік дағдарыс кезеңінде қазақстандық автоөнеркәсіптің электронды компоненттер тапшылығымен, логистикалық тізбектердің бұзылуымен байланысты қиындықтарға душар болғанына қарамастан, Қазақстанда автокөлік сатылымдарының тұрақты өсуі байқалып отыр. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының (ҚАБҚ) деректері бойынша 2022 жылы елімізде 123 778 жаңа автокөлік (коммерциялық техниканы қоса алғанда) сатылған, сатылымдар 2021 жылмен (117 599 бірлік) салыстырғанда 5,2 %-ға өскен.
2022 жылдың қорытындылары бойынша «Астана Моторс» компаниясының сату көрсеткіші 35,8 %-ды құрап, 47 533 жаңа автокөлікке жетті (2021 жылы – 34 982 бірлік), соның ішінде 40 920 бірлік ішкі нарыққа және 6 613 бірлік ТМД елдеріне экспортқа шығарылған.
Компания сатылымдарының оң өсу динамикасын Қазақстандағы автокөліктерге жоғары сұраныспен, «Астана Моторс» пен шетелдік автокөлік өндірісіне арналған құрамдас бөлшек жеткізушілері арасындағы келіссөздердің нәтижесінде логистикалық проблемалардың оң шешімінің табылуымен, сондай-ақ «Астана Моторс» портфеліндегі қытайлық брендтер ассортиментінің кеңейе түсуімен түсіндіруге болады.
2022 жылы «Астана Моторс» компаниясы ел бюджетіне (республикалық және жергілікті) 70 млрд теңгеден аса салық төледі.
2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылғы қызметкерлер санының өсуі – 22 %. «Астана Моторс» автокөлік саласындағы мамандардың кәсіби мектебін қалыптастырды және бүгінде автокөлік машиналарын жасау, сату, қаржы, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында, лизинг, сервистік қызметтер және т.б. бағыттарда 4 мыңнан астам қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Компания жеке оқыту бағдарламалары мен әдістерін енгізудің, сондай-ақ халықаралық бағдарламалардың есебінен компания ішіндегі қызметкерлерді дамыта отырып, корпоративтік мәдениеттегі адами дарынның рөліне ерекше көңіл бөледі.
Hyundai – «Астана Моторс» портфеліндегі ең көп сатылып жатқан бренд
«Астана Моторс» брендтер портфелінің ішіндегі 2022 жылғы көшбасшы – Hyundai. Қазақстандағы Hyundai сатылымдары 2022 жылы 28 864 бірлікті құрады. 2021 жылмен (22 729 бірлік) салыстырғандағы өсу – 27 %.
Өзбекстандағы 2022 жылғы Hyundai сатылымдары – 6 613 бірлік. 2021 жылмен (4 448 бірлік) салыстырғанда өсу – 48,6 %.
Инфографика. 2022 жылғы Қазақстандағы «Астана Моторс» портфеліндегі үздік 10 модель
2022 жылдың ақпан айындағы геосаяси ахуалға байланысты Еуропадан жеткізілетін логистикалық тізбек бұзылды, мұның салдарынан BMW автокөліктерін бұрынғы бағдарлармен импорттау мүмкін болмай қалды.
«Астана Моторс» компаниясы серіктестерімен бірқатар келіссөздер жүргізіп, Қазақстанға BMW автокөліктерін бірнеше жаңа бағыттар бойынша жеткізуді жолға қойды. 2022 жылы көліктердің 962 бірлігі (BMW, Mini және Motorrad) сатылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 24 %-ға кем.
Subaru бренді Қазақстанда 654 автокөлік сатты, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 14 %-ға кем.
2022 жылдың қыркүйегінде «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны British Motors Kazakhstan Қазақстандағы Jaguar Land Rover ресми дистрибьюторына айналды, бұл 2022 жылдың желтоқсанында автокөліктерді Алматы мен Астанадағы дилерлік орталықтарға тікелей Ұлыбританиядан жеткізуді қайта жалғастыруға мүмкіндік берді.
Автокөліктер сатылымының өсуінде бүгінде қытайлық брендтер айтарлықтай рөл ойнайды, олардың танымалдығы автокөліктердің технологиялық сипатының, «баға-сапа» арақатынасының және жеткізілімдер Қытайдағы зауыттардан тікелей Қазақстанға жүргізілетіндіктен, дилерлерде әрдайым қолжетімді болуының есебінен қарқынды түрде артып келеді. Атап айтқанда, «Астана Моторс» портфелінде қытайдың көшбасшы Chery, Haval, Changan брендтері ұсынылған.
Chery бренді 2022 жылдың екінші жартысында сатылымдар бойынша серпіліс жасап, 12 айдың қорытындылары бойынша Қазақстандағы ең танымал автобрендтердің үздік ондығында 6-шы орынға ие болды. Жұмыс істеген бірінші жылының ішінде елдегі ресми дилерлер 4 464 Chery кроссоверін сатты.
