Мемлекет басшысы «Астана Моторс»компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұловты қабылдады
Президентке кәсіпорын жұмысының нәтижесі, Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібін дамытуға және оның жергілікті үлесін арттыруға бағытталған индустриялық жобаларды жүзеге асыру жайында мәлімет берілді.
Нұрлан Смағұловтың айтуынша, «Астана Моторс»құрамындағы компаниялар былтыр жергілікті және республикалық бюджетке 140 миллиард теңге көлемінде салық, баж, алымдар және басқа да міндетті төлемдер төлеген. Бүгінде кәсіпорында 6 489 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 1 615 адам өндірісте қызмет етеді.
Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty зауыттары былтыр 48 857 жеңіл көлік және 981 коммерциялық техника шығарған.
Қасым-Жомарт Токаевқа Chery, GWM (Haval), Changan маркалы автокөліктерді өндіретін мультибрендтік «Астана Моторс»Manufacturing Kazakhstan зауытының құрылысы жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды. Бұл зауыттың қуаты жылына 90 мың автокөлік шығаруға жетеді. Оның 40 пайызы ішкі нарықта сатылса, 60 пайызы экспортқа жіберіледі. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланған. «Астана Моторс»компаниясы 2027 жылы дәнекерлеу және шанақты бояумен қоса алғанда, көлікті толығымен ұсақ бөлшектерден құрастыруға көшуді басты мақсат етіп отыр.
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін, соның ішінде машина жасау ісін дамыту индустриялық саясаттың басымдығы саналатынын атап өтті.
Дереккөз: https://akorda.kz