Денис Коломацкий, Hyundai Auto Kazakhstan: Бір айдан кейін жеткізілімдер екі есеге артады
Hyundai Trans Kazakhstan ҚР нарығына жеңіл автокөліктерді екі есе көп жеткізе бастайды, ал бұл жыл соңына дейін жаңа Hyundai-нің тағы 25 мың бірлігін құрайды.
Өндіріс көлемінің ұлғаюы "Астана Моторс" (Қазақстан) еншілес компаниясы болып табылатын Hyundai Auto Kazakhstan-ның Hyundai Motor Company (Оңтүстік Корея) компаниясымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесі болды.
Hyundai Auto Kazakhstan ресми дистрибьюциясының директоры Денис Коломацкий Hyundai штаб-пәтерімен жүргізілген келіссөздердің кейбір егжей-тегжейін ашып, Алматыдағы жеңіл автокөлік шығаратын отандық зауыттың алдағы жоспарларын жариялады.
- Денис Коломацкий: 2020 жылдың қазан айында Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Hyundai Accent дәнекерлеу және бояу цехтары бар ұсақ түйінді өндіріс желісін іске қосты. Жалпы, сол кезде зауыт Hyundai жеті моделін шығарды – Accent, Creta, Tucson, Sonata, Elantra, Santa Fe, кейінірек Palisade қосылды.
Сол уақытта әлемде пандемиямен байланысты дағдарыс күшейе түсті. Көптеген елдерде автокөліктерге сұраныс төмендеді, зауыттар жұмысын тоқтатып, локдаунға кетті. Бұл ретте гаджеттерге, "ақылды техникаға", медициналық жабдықтарға деген сұраныс күрт өсті – жартылай өткізгіштер мен электронды микрочиптерді өндірушілер соларға қайта бағдарланды. Осылайша, әлемдік автокөлік өнеркәсібі қазіргі әлемдегі ең маңызды элементтердің бірінсіз қалды, оған көптеген автокөлік жүйелерінің жұмысы тәуелді болып келеді. Бір көлікті өндіруде, мысалы, 3 мыңға дейін микрочип қолданылады.
Логистиканың бұзылуы жағдайды едәуір ушықтырды. Біз Оңтүстік Кореядан екі маршрут бойынша – теңізбен Ресей арқылы және Қытай арқылы жиынтықтауыштар алдық. Қытайда карантинге байланысты проблемалар басталған кезде, жүктер бірнеше ай бойы шекарада тұрып қалды. Компаниялардың көпшілігі тауарлар жеткізілімін Ресей арқылы өтетін маршрутқа лақтырды. Нәтижесінде РФ-да коллапс орын алды, порттар шамадан тыс жүктелді, кемелер рейдтерде тұрып қалды, контейнерлер мен финтингтік платформалардың тапшылығы пайда болды (бұл ауыр тонналы контейнерлерді тасымалдауға арналған мамандандырылған платформа). Бір контейнерді жеткізу бағасы 3500 доллардан 12 500 долларға дейін көтерілді, жиынтықтауыштарды жеткізу уақыты бірнеше есе өсті. Егер логистикалық дағдарысқа дейін Оңтүстік Кореядан Алматыға дейінгі контейнерлердің барлық жолы бір ай болса, пандемия кезінде транзиттік уақыт жарты жылға дейін ұлғайды.
Сонымен қатар, біз автокөліктерге деген сұраныстың өсіп келе жатқанын байқадық. 2021 жылы Қазақстанда жаңа Hyundai сатылымы 22 736 бірлікті құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 27,33%-ға артық.
– Жиынтықтауыштар осыншама уақытқа кешіктіріліп жатқан кезде сіздер автокөлік өндірісін қалайша жалғастырдыңыздар?
Қорларымызды пайдаланып жұмыс істедік. Өндіріс үшін таймингті ұстану және кестеден ауытқымау өте маңызды, сондықтан біз жиынтықтауыштарды міндетті түрде 3-4 ай бұрын сатып аламыз.
– Сатылымның өсуі жеңілдікпен кредит беру бағдарламасымен байланысты ма?
– Әрине, жеңілдікпен кредит берудің жаңа бағдарламасы автокөлік сатып алғысы келетіндердің санын көбейтті. Бұл ретте, егер 2021 жылы 22 736 Hyundai автокөлігі сатылса, оның 3%-ға жуығы жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша сатып алынды. Біздің болжамымыз бойынша, биыл жаңа бағдарлама есебінен бұл көрсеткіш жалпы сатылымның шамамен 10%-на дейін артуы мүмкін.
Айта кету керек, Hyundai бренді өз автокөліктерінің жоғары тұтынушылық сипаттамалары – технологиялылығы, сапасы, жайлылығы, дизайны есебінен танымал. Hyundai-нің жалпы сатылым көлемінің басым бөлігін қолма-қол ақшамен сатып алынған автокөліктер құрайтындығына қарағанда, бағасы да тартымды.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытын салуды жоспарлай отырып, біз 2023 жылы 45 мың автокөлік толық қуатына шығамыз деп болжадық. Алайда кәсіпорын бір жыл жұмыс істегеннен кейін біздің автокөліктерге деген сұраныс ұсыныстан асып түскенін байқап, біз өзімізге өндірістің толық қуатына осы жылы шығамыз деген міндет қойдық.
Сонымен қатар, жиынтықтауыштардың жеткізілімі кешіктірілді. Тәуекелдерді барынша азайту үшін және бір-екі бағыттан, атап айтқанда, шығыс пен батыстан келетін жеткізілімдерге тәуелді болмау үшін біз оңтүстік-шығыста да, батыста да Нyundai Motor Company басқа зауыттарынан жиынтықтауыштарды жеткізу мүмкіндіктерін іздей бастадық. Осындай балама ретінде Чехия, Түркия, Қытай, Үндістанда орналасқан Hyundai зауыттарынан жиынтықтауыштарды жеткізу болуы мүмкін еді.
2021 жылдың қазан айында біз Hyundai Motor Company компаниясымен жеткізу маршруттарының географиясын кеңейту және Қазақстанға жиынтықтауыштарды жеткізу квотасын ұлғайту бойынша келіссөздер бастадық.
– Талқылау жеті айға созылды, ертерек келісімге келуге не кедергі болды?
– Келіссөздер халықаралық деңгейде өтті. Біз бірқатар ірі компаниялар мен кәсіпорындардың жұмысындағы жаһандық өзгерістер туралы айтып отырмыз. Белгілі бір ел үшін жеткізілімдерді қайта қарау, логистиканы қайта құру – бұл бірнеше мемлекеттер қатысқан уақытты қажет ететін процесс, бұл көптеген бизнес пен өндірістік процестерді қайта құру. Жақында ғана біз қажетті нәтижелерге қол жеткіздік. Шетелдік серіктестер бізге сенім білдірді, өз жоспарларын қайта қарады, клиенттеріміз үшін көбірек автокөліктер шығара алуымыз үшін қосымша ресурстарды іске қосты.
Осылайша, қазір мен осы жылы Hyundai Trans Kazakhstan толық өндірістік қуаттылыққа шығады деп сеніммен айта аламын. 2021 жылы зауыт айына екі мыңға жуық автокөлік шығарды. Ағымдағы жылдың басынан бастап осы уақытқа дейін біз қазақстандық нарыққа тоғыз мыңнан астам автокөлік жеткіздік. Мамыр айына жоспар – екі мыңнан астам бірлік, маусымға – шамамен үш мың бірлік, және шілдеден бастап Hyundai Trans Kazakhstan Қазақстан үшін ай сайын төрт мың автокөліктен шығаратын болады.
Жыл ішінде барлығы отандық нарық үшін 37 мыңнан астам авто, оның ішінде 7 мыңнан 10 мыңға дейін автокөлікті біз ұсақ түйінді әдіспен өндіреміз, бүгінде бұл Hyundai Accent және Hyundai Tucson. Айта кетерлігі, болашаққа үңілсек, біздің стратегиялық мақсатымыз – автокөліктердің шағын түйінді өндірісінің көлемін арттыру, сонымен бірге, біз Алматыда салуды жоспарлап отырған өз зауытымызда автокомпоненттер өндірісін жолға қою.
– Ресейге қарсы санкциялар сіздердің жұмыстарыңызға әсер етпеді ме?
– Әрине әсер етті. Геосаяси жағдайға байланысты біз Санкт-Петербургтегі Hyundai зауытынан Accent және Creta-ға кейбір жиынтықтауыштарды жеткізуде қиындықтарға тап болудамыз. Қазақстан үшін жиынтықтауыштарға квотаны ұлғайту және қосымша маршруттар ашу жөніндегі Hyundai Motor Company-мен жаңа келісімдердің арқасында біз өзімізді сенімді сезінеміз және модельдік қатарды кеңейтуді жалғастырудамыз. Осы жылдың ақпан айында Hyundai Trans Kazakhstan зауыты желіге Staria минивэндерін жеткізді, ал маусым айында зауыт SUV Hyundai Bayon және Hyundai i30 жеңіл автокөлігін шығара бастайды.
Біз сондай-ақ Accent моделін өндіруге арналған жиынтықтауыштарды жеткізу маршрутын қайта қарадық – қазіргі кезде Қытай, Үндістан және Оңтүстік Кореяда орналасқан Hyundai зауыттарынан жиынтықтауыштардың алғашқы партияларын алдық.
– Перспективалар қуантады. Алайда, қазір сатып алушылар автоорталықтарда автокөліктер жоқ деп мәлімдейді, ал жеңілдікті кредиттеудің тартымды шарттарын күтуді және жіберіп алуды қаламаймын. Не істеу керек?
– Мен келесі әрекеттер алгоритмін ұсынамын. Алдымен қай модельді сатып алғыңыз келетініңізді анықтап алу керек. Содан кейін, кез келген қалада орналасқан Hyundai ресми дилерлерінің салонына барыңыз. Дилерлік орталықтардың қызметкерлері автокөліктің жиынтықталымы мен түсін таңдауға, өзіңіз қалаған автокөлікті іздеуге көмектеседі. Біздің зауыттағы өндіріс желісінен ұқсас автокөлік шығып, оны автоорталыққа жіберуге дайындап жатқан болуы мүмкін – онда көлікке бронь қою керек. Егер Сіз қалаған көлік болмаса, сізді электронды кезекке қояды.
Әлемдегі бірде-бір зауыт бір уақытта барлық жиынтықталымдар мен түстер қарастырылған бүкіл модельдік қатарды шығармайды, бұл техникалық тұрғыдан мүмкін емес және орынсыз. Өндіріс процесі уақытты талап етеді және кәсіпорын дилерлердің тапсырыстарына негізделген жоспар бойынша автокөліктерді шығарады, ал олар сатып алушылардың сұраныстарын ескере отырып, өндіріске тапсырыс дайындайды. Осылайша, біз белгілі бір уақытта сұранысқа ие модельдерді, жиынтықталымдар мен түстерді шығарамыз. Сондықтан, егер Сіздің автокөлігіңіз автоорталықта әзірге болмаса және ол әлі шығарылмаған болса, Сізге біраз уақыт күту керек болады. Қазіргі уақытта автокөлікті күту кезеңі шамамен екі-екі жарым айды құрайды. Жақын арада зауытымызда өндіріс көлемінің ұлғаюымен күту уақыты айтарлықтай қысқарады.
Жыл соңына дейін шығаратын 25 мың көліктің 20 мыңын жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы бойынша сатып алу мүмкіндігі ретінде қарастыруға болады. Бұл ең көп сұранысқа ие модельдер, олардың құны 15 млн теңгеден аспайды. 2022 жылғы бағдарлама бойынша кредит берудің негізгі шарттары – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 4%, кредит беру сомасы – 10 млн теңгеден аспайды, автокөлік құны – 15 млн теңгеден аспайды, 7 жылдан аспайтын мерзімге кредит, бастапқы жарна – 0% бастап.
– Автокөлік алуға тұрған кезектегі түсініспеушіліктерді түсінуге тырыссақ. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйенсек, ең "пысықтар" бір уақытта бірнеше дилерлік орталықтарда кезекке тұрған. Бұл олар бірнеше автокөлік алады дегенді білдіре ме?
