АЛМАТЫДА ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ
19 Наурыз 2021

Ескерткіш Жамбыл мен Ш. Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы саябаққа қойылды. Қола мүсін гранит тұғырда тұр. Герольд Бельгер орындықта, бір қолында кітабы бар.

Мүсін авторы — сәулетші Нұрлан Далбай, идея авторы — кинорежиссер, сценарист, жазушы және Бельгердің шәкірті Ермек Тұрсынов. Ашылу салтанатына елімізге танымал ақын, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, мәдениет және өнер қайраткерлері Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Асылы Осман, Ахметжан Ашири, Рубен Андриасян, Юрий Аравин, Ермек Тұрсынов және басқалар бар.

Мемлекеттік хатшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.

"Халқымыз "Гер аға" деп құрмет тұтқан Герольд Карлович саналы ғұмырында ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты. Бала шақтан дала демократиясын бойына сіңіріп өскен қарымды қаламгер ұлт руханиятындағы өткір де өзекті мәселелерді де әрдайым бүкпесіз айтып, қоғамда талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынып отырды. Ең бастысы, жазушы Герольд Бельгер өзінің өмірі мен өнері арқылы бірлігі жарасқан біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру ісіне қалтқысыз қызмет етті", — деп жазылған Президент жолдаған хатта.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы қазақ ауылындағы достық пен мейірімнің ортасында тәрбиеленген "Гер аға" қазақ халқының тіліне, діліне, мәдениеті мен өнеріне деген шынайы қамқорлығы мен құрметін өмірінің соңына дейін сақтағанын атап өтті.

"Оның шығармашылығы өскелең ұрпақты рухани нәрлендіретін өмірлік қазынаға айналды. Бүгін біз тәуелсіз Қазақстанға адал еңбек еткен, елінің шын жанашыры бола білген халқымыздың көрнекті ұлына құрмет көрсетеміз", деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев ескерткішті әзірлеу және ашу жұмыстарын жүргізгені үшін меценат Нұрлан Смағұловқа, мүсінші Нұрлан Дамбайға және осы игі іске атсалысқан басқа да азаматтарға алғыс білдірді.

Герольд Карловичтің жары Раиса Хисматуллина ескерткіштің дәл осы жерге орнатылғанына таң қалғанын айтады.

"Ол соңғы жылдары дәл осы жерде жүргенді ұнататын. Кейінгі кездері Герольд Карлович өзіне қымбат Шоқанның ескерткішінің жанындағы орындыққа жете алмай, осында демалушы еді. Герольд Карлович, өзіне ескерткіштер, мемориалдық тақталар орнатуын армандаған жоқ. Ол өте кішіпейіл адам еді", — дейді ол.

Герольд Бельгер жай ғана аудармашы, жазушы, публицист емес, ол көп ұлтты еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі болды. Қазақ тілі екінші деңгейге ысырылған Кеңес одағы кезінде, Бельгер қазақ әдебиетін насихаттауда көп еңбек сіңірді. Ол тұтас кітапхана құрып, онда қазақтың ақын, жазушылары туралы шығармаларды жинады және орыс тіліне аударды. Герольд Карловичтің арқасында орыс тілді оқырмандар Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаевтың шығармаларымен танысты.

Оның жұмысының маңызды бағыттарының бірі - қазақтың бас ақыны Абайдың шығармаларын зерттеу болды. Бельгер өзінің әйгілі "Гете және Абай" туындысында екі данышпаннан ортақ рухани белгілерді іздейді. Жазушының бастамасымен 2007 жылы Германияда Абайдың неміс тілінде өлеңдер жинағы жарық көрді.