«АСТАНА МОТОРС» МАҚТААРАЛДА ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІ ЖИҺАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ.
"Астана Моторс" компаниясы Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Өргебас және Фирдоуси ауылдарының тұрғындары үшін жалпы құны 50,5 млн теңгеге жаңа жиһаздың 426 жиынтығын сатып алды. Жатын бөлмелердің алғашқы топтамасы жаңа қоныстанушыларға жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың мамыр айында Өзбекстан Республикасының Мақтаарал ауданындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан 895 отбасы баспанасыз қалды.Қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, елді мекендерде үйлер салу және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, ауданда 9 әлеуметтік нысан және 895 тұрғын үй, оның ішінде Фирдоуси ауылында 314 үй және Өргебас ауылында 195 үй салынуда.
"Үйіміз су тасқынынан қирап қалған еді. Үкімет үй салуға ақша бөліп, сол қаржыға мына әдемі үйді салдық. Ал енді "Астана Моторс" компаниясы жататын бөлмесіне жиһаз сыйлады. Мен де, отбасым да өте қуанышты. Алғысымды білдіремін, Аллаһ разы болсын, жұмыстарыңызға табыс тілеймін", – деді Өргебас ауылының тұрғыны Гүлмира Әбутаева.
"Бүгінгі таңда ауданда 80 үй салынды, 19 көше жөнделді, әлеуметтік нысандар салынуда, мектептер оқу жылына дайын. "Астана Моторс" компаниясы да өзінің назарынан тыс қалдырмай, зардап шеккен отбасылардың үйлерінде жайлы жағдай жасау үшін жиһаздармен қамтамасыз етіп, үлкен көмек көрсетіп жатыр", – деп айтты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
"Біз Мақтаарал ауданында мыңдаған адамдардың өз үйлерінен айырылғаны туралы хабарға қатты қайғырдық. Бүгінгі таңда ауылдардағы өмір мемлекет пен жеке қорлардың қолдауымен қалпына келтірілуде. "Астана Моторс", өз кезегінде, 50,5 млн теңге қаржы бөліп, оларды жаңа қоныстанушылар үшін жиһаз шығаруға аударды. Бұл әр отбасы үшін жаңа бақытты оқиғаның бастамасы болсын",– деп атап айтты "Астана Моторс" компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
"Астана Моторс", Astana Group еншілес компаниясы, тұрақты түрде атаулы әлеуметтік қолдау көрсетеді және отандастарымызға төтенше жағдайлар кезінде көмектеседі.
2019 жылы Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындарына 20 млн теңге және гуманитарлық көмек жіберілді. COVID-19 індетіне байланысты ТЖ режимі кезінде ұйымдастырылған медицина қызметкерлеріне көмек көрсету қоры №1 ҚКА, ЖМЖА және Алