НҰРЛАН СМАҒҰЛОВ «АСТАНА МОТОРС» АКЦИЯЛАР ПАКЕТІН КОМПАНИЯНЫҢ ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕРІНЕ ТАПСЫРАДЫ

«Астана Моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов өз компаниясы акцияларының миноритарлық үлесін бизнесті дамытуға көп жылдар бойы үлес қосқаны үшін «Астана Моторс» CEO Бекнұр Несіпбаевқа; «Астана Моторс» GR басқарушы директоры Анар Макашеваға және «Астана Моторс» CFO Руслан Омаровқа ақысыз тапсырады.

Топ-менеджерлер Бекнұр Несіпбаевтың, Анар Макашеваның және Руслан Омаровтың басшылығымен «Астана Моторс» жаңа даму деңгейіне шықты.

Компания шетелдік серіктестермен ынтымақтаса отырып, еліміздің экономикасын жақсартуға бағытталған жаңа өршіл жоспарларды құрып, іске асырады.

Топ-менеджментке акционерлік капитал үлесі сияқты ұзақ мерзімді уәждеу құралын беру – халықаралық тәжірибеде танылған құрал. Astana Group басшысы Нұрлан Смағұлов «Астана Моторс» үшін жаңа корпоративтік мәдениеттің қызметкерлерді өз әлеуетін дамытуға шабыттандыратынын атап өтті.

 «30 жыл ішінде «Астана Моторс» үлкен тарихы, Қазақстанда және шетелде мыңдаған бейілді клиенті мен серіктесі бар мықты брендке айналды. Мен жаңа акционерлердің бизнесімізді алға жылжытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймын және олардың команданы нығайтатынына сенімдімін. «Астана Моторс» компаниясында қоғам, бизнес, ел үшін маңызды көптеген жобаны іске асыратын кәсіпқой мамандар, сарапшылар, жоғарғы буынның болашағы зор топ-менеджерлері өсіп шықты», – деді Astana Group басшысы Нұрлан Смағұлов.

«Біз компанияның негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың шешімін жоғары бағалаймыз және сенім артқаны үшін алғыс білдіреміз. Әрқайсымыз үшін «Астана Моторс» өмір ісіне айналды. Біз компанияның жаңа өсу нүктелерін көреміз, бизнестің географиясын кеңейтеміз, тұтыну мәдениетін дамытамыз. Бүгінгі таңда «Астана Моторс» отандық автоөнеркәсіптің және Қазақстанның автокөлік нарығының көшбасшысы. Біздің командамызда 5000 қызметкер бар, алдымызда елді индустрияландыруды дамыту бойынша жаһандық міндеттер тұр, біз өз жұмысымызды жұмылдыратын басты жайт осы», – деді Бекнұр Несіпбаев.

 

Бекнұр Несіпбаев «Астана Моторс» компаниясына 2008 жылы, оқуды бітірісімен келген. Еңбек қызметін қатардағы лауазымнан бастап, «Астана Моторс» CEO қызметіне дейінгі жолды еңсерген.

14 жыл ішінде Бекнұр Несіпбаев «Астана Моторс» компаниясын дамытуға қомақты үлес қосты. Оның басшылығымен компания жеңіл автокөліктерді өндіретін Hyundai Trans Kazakhstan зауытының құрылысы, Hyundai Trans Almaty коммерциялық техникасының өндірісін кеңейту, Қазақстанда өндірілетін автокөліктерді Өзбекстан Республикасында сату жөніндегі Hyundai дилерлік желісін дамыту сияқты экспортқа бағдарланған бірқатар жобаны іске асырды.

 

Анар Макашева «Астана Моторс» компаниясында 2003 жылдан бері қызмет етеді. Ол Hyundai Center Kazakhstan еншілес компаниясының Маркетинг департаментінде жұмыс істеп, «Астана Моторс» Маркетинг департаментін басқарған.

Анар Макашеваның компанияның GR директоры лауазымындағы негізгі бағыты – Қазақстанның автокөлік нарығын дамыту әлеуеті мен болашағын зерттеу, нарықтық процестерді болжау, стратегиялық коммуникациялар.

 

Руслан Омаров Astana Group компаниясында 16 жылдан астам жұмыс істейді, компанияға девелоперлік бөлімшенің қаржы менеджері лауазымына келген, әртүрлі жылдары қаржы талдаушысы, Astana Group кредит департаментінің директоры болып жұмыс істеген.

2017 жылдан бері Руслан Омаров «Астана Моторс» CFO қызметін атқарады, компаниялар тобының қаржысын басқару мәселелерін жүргізеді, стратегиялық қаржылық жоспарлау міндеттерін іске асырады.