«АСТАНА МОТОРС» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕРГЕ РЕАНИМОБИЛЬДЕР ТАБЫС ЕТТІ
Дефибрилляторлармен, жасанды тыныс алдыру аппараттарымен (ЖТА), электрокардиографтармен (ЭКГ) және Германия мен Италияда жасалған басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған С класындағы H350 Ambulance 10 реанимобилін "Астана Моторс" Алматы қаласына – 6 автомобиль, Шымкент қаласына – 2 автомобиль және Алматы облысына – 2 автомобиль деп бөліп табыс етті.
"Біз Қазақстанда қаңтар айында орын алған қайғылы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз және зардап шеккен отандастарымызға алаңдаушылық білдіреміз. Қазақтың "Ырыс алды – ынтымақ" деген мақалы бар. Бүгінгі күні әрқайсымыздың қоса алатын ең құнды үлесіміз – бір-бірімізге деген құрметті сақтау, болашақ ұрпақ үшін еңбек ету және құндылықтар қалыптастыру", – деп атап өтті Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов.
Сондай-ақ, Astana Group («Астана Моторс» компаниясы, MEGA СОСО желісі) халыққа қайырымдылық көмек көрсету және әлеуметтік жобалар үшін Қазақстанда құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына 550 млн теңге аударды.
«Қаңтар айының басындағы қайғылы оқиғалар кезінде Алматыда 32 «жедел жәрдем» көлігі және медициналық ұйымның 1 автомобилі зардап шекті. Сондықтан бүгін берілген реанимобильдер – бұл өте жақсы көмек, әсіресе коронавирустық инфекцияның өсуі және «жедел жәрдем» қызметіне жүгінулер саны артып келе жатқан кезеңде үлкен көмек», – деп атап өтті Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев.
Қазақстанда 2018 жылдан бастап ұсынылған Hyundai H350 Ambulancе моделі – озық медициналық жабдығы бар санитариялық көліктің жоғары технологиялық түрі. ЖТА аппараттарының кең мүмкіндіктері 500 граммнан басталатын нәрестелердің өкпесін желдетуге мүмкіндік береді. Оттегі мөлшері арттырылған (24 литр) Hyundai H350 Ambulancе реанимобилінде жедел жәрдем бригадалары пациентті облыстың кез келген нүктесінен облыс орталығына үздіксіз желдету режимінде тасымалдай алады. Сонымен қатар, Hyundai H350 Ambulancе реанимобилінде дефибриллятордың модификациясы жақсартылып, беріктік қоры арттырылған.
Hyundai H350 Ambulance реанимобилінде жұмыс істеу тәжірибесі бар дәрігерлер автомобильдің сенімділігін, қауіпсіздігін, функционалдығын және қызмет көрсетудегі қарапайымдылығын атап өтеді. H350 Ambulance-тың маңызды артықшылығы – жүрістің жайлылығы мен жұмсақтығы, бұл дәрігерлерге стационарға барар жолда жан сақтау іс-шараларын толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді.
Hyundai H350 Ambulance автомобилі Кеден одағының техникалық регламентіне, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жолаушыларды тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын талаптарына сәйкес келеді және Еуро-5 экологиялық стандарттарына жауап береді.