2022 жылдың тамыз айында «Астана-Моторс» құрамына кіретін Silkway Auto Kazakhstan компаниясы Қытайдың ең ірі автокөлік жасаушы концерндерінің бірі Changan International Corporation компаниясымен дистрибьюторлық келісімге қол қойды. Changan брендінің автокөліктерінің сатылымы қыркүйек айында басталып кетті және жыл соңына қарай 245 бірлік көрсеткішіне жетті.
Сонымен бірге «Астана Моторс» құрамына кіретін Haval Motor Kazakhstan компаниясы жаңа автокөліктер сатылымы бойынша оң динамика көрсетті (2021 жылғы 1 210 бірлікпен салыстырғанда 1 500 бірлік), Great Wall Motor автоконцернімен (ҚХР) ынтымақтастығын кеңейтті және TANK брендінің ресми дистрибьюторына айналды.
Қазақстандықтардың «Астана Моторс» дилерлерінде қолданылатын икемді несиелендіру бағдарламаларын қолдануды жалғастырып жатқанын атап өту керек, бұл 2022 жылғы сатылымдардың өсуіне ықпал етті.
«Астана Моторс» брендтерінің 2022 ж. сатылымдары, бірлік
Жеңіл автокөліктер өндірісі
Жартылай өткізгіштер тапшылығына қарамастан, отандық Hyundai Trans Kazakhstan зауытының өндіріс көлемінде және «Астана Моторс» компаниясының портфелінде ұсынылған автокөліктердің сатылым көлемінде оң қарқын байқалып отыр.
2022 жылы «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 37 205 автокөлік өндірді – 2021 жылғы деңгейден (25 977 бірлік) 43 %-ға артық. Оның 82 %-ын кәсіпорын отандық нарыққа жеткізсе, қалған көлемін ТМД елдеріне экспортқа шығарды.
Шығарылатын автокөліктердің модельдік қатарын Staria, i30, Bayon модельдері толықтырды. Қазіргі таңда Алматыда орналасқан Hyundai Trans Kazakhstan Hyundai көліктерінің тоғыз моделін – Tucson, Accent, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria, i30, Bayon көліктерін шығарады.
2023 жылға кәсіпорын өндірістік алаңды кеңейтудің және жаңа жабдықтарды орнатудың есебінен өндіріс қуатын жылына 50 мың автокөлікке дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Зауыт ұжымында 1 200-ден аса маман жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын қызметкерлері өнертапқыштық ұсыныстар әзірлеуге белсенді түрде қатысады.
Бүгінгі таңда «Астана Моторс» компаниясының өндірістік кәсіпорындарындағы орташа жалақы 360 мың теңгені құрайды.
Коммерциялық техника өндірісі
2022 жылы «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны – Hyundai Trans Almaty зауыты коммерциялық техниканың 1020 бірлігін өндірді және сатты. Алдыңғы жылмен (744 бірлік) салыстырғандағы өндірістің өсуі 37 %-ды құрады.
Өткен жылы Hyundai Trans Almaty зауыты өндіріс ауқымын кеңейтті және шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен жолаушылар және мектеп оқушыларын тасымалдайтын Golden Dragon автобустарының ұсақ торапты өндірістік желісін іске қосты.
Еске сала кетсек, Hyundai Trans Almaty отандық кәсіпорны 2011 жылы «Астана Моторс» және Hyundai Motor Company арасындағы өзара түсіністік және тиімді ынтымақтастық туралы меморандумның негізінде құрылған болатын.
Зауыт автокөліктің ауқымды желісін – коммуналдық кәсіпорындар мен жеке ұйымдарға арналған мамандандырылған коммерциялық техника, соның ішінде жолаушылар және мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобустар, реанимобильдер, бортты жүк көліктерін, изотермиялық және өнеркәсіптік тауарлар тасымалдайтын фургондар, рефрижераторлар, өзі аударғыш көліктер, қоқыс тасымалдағыштар, өрт сөндіру көліктерін ұсынады.
2023 жылғы қаңтар айында Hyundai Trans Almaty дәнекерлеуді және бояуды қамтитын ұсақ торапты әдіспен шағын тоннажды Hyundai Mighty жүк көліктерінің өндірісін игеруге қажетті жабдықтарды монтаждауға кірісті, жаппай өндірісті іске қосу 2023 жылдың наурыз айына жоспарланған.
Өндірісті дамыту бойынша жоспарлар
2022 жылғы отандық автоөнеркәсіптің басты жаңалығы — Алматы индустриалдық аймағында толық циклды мультибрендті зауыттың — қытайлық Haval, Chery және Changan автоалпауыттарының автокөліктерін өндіруге арналған «Астана Моторс» еншілес кәсіпорнының құрылысының басталуы. Құрылысты бастауға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пәрмен берді.
2023 жылы «Астана Моторс» индустриалдандыруға, өндірісті дамытуға және тереңдетуге ерекше көңіл бөлетін болады.
Қазіргі таңда «Астана Моторс» Алматы Индустриалдық аймағында технопарк құрып жатыр, онда Hyundai, Chery, Haval, Changan автокөліктерінің өндірісінен бөлек, Hyundai автокөліктерін шығаруға арналған автокомпоненттер өндірісі жолға қойылатын болады.