– Бүгінде Қазақстанда 21 Hyundai дилерлік орталығы бар. Әрбір дилерлік орталықта өз клиенттер кезегі бар. Орталықтың ішінде бұл кезек барлығына ортақ, Сіз автокөлікті қолма-қол ақшамен, жеңілдетілген бағдарлама бойынша немесе басқа қаржылық бағдарламалар бойынша сатып алсаңыз да. Біз үшін барлық клиенттер тең және дилерлер автокөліктерді келіп түсуіне қарай кезектілік тәртібімен береді. Сайып келгенде, бұл біз – Қазақстандағы Hyundai ресми дистрибьюторы көріп және бақылап отырған бір шоғырландырылған кезек. Біз тұтынушыны белгілі бір дилерлік орталықты таңдауда шектеуге құқылы емеспіз және әр орталықтың өзінің кезегі болғандықтан – тұтынушы бір уақытта бірнеше кезекке тұра алады. Бірақ бір орталықтан автокөлікті төлеу шотын алғаннан кейін, ол басқа дилерлік орталықтардағы кезегінен айырылады.
"Алыпсатарлар" үшін жағымсыз болжам
Мен осымен бітті деп айтар едім. Біз автокөліктерді нарыққа жеткізуді екі есе арттырғаннан кейін, "алыпсатарлар" жоқ дегенде біздің бренд бойынша жұмыссыз қалады. Алыпсатарлар тапшылық кезеңінде өркендейді – егер тауарға жоғары сұраныс болса және нарықта ол жеткіліксіз болса, онда осының есебінен ақша тапқысы келетіндер тез табылады.
Бір-екі айдан кейін алыпсатарлар өздерінің "бизнесінің" мәні кеткенін түсінеді. Сондықтан біз жаңа автокөліктер үшін артық ақша төлеп, жеке тұлғалардан автокөлік сатып алмауды ұсынамыз, өйткені сол автокөлікті екі-үш айдан кейін дилерлік орталықтарда ресми бағамен, заңды түрде таза, кепілдікпен сатып алуға болады. Ресми дилерлік орталықта автокөлік сатып алудың маңызды артықшылығы – мәміленің қауіпсіздігі және Hyundai стандарттары бойынша сервистік қызмет көрсету.
Бұдан бұрын айтқанымдай, автокөліктердің жетіспеушілігіне байланысты соңғы айларда кезектің жылжуы баяулады, алайда келесі айдан бастап дилерлер көбірек автокөлік алатын болады және шілде-тамыз айларында бұл ажиотаж төмендейді.
– Егер дилерлік орталықтағы менеджер автокөлікке қосымша жабдықты орнатуға итермелесе не істеу керек?
– 7007 байланыс орталығына қоңырау шалу керек, бұл нөмір бойынша клиенттерге кеңес беріледі және өтініштер қабылданады, соның ішінде заңсыз фактілер бойынша.
Hyundai ресми дистрибьюторы ретінде біз "клиенттің мүдделері бәрінен де артық" қағидаты бойынша жұмыс істейміз. Мұның бәрі дилерлік стандарттарда және клиенттермен жұмыс істеу ережелерінде жазылған. Біздің міндетіміз – дилерлердің жұмысын бақылау және егер белгілі бір ережелерді бұзу фактілері анықталса, біз мұндай заң бұзушыларға айыппұлдан бастап дилерліктен айыруға дейін ең қатаң шаралар қолданамыз. Мұнда ымыраға келу мүмкін емес. Бірнеше рет бұзушылық жасаған жағдайда немесе ауыр жағдайларда біз дилерлік шартты бұза аламыз және дилер Hyundai брендіне өкілдік ету және біздің автокөліктерімізді сату құқығынан айырылады.
Брендтің танымалдылығы неғұрлым жоғары болса, клиенттеріміздің қатары соғұрлым кең болады, кері байланыс, сұраныстар көбірек болады және біз Hyundai-нің жоғары стандарттарын өндірісте де, сервисте де сақтауға тырысамыз. Күн сайын біз Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан бүкіл елге жаңа автокөліктерді жөнелтудеміз және бір айдан кейін жеткізілімдер екі есеге артады. Бұл қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық және біздің компаниямыз бен кәсіпорнымыздың жетістігі.