Hyundai Trans Kazakhstan зауытының машина жасаушылары – кәсіпке деген сүйіспеншілік туралы
Hyundai автокөліктерін кім және қалай өндіреді?
Бір жыл бұрын Алматы картасында жаңа атау пайда болды — Hyundai Trans Kazakhstan. Кәсіпорынның негізін салушы — «Астана Моторс» компаниясы.
2020 жылдың сәуірінде зауыттың жеңіл автокөліктерді өндіретін бірінші кешені жұмыс істей бастады, ал қазан айында ақпараттар легінде толық циклді өндірістің ресми іске қосылғаны туралы хабарланды.
Индустриялық аймақтағы автокөлік кәсіпорны көптің назарында: біреулерге Hyundai автокөліктерінің өндірілуі қызықты, екіншілері әлемге танымал автокөліктерді құрастырғысы келеді.
Біз Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жұмыскер әйелдерімен танысып, олардың өз ісіне және өмірге деген махаббаты туралы хикаяларын жазып алдық.
Зоя Васильева
Дәнекерлеуші, дәнекерлеу цехы
Тараз қаласының тумасы. Төрт баласы бар. Хоббиі – кітап оқу, компьютерлік ойындар.
Мектепте оқыған кезімнен бері алысқа қатынайтын жүргізуші боламын деп армандайтынмын. Арманым орындалды деуге болады – тағдыр автокөліктермен тоғыстырды.
Көп адам мені ауыр атлетикамен айналысады деп ойлайды, мұның себебі – қара жұмысты жақсы көремін, ерлердің кәсіптері мені әрдайым қызықтыратын. Еңбек жолымды 15 жасымда «Жамбыл қант комбинатында» бастағанмын. Кеңес Одағы кезінде ұшақтарда жолаушыларға қағазға оралған екі шақпақ қант берілетін, сол шақпақтарды біз баспақтайтынбыз. Уақыт өте келе, газбен және электрмен дәнекерлеуші мамандығын оқып алып, газбен және электрмен дәнекерлеуші, арматурашы, бетоншы, балташы-слесарь болып жұмыс істедім. Балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарына арналған түрлі нысандарды өндіретін компанияда балташылар бригадасының бригадир-шебері қызметін атқардым. Бірінші кезекте өзім үлгілі жұмыскер болуға тырыстым, содан кейін ғана бригададан жұмыс істеуді талап еттім, мұны ертең ешкімнен «Ал өзің ше?» деген жағымсыз сұрақты естімеу үшін істедім.
Көпжылдық дәнекерлеуші тәжірибемнің болуына байланысты шанақ дәнекерлеу цехында жұмыс істеуді армандаймын және қазір оқудан өтіп жатырмын. Жұмыс принципі маған жақсы таныс, міндетім – мен үшін жаңа дәнекерлеу түрін меңгеру.
Мектепте оқыған кезімнен бері алысқа қатынайтын жүргізуші боламын деп армандайтынмын. Арманым орындалды деуге болады – тағдыр автокөліктермен тоғыстырды
Процесс
Автокөлік тарихы дәнекерлеу цехынан басталады. Осы жерге болашақ автокөліктің арнайы жабдықта «пісірілетін» қалыпталған бөлшектері – алдыңғы, артқы бөліктер, бүйірлер, төбе панельдері, еден келіп түседі. Одан кейін осының бәрі негізгі кондукторда біріктіріліп, VIN-код басылады, есіктер, жүксалғыш қақпағы, капот, шанақ ілінеді де, бояу цехына жіберіледі.
Автокөліктері
Зауытта мені әдемі машиналар қоршайды, алты модель, әрқайсысының өз тарихы, өз мінезі, ерекше энергетикасы бар. Маған Hyundai Sonata және Elantra модельдері қатты ұнайды, олардың арасында жасылдау түсі бар, тамаша көрінеді. Осындай автокөлікпен туған Таразыма барғым келеді. Жалпы айтқанда, Santa Fe моделімен барсам, әдемі болар еді. Таразда анам, туыстарым, достарым, бұрынғы әріптестерім тұрады, оларға осындай тамаша машинамен баратынымды елестетіп көріңіз, керемет!
