HYUNDAI TRANS KAZAKHSTAN КӨШПЕНДІЛЕРІ: АРМАННАН ЖАҺАНДЫҚ МАҚСАТҚА ДЕЙІН
Informburo.kz "Астана Моторс" компаниясымен бірге заманауи "темір тұлпарларды" өндіретін қазақстандықтардың өмірі, жұмысы және көздейтін мақсаттары жайында баяндайды.
"Сапалы, сенімді" – Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жұмысындағы басты принциптер. Зауыттықтар Hyundai Motor Company компаниясының жоғары стандарттарын қатаң сақтап, өз автокөліктерінің сапасына сенімді. Бұның дәлелі – 5 жылға немесе 100 мың жүріске берілетін кепілдік және отандық кәсіпорынның автокөліктеріне өсіп бара жатқан сұраныс.
Алдымен зауыттың бірінші даму сатысынан қалай өткені және Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жоспарлары туралы аздап айтып береміз, ал одан кейін автокөліктерді өндіру процесін уысында ұстайтын адамдармен танысамыз.
2022 жылы Hyundai Trans Kazakhstan жылына 45 мың автокөлік құрастыратын толық өндіріс қуатына шығады.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты іске қосылған сәтінен бастап, Hyundai Motor Company стандарттары бойынша 1300-ден астам технологиялық операцияны меңгеріп, Hyundai Accent, Elantra, Sonata, Creta, Tucson, Santa Fe және Palisade көліктерінің 30 мыңнан астам бірлігін шығарды.
Hyundai Trans Kazakhstan жұмысының бірінші жылында 2,5 млрд теңгеден астам салық төледі.
Жаңа жылда кәсіпорын Hyundai брендінің әлемдік бестселлері – Tucson кроссоверінің ұсақ тораптық өндірісіне көшеді. Осылайша, Hyundai Trans Kazakhstan шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен Hyundai Accent және Tucson атты екі модельді өндіретін болады.
2020 жылдың күзінде «Астана Моторс» компаниясы Hyundai Trans Kazakhstan атты еншілес кәсіпорынды іске қосатынын жариялады. Іс жүзінде зауыт өз жұмысын 2020 жылдың сәуірінен бастады, ал оның тарихы 2019 жылдың сәуірінде Алматы Индустриялық аймағында Hyundai Trans Kazakhstan құрылысының капсуласын салған кезде басталған.
Жобаның іске асырылуы COVID-19 пандемиясы басталған уақытқа тұспа-тұс келіп қалды. Зауыт командасы мықты шынықты, қазіргі таңда Hyundai әлемдік автокөлік брендінің жеті моделінің өндірісін ұлғайтуда.
Әлем жамағатының есінде 2021 жыл адам тіршілігінің барлық саласы, соның ішінде автокөліктер нарығы үлкен дағдарысқа ұшыраған ең күрделі кезеңдердің бірі ретінде қалады. Құрамдас бөлшектердің жіті тапшылығына, логистикалық тізбектердің «бұзылуына», автокөлік компоненттері, болат пен логистика бағасының айтарлықтай секірісіне байланысты Еуропадағы, Оңтүстік Шығыс Азиядағы, Жапониядағы, АҚШ-тағы автокөлік өндірушілер өз өндірісін тоқтатып қойды немесе 30-40%-ға қысқартты.
Hyundai Trans Kazakhstan жаңа сын-қатерге бас тікті. Зауыттың бастапқы мақсаты жылына 45 мың автокөлікті құрайтын өндірістік қуатқа қол жеткізу болды. Енді кәсіпорын 14,5 мың шаршы метрге кеңейіп, Hyndai Trans Kazakhstan зауытының қуаты жылына 75 мың бірлікке дейін артады.
«Жаңа Hyundai автокөлігін сатып алғысы келетіндер саны артып келеді және біздің бүгінгі басты міндетіміз – кәсіпорнымыздағы автокөліктер өндірісінің өсу қарқынын қамтамасыз ету. Біз Hyundai Motor Company компаниясымен Алматыдағы зауыт үшін компоненттер жеткізіліміне берілетін квоталарды арттыру туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұған қоса, жүктер Қытай шекарасында үнемі кідіріп қалатындықтан, біз құрамдас бөлшектер жеткізілімінің балама бағдарларын әзірлеп жатырмыз», – дейді «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
«Сапалы, сенімді» – бұл Hyundai Trans Kazakhstan жұмысының басты принциптері. Зауыттағылар Hyundai Motor Company компаниясының жоғары стандарттарын қатаң түрде сақтайды және өз автокөліктерінің сапасына сенімді. Мұның дәлелі – 5 жылға немесе 100 мың км жүруге берілетін кепілдік және отандық кәсіпорын автокөліктеріне артып келе жатқан сұраныс.