Әйел күші
Әйел күші – ұстамдылықта. Мен – жесір әйелмін, есейген екі қызым бар, олар бөлек тұрады, өзіммен бірге екі ұлым тұрады, олардың біреуі – бала жасынан мүгедек (БЦС). Өмірге келгеніме қуаныштымын, балаларыммен бірге – бір ұйымбыз және сүйікті ісім бар. Зауытта жақсы адамдар жұмыс істейді, жұмысқа да, үйге де жақсы көңіл-күймен барасың, ал біреудің көңіл-күйі жоқ болса, позитивпен бөлісемін.
Сүйікті жандарға арналған тағамы
Ұлдарымнан түскі немесе кешкі асқа не жегісі келетінін әрдайым сұраймын, ұлдарым сұраған тағамды әзірлеймін.
Сыры
Өз балаларымды, анамды жақсы көремін, мені дүниеге әкеліп, аялап өсіргені үшін оған алғыс айтамын. Балаларым әрқашан менің жанымда болғанын қалаймын.
Гүлнар Ахментаева
катафорез учаскесінің шебері, шанақты бояу цехы
Мамандығы бойынша инженер химик-технолог. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Екі баласы бар. Хоббиі — тау туризмі, табиғат аясындағы отбасылық демалыс.
Кәсібі
Балалық шағымнан зауытта жұмыс істеймін деп айтатынмын, жай ғана солай шештім, болды. Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰЗТУ-ды (бұрынғы «Политех») бітіріп, Киров атындағы машина жасау зауытына келдім. Директор бойжеткеннің техникалық білімі бар болғанына және өндіріске ұмтылатынына қатты қуанды. «Қызыл-ту» электр қондырғы бұйымдары зауытына ұсынылдым, ол жерде инженер химик-технологтың көмекшісі болып орналасып, кейін өз бетіммен жұмыс істедім.
Жеті жылдан кейін басқа кәсіпорынға алюминийді анодтау цехының бастығы қызметіне ауыстым, ал өткен жылы мені Hyundai Trans Kazakhstan зауытына шақырды.
Ұсынысты қабылдағаныма қуаныштымын: жаңа кәсіпорын, тұрақтылық, ұйымшыл ұжым, жақсы жетекші. Осы жерге келгім келеді, екінші отбасым осында.
Процесс
Шанақ дәнекерлеу цехынан бізге – бояу цехына келіп түседі, мұнда ол алдымен бояуға дайындау процесінен – тазартудан, майсыздандырудан, активациядан және фосфаттаудан өтеді, одан кейін электршөктіру жолымен шанаққа катафорездік астар жағылады – бұл коррозиядан қорғайды. Шанақ 30 минут бойы кептіру пешінде 180 градус температурасында ұсталып, одан кейін мастика учаскесіне жіберіледі. Жалпы алғанда цехта 14 ванна бар: тоғызы дайындау желісінде – тазарту, шаю, активация, фосфаттау, бесеуі – катафорез желісінде.
Автокөліктері
Балаларым анасының автокөлік өндіретінін мақтан тұтады. Әр таңда олар мені шығарып салып, сәттілік тілейді. Күйеуіммен ортақ тақырыпқа әңгімелесеміз, ол – жүргізуші. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл өмірім автокөліктермен байланысты, тіпті, түнде де жұмысымды жалғастырамын, себебі зауытымыз түсіме кіреді.
Ең алдымен отбасыммен бірге Шымкенттегі анамның үйіне бару үшін біз өндіретін модельдердің ішінде Santa Fe моделін армандаймын.
Балаларым анасының автокөлік өндіретінін мақтан тұтады. Әр таңда олар мені шығарып салып, сәттілік тілейді
Әйел күші
Қазақта: «Қыздың қырық жаны бар» дейтін мәтелі бар. Әйел феникс құсы сияқты қайта тіріледі, ол кез келген қиыншылыққа төзе алады. Әйел күші – парасаттылық, даналық және төзімділік.
Сүйікті жандарға арналған тағамы
Мейрамдарда дәстүр бойынша анамның, әжемнің рецептісімен ет пісіремін. Бұл ең дәмді және сүйікті тағам
Сыры
Балаларымды, жолдасымды, анамды және айналысып жүрген ісімді сүйемін. Алда көп қызық күтіп тұр, керемет Hyundai Trans Kazakhstan зауытында бар тәжірибемді жүзеге асырғым келеді. Мен – ең бақытты адаммын, екі отбасым бар – туғандарым мен жұмысым, олар мені жігерлендіреді, мен кез келген биік шыңды бағындырып, алға басуға дайынмын.
Елена Волкова
әрлеуші-сырлаушы, бояу цехы
Алматы облысының тумасы. Хоббиі — кітап оқу (романдар, фантастика), табиғат аясында серуендеу.
Кәсібі
Үйімізде ТҚКС болған. Кішкентай кезімнен әжемнің, атамның және ата-анамның автокөліктерді бояумен айналысқанын бақыладым, сондықтан әуестеніп, әулетті жалғастырамын деп шештім.
Екі білімім бар – «автокөліктерді жөндеу және пайдалану жөніндегі слесарь» және «техник-механик». Колледждегі оқуым кезінде ТҚКС-та тағылымдамадан өттім: шанақтарды астарладым, тегістедім, боядым, лак жақтым. Hyundai Trans Kazakhstan зауытында әрлеуші-сырлаушымын, шеберханада суретші болып жұмыс істеймін деуге болады. Зауыт жоғары білім алуға мүмкіндік береді және мен университетке түсуді жоспарлап жүрмін, автокөлік ісіндегі біліктілігімді одан әрі арттырғым келеді.
Зауыт жоғары білім алуға мүмкіндік береді және мен университетке түсуді жоспарлап жүрмін, автокөлік ісіндегі біліктілігімді одан әрі арттырғым келеді
Процесс
Бояу цехында шанаққа базалық астар қабаты жағылып, кептіріледі. Одан кейін болашақ автокөлікке бояу, лак жағамыз. Кептіруден кейін боялған шанақ соңғы сапа бақылауынан өтіп, құрастыру цехына жіберіледі.
Автокөліктері
Hyundai Sonata және Elantra — осы көліктер жүрегімді тебірентті, жолда жақсы жүреді. Сүйіктіммен бірге әртүрлі қалаларды аралап, автосаяхат жасағым келеді.
Сүйікті жандарға арналған тағамы
Бәліштерді қуана пісіремін, менің фирмалық бәліштерім – ет қосылған бәліш және шарлотка.
Сыры
Өмірді, отбасымды, жұмысымды жақсы көремін. Менің жолым енді басталды, бәрі қолымнан келеді, сондықтан бәріне айтарым: егер өз арманыңызға жол бастасаңыз, тоқтамаңыз, сонда бәрі міндетті түрде ойдағыдай болады!
Дина Ахметова
ұсақ торапты өндіріс желісінде механикалық құрастыру жұмыстарының слесарі
Алматы қаласының тумасы. Хоббиі — волейбол, фитнес, тау туризмі.
Кәсібі
Мен бет әрлеуші болуды армандағанмын, суретші-сәнгер мамандығын алдым, бірақ бұл менің әуестігім емес екенін тез түсіндім. Қазақ қатынас жолдары университетін бітіріп, сегіз жыл бойы «Тұлпар-Тальго» пойызында жолсерік болып жұмыс істедім, елді шарлап, Қазақстан табиғатының әсемдігіне сүйсіндім.
Құрбымнан Алматыда Hyundai Trans Kazakhstan зауыты салынғанын және бойжеткендер үшін автокөліктерді құрастыру слесарінің бос жұмыс орны бар екенін білдім. «Ерекше, қызық» деп ойладым да, тәуекел еттім, осындай шешім қабылдағаныма қуаныштымын.
Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібі белсенді дамып келеді, мұнда заманауи технологиялар қолданылады және кәсіби өсу үшін зор перспективалар бар, машина жасау саласында жоғары білім алуға болады. Маңызды нәрсенің бір бөлігі болғым келді.
Процесс
Біз бояу цехынан шанақты қабылдап аламыз, автокөліктің интерьерін орнатамыз – төбе мен еденді қаптаймыз, аспаптар тақтасын, орындықтарды, артқы және алдыңғы аспаларды құрастырамыз, беріліс қорабын, қозғалтқышты орнатамыз. Барлық бөлшектің құрастырылуы аяқталғаннан кейін автокөлікке антифриз, май, тежегіш сұйықтығы мен басқа да қажетті сұйықтықтар құйылады. Одан кейін автокөлік сапаны бақылау бекетіне жіберіледі, мұнда техникалық бақылау бөлімінің (ТББ) мамандары дөңгелектердің геометриясын, тежегіштердің жарамдылығын, фаралар жарығының реттелуін тексереді. Одан кейін машинаның гидрооқшаулануы сыналады. Соңғы бақылау тексерісінен кейін автокөлік зауытымыздың полигонында өтетін тест-драйвке жіберіледі, егер машина тексерістен сәтті өтсе, ол дилерге сатылымға түседі. Бұл қызықты процесс, жұмыс барысында уақыттың тез өте шыққанын байқамай қаламыз.
Автокөлікті еркін бөлшектеп, құрастыра алуым үшін барлық кезеңнен өтіп, өндірісті зерттегім келеді.
Автокөліктері
Желіде әрбір жұмыскердің өз бекеті бар. Автокөлікті еркін бөлшектеп, құрастыра алуым үшін барлық кезеңнен өтіп, өндірісті зерттегім келеді.
Маған біз өндіретін барлық модель ұнайды, әсіресе Hyundai Elantra және Sonata модельдері қатты ұнайды. Осындай автокөлікпен Еуропаға турға аттанғым келеді.
Әйел күші
Тек сыртқы емес, сондай-ақ ішкі сұлулық, толыққандылық, өзіне сену – әйел күші осыда деп ойлаймын.
Сүйікті жандарға арналған тағамы
Мен әртүрлі тағамдарды, әсіресе пиццаны, жиі әрі сүйсіне әзірлеймін. Үйде бар азық-түлікті қосамын, үйдегіше дәмді болып шығады.
Сыры
Ата-анамды жақсы көремін, олардың дені сау, бақытты және әрқашан жанымда болғанын қалаймын.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытында мықты командамыз бар. Біз – әріптеспіз әрі доспыз. Жігіттердің өз футбол командасы бар, үзілістерде үстел теннисін ойнаймыз, бос уақытта зауыт ұсынған абонемент арқылы фитнес залында спортпен шұғылданамыз. Әрқайсымыз жұмысына беріліп, кәсіби өсуге бел байлаған қызметкерміз. Бірге біз табысқа қол жеткізуге және халықаралық құрметке иеленуге ұмтыламыз.
Юлия Мельник
ұсақ торапты өндіріс желісінде механикалық құрастыру жұмыстарының слесарі
Украинадағы Луцк қаласының тумасы. Бір ұл тәрбиелеп отыр. Хоббиі — спорт.
Кәсібі
Мен фармацевтикалық компанияның зертханасында жұмыс істегенмін. Алматының Индустриялық аймағына кездейсоқ келдім, Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жанынан таксимен өтіп бара жатқанмын. Жүргізушіден жаңа нысан туралы сұрастырып, бұл Hyundai автокөліктері өндірілетін зауыт екенін білдім.
Осындай кәсіпорынның қызметкері болу мүмкіндігі мені қызықтырып әкетті. Мен автокөлік өндірісі туралы түк білмейтінмін, бірақ жаһандық іс екенін түсінгенмін. Үйге келіп, ақпаратты зерттей бастадым – автоөнеркәсіп туралы YouTube бейнелерін көрдім, Hyundai бренді туралы, Hyundai Trans Kazakhstan зауыты және «Астана Моторс» компаниясы туралы жаңалықтарды оқыдым, жігерленіп, күшімді байқап көремін деп шештім.