Hyundai Trans Kazakhstan тарихының дамуымен Hyundai брендінің танымалдығы және туған жер табиғатының әдемілігін жоғары бағалаған қазақстандықтар үшін пандемия кезеңінде трендке және сүйікті ісіне айналған автокөлікпен саяхат жасау танымалдығы белсенді түрде артып келеді.
Көне көшпелі халықтың өмір салты Mimioriki отандық балалар киімі брендінің негізін салушыларды ата-бабаларымыздың мәдени-тарихи мұрасының құндылықтарын әлемге паш ету үшін Global Nomads отбасылық брендін шығаруға шабыттандырды. Hyundai Trans Kazakhstan зауытының қызметкерлері идеяны қолдап, көшпенділердің кейпіне еніп, Алматыда өздері шығаратын автокөліктермен саяхатқа аттанды. Әріптестер 2021 жылғы алтын күздің соңғы жылы күндерін Іле Алатауының тау бөктерінде отбасыларымен бірге өткізді.
«Астана Моторс» компаниясы мен біздің құндылықтарымыз ортақ және біз оларды өзіміздің бірлескен коллаборациялық жобамызда көрсетуге тырыстық «Нағыз көшпендінің құндылықтары – еркіндік, қозғалғыштық, саналы түрде тұтыну, табиғатпен үндестік, отбасы мен тектілік басымдықтары, өз жеріне деген сүйіспеншілік, келешек ұрпақтар үшін дүниені тануға ұмтылу – біз осыларды Global Nomads атты брендіміздің негізіне салдық», – деп түсіндірді Global Nomads негізін салушы Инна Апенко.
Наби Куватов, 33 жас. Жиынтықтаушы
Отбасымыздың құрылғанына жеті жыл болды. Әйелімнің есімі – Назира, төрт баламыз бар: 6 жасар Сезім, 5 жасар Димаш, 2 жасар Фариза және 1 жасар Әмір. Талдықорған қаласының тумасымын, 1994 жылы отбасыммен Алматыға көштік.
Отанымды сүйемін. Кең байтақ еліміздің көптеген жеріне – Таразға, Түркістанға, Нұр-Сұлтанға, Өскеменге және басқа да қалаларына барып көргенмін. Алыс және қысқа қашықтықтарға саяхат жасағанды жақсы көремін, маған тауларымыз, әсіресе Ассы үстірті ұнайды. Автокөлікпен бүкіл Қазақстанды шарлап шығуды армандаймын.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытына HeadHunter сайтындағы хабарландыру бойынша жиынтықтаушы болып орналастым, одан кейін мені ауысым бригадирі лауазымына тағайындады. Мен құрамдас бөлшектердің құрастыру желісіне уақытылы берілуін бақылаймын, әр қызметкер жұмысын адал және сапалы орындауы үшін өз бригадамның жұмысын қадағалаймын.
Өз ісімді жақсы көремін және Қазақстандағы машина жасау ісін дамытуға үлес қосып жатқанымды мақтаныш көремін. Отбасым да әкесінің өндірісте жұмыс жасайтынын мақтан тұтады.
Отбасымыздың өз дәстүрі бар. Мысалы, әдетте, бос уақытым аз болады, бірақ әйелімнің қолы бос емес кезде, балалар дәмді бірдеңе жегісі келсе, оларға қуана-қуана пицца пісіріп беремін.
Отбасымыздың басты құндылықтары – өзара түсіністік, қолдау, құрмет және сүйіспеншілік. Мен балаларымды жауапты, адал, тәртіпті және еңбекқор етіп тәрбиелеуге тырысамын.
Біз отбасыларымызбен, әріптестерімізбен уақытты керемет өткіздік, табиғат аясына тамаша серуен болды! Машиналарымыз өздерін «өте жақсы» танытты, жайлы, маневрлі, саяхаттауға нағыз қажет екен. Атқа мініп серуендегенді де ұнатамын, бірақ автокөлік жүргізгенде жағдайды қадағалайсың, ал атты басқару – болжап білуге келмейтін іс. Сондықтан автокөлік – заманауи көшпендінің сенімді серігі.
Еліміз өркендей берсін және бейбітшілік болсын, отандастарыма денсаулық, амандық және жақсылық тілеймін.
Азамат Карбозов, 25 жас. Лак-бояу материалдарын қолмен жағу сырлаушысы
Мен Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында дүниеге келдім. 18 жасымда үйлендім, әйелімнің есімі – Венера, екі сүйкімді баламыз бар – 6 жасар ұлым Азат және 2 жасар қызым Аяна. Болашақ жұбайыммен 2011 жылы Agent Mail.ru әлеуметтік желісінде танысқанбыз. Сол кезде мен – 15 жаста, ал Венера 14 жаста еді. Ол Алматыдан екі жүз шақырым жердегі Қордай қаласында тұратын. Интернетте араласатынбыз. Венера Алматыдағы туыстарына қонаққа келген кезде, оны алғаш рет көрдім. Алғашқы кездесуден кейін сүйіктімді көру үшін Қордай қаласына баратынмын. Біз бала болдық, ата-анамыз біліп қоймайтындай кездесіп жүрдік. Таңғы сағат 7-де мен Қордай қаласына шығып, түстен кейін кері қайтатынмын. Екі жылдан кейін Венераға Алматыда оқуға ұсыныс жасадым, ол ата-анасын көндіріп, осылай бір-бірімізге жақынырақ болдық.
Әзірше, Қазақстанның қалалары мен көрнекті жерлерінің біразын ғана көріп үлгердік. Мен Ақтөбе қаласында іссапармен болдым, Қарағандыдағы туыстарымда қонақ болдым және Солтүстік Қазақстан облысында демалдым. Көкшетаудың табиғаты өте әдемі, орман, көк шалғын, ал желді күні шөптің басы дәл кинодағыдай жайқалып тұрады. Көкшетаудан Бурабайға аттандым – сірә, бұл мен болған жерлердің ең әдемісі болса керек. Ол жақта ауа райы жиі құбылады, бес минут бұрын күн шығып тұрып, кенет жаңбыр жауып кетеді, ал бірнеше минуттан кейін тағы күн жарқырап шыға келеді. Қазақстанда таңғалдыратын жерлер көп, отбасымызбен ата-бабаларымыз тұрған туған жерлерімізге саяхат жасауды армандаймыз.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытына HeadHunter қолданбасы арқылы орналастым. Түйіндемемді қалдырдым және кадр бөлімі маған қайта қоңырау шалды. Мен бояу цехында сырлаушы болып жұмыс істеймін. Менің міндетім – болашақ автокөлік шанағына лак-бояу материалын жағу. Өз ісімде бірінші кезекте материалды жағу процесінің өзін және шанаққа қарап, «бұны мен істедім» деп ойлайтын кездегі соңғы нәтижені ұнатамын.
Жұмысымызда ең бастысы – Hyundai компаниясының барлық стандарттарын қатаң сақтау. Бұл өте жоғары талаптар, қате жіберуге болмайды. Туыстарым мен достарым осындай кәсіпорында жұмыс істейтінімді мақтан тұтады.
Жұмысыма ерекше қызығушылық танытатын адам – ұлым. Ол қандай машиналарды, қандай түске бояғанымды күн сайын сұрайды, оны жұмысқа алып баруымды өтінеді және армандайды, автокөліктерді қалай бояйтынымды көргісі келеді. Зауытымызда Family Day болады, бұл – кәсіпорындардың қызметкерлері өз отбасыларын өндірісті көруге, күнді бірге өткізіп, спартакиадаға қатысуға шақыратын, туыстарын әріптестерімен таныстыратын дәстүр, сол кезде балаларым мен жұбайым зауытымыздың қалай жұмыс істейтінін көре алады.
Біздің басты құндылығымыз – үлкенге құрмет. Балаларымның бойында адалдық сияқты қасиетті тәрбиемен қалыптастырамын, адамдарда ең алдымен адалдықты бағалаймын.
Барлық қазақстандықтарға денсаулық, бір-бірін құрметтеуді, еңбекқор болуды тілеймін. Әр қазақстандық өз ісін сүйсе, Қазақстан міндетті түрде табысқа жетеді деп ойлаймын.
Александр Асеев, 34 жас. Автокөлік диагностикасы мен тексерісі жөніндегі учаскенің слесарь-бригадирі
Мен Алматы облысының тумасымын. Отбасымызға 11 жыл болды, қызым Ангелина 10 жаста, ұлым Севастьян 3 жаста. Любовьпен Алматыда таныстық. Қазір әйелім ұлымның күтіміне байланысты декреттік демалыста, сонымен бірге ол үлкен қызым Ангелинаға сабақ оқуға көмектеседі.
Біз Қазақстанның жолдарымен, Алматыны, Таразды, Шымкентті, Түркістанды, Қызылорданы, Аралды, Ақтөбені қосқан Батыс Еуропа-Батыс Қытай автокөлік жолымен саяхат жасағанды ұнатамыз. Тарихи жерлерде жиі боламыз, балаларымызды Алматының және Алматы облысының көрнекті жерлерімен таныстырамыз.
Мен алыс қашықтыққа саяхат жасағанды ұнатамын, туған жерімде де, шекара маңындағы елдерде де автокөлікпен саяхаттауда үлкен тәжірибем бар. Алматыдан Еуропаның өзіне дейінгі жолды жүріп өтсем жақсы болар еді, бұл менің арманым.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытына аз тонналы коммерциялық техникаға қызмет көрсету саласындағы онжылдық жұмыс тәжірибеммен келдім. Кәсібімнің жаңа қырларын байқап көргім келді, Алматыда жеңіл автокөліктер өндірісі жөніндегі зауыттың салынып жатқаны туралы жаңалықтар репортажын көргенімде, өз түйіндемемді жіберуді шештім. Мені бетпе-бет тілдесуге шақырды және қазір автокөлік диагностикасы мен тексерісі жөніндегі учаскенің слесарь-бригадирі лауазымында қызмет атқарамын. Біз автокөліктердің диагностикалық тестілерін, солардың ішінде жол сынақтарын жүргіземіз.
Жұмысымдағы басты талап – өндірілетін автокөліктерді тексеру кезінде аса зейінді болу, себебі біз автокөліктеріміздің сапасы үшін жауап береміз.
Мен өз ісімді мақтан тұтамын және автокөліктерімізді Қазақстанның жолдарында көрген кезде, өз отбасыма осы автокөліктің біздің зауытта өндірілгенін мақтанышпен айтамын.
Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, амандық, бақыт және жеткен нәтижесімен тоқтамауын, үнемі тек алға ұмтылуын тілеймін!
Қадірболат Василин, 34 жас. Дәнекерлеуші
Сабина екеуіміздің үйленгенімізге тоғыз жыл болды. Үлкен ұлымыз Диас екінші сыныпта оқиды, кіші ұлымыз Мирас бала-бақшаға барады. Жұбайыммен студенттік жылдары танысқанбыз, мен – технологиялық университетте, ал Сабина медициналық университетте оқыды.
Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласының тумасымын. Еліміздің түрлі қалаларында болғанмын, отбасыммен табиғат аясына көлікпен шыққанды жақсы көремін және автоүймен үлкен саяхатқа аттануды армандаймын. Жалпы балалық шағымнан техниканы жақсы көретінмін, әкеме машиналарды жөндеуге көмектескенім есімде. Сондықтан тағдырым автокөліктермен байланысты болуы керек, Hyundai Trans Kazakhstan зауытына келгенге дейін осы салада жұмыс істегенмін.
Зауытта автокөліктерді ең басынан бастап өндіру жолы қызық болатын. Түйіндеме жібердім, тілдесуден өттім, пісіру цехына түзетуші болып орналастым.
Әр істің өз қиындықтары болады. Автокөлік өндіру – ерекше жауапкершілік, себебі біз техникамен жұмыс істейміз, мұнда бәрі тиянақты жұмыс істеуі керек. Әр шанаққа жеке тәсіл қолданамыз, зейінділік, ісіміздегі ұқыптылық маңызды.
Қазір көлік – байлық көрсеткіші емес, қозғалыс құралы. Автокөлік шаруаңды тындыру немесе отбасыңмен демалысқа аттану үшін керек, қазір Қазақстанды автокөлікпен шарлау кеңінен таралып келеді, бізді көптеген адамдардың Hyundai кроссоверлерімен табиғатқа шығатыны сүйсіндіреді, ол көліктер өздерін жақсы жағынан танытты.
Туыстарым мен достарым кәсібіме қызығушылық танытады, бәрі автокөлік өндіру процесінің өту жолын өз көзімен көргісі келеді. Олар әрқашан және әр істе мені қолдайды. Біздің отбасылық дәстүріміз бар – демалыс күндері қонақ күтіп, кәуап пісіреміз. Табиғат аясына шығамыз, балық аулағанды ұнатамыз.
Зауытта да өзіндік дәстүрлер қалыптасып қойды – кәсіби мейрам Машина жасаушылар күні мен әріптестеріміздің туған күндерін бірге тойлаймыз, фитнес-клубта спортпен айналысамыз, зауыт бізге біржылдық абонемент ұсынады. Кәсіпорын аумағында баскетбол, волейбол және футбол алаңдары бар, сонымен қатар өз футбол командамыз бар.
Отбасымыздың басты құндылықтары – үлкендерге құрмет және өзара түсіністік. Мен адамдардың адалдығын, игі ниеттілігін бағалаймын және балаларымды адал болуға үйретемін.
Қазақстанға бейбітшілік пен өркендеу тілеймін, әр үйде бақыт болсын, үлкен тату отбасымыз Hyundai Trans Kazakhstan табысқа жете берсін.
Бүгінгі таңда Hyundai Trans Kazakhstan зауытының ұжымында 700-ден астам маман еңбек етеді. Зауыттың отбасы үлкен әрі мықты болуда. Зауыттың жұмыс істеген уақыты ішінде қызметкерлер арасынан төрт ерлі-зайыптылар жұбы құрылып, 46 бала дүниеге келді. Сондықтан жақын арада зауыттың өз отбасылық жатақханасы пайда болады.
Зауыттықтардың мықты рухын қолдайтын басты жайт – нағыз достық пен ортақ мақсат.
Дереккөз: informburo.kz