Жүксалғыш пен бензин багына сымарқандар төселіп, педальдар, тұтқа бекітпелері орнатылатын бекеттен бастадым. Қызықты процесс, одан әрі не болатынын біліп, үнемі жаңа учаскелерді меңгергің келеді. Әрине, жұмысымыз жоғары жауапкершілікті және тәртіптілікті қажет етеді.
Осындай кәсіпорынның қызметкері болу мүмкіндігі мені қызықтырып әкетті. Мен автокөлік өндірісі туралы түк білмейтінмін, бірақ жаһандық іс екенін түсінгенмін
Автокөліктері
Әдетте, ұлыммен бірге жүзу жарыстарына барамын, ол – спортшы. Онымен бірге өзім туып-өскен Луцк қаласына барғым келеді, сапар шегу үшін Hyundai Sonata автокөлігін таңдайтын едім. Бала кезімде отбасымыз Алматыға көшті, ал балалық шағым өткен қалада туыстарым бар.
Әйел күші
Әйел шыдамды әрі төзімді, кез келген сын-қатерге дайын және әрқашан бастаған істі аяғына дейін жеткізеді.
Сүйікті жандарға арналған тағамы
Мен лағманды жиі әзірлеймін, ұлым оны қатты жақсы көреді.
Сыры
Ұлымды жақсы көремін және мақтан тұтамын, мүмкіндігінше оған бар жақсыны беруге тырысамын. Ата-анамның әрқашан жанымызда болғанын қалаймын, маған қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын!
Аружан Сарина
ұсақ торапты өндіріс желісінде механикалық құрастыру жұмыстарының слесарі
Алматы қаласының тумасы. Хоббиі – сәулет нысандарының суретін салу.
Кәсібі
Hyundai – танымал әлемдік бренд екенін, ал «Астана Моторс» ірі, табысты отандық компания екенін білгенмін. Hyundai Trans Kazakhstan зауытының құрылысы туралы естігенімде, өзімді сынап көріп, осындай ауқымды жобада жұмыс өтілін алғым келді. Мені кәсіпорын қызметкерлерінің автокөлік жасау бойынша заманауи технологиялар саласындағы біліктілігін Қазақстанда ғана емес, шетелде де арттыратыны қатты қызықтырды. Мен үшін бұл – кәсіби тұрғыдан дамудың, өз білім қорымды толықтырудың және сүйікті ісімнің маманы болудың керемет мүмкіндігі.
Автокөліктері
Автокөліктерге сүйіспеншілікті әкем бойыма сіңдірді. Оның автокөлікті жөндеп, күткенін бақылайтынмын, уақыт өте келе, өзім де әуестеніп кеттім. Hyundai Trans Kazakhstan зауытында өз тағдырымды машина жасаумен байланыстырамын деп шештім, бұл мәңгі жалғасады деп ойлаймын.
Өз Hyundai Sonata автокөлігіміз болады және сүйіктіммен бірге саяхатқа аттанамыз деп сенемін.
Автокөліктерге сүйіспеншілікті әкем бойыма сіңдірді. Оның автокөлікті жөндеп, күткенін бақылайтынмын, уақыт өте келе, өзім де әуестеніп кеттім.
Сүйікті жандарға арналған тағамы
Кілегей тұздығындағы тауық еті мен саңырауқұлақтар қосылған пастаны даярлағанды ұнатамын.
Әйел күші
Әртүрлі өмірлік жағдаятта әйел тағдырдың сын-қатерінен қорықпай, әрдайым тығырықтан шығу амалын табады. Әйел күші – оның өмір сүруге, сүюге және сүйікті болуға ұмтылысы.
Сыры
Ата-анамды сүйемін және маған берген бар нығметі үшін алғысым шексіз. Осы әлемге өз үлесімді қосу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын.
Бір жыл ішінде Hyundai Trans Kazakhstan зауытының ұжымы он адамнан 400 адамға дейін өсті. Толық қуатпен жұмыс істей бастаған кезде, мұнда түрлі саладағы 700 маман жұмыс істейді, ал бұл өз әуестігін тапқан қазақстандықтардың жаңа жігерлендіретін оқиғалары.
Дереккөз: www.the-village-kz.com
Фотосуреттер: Никита Басов
Photos: Nikita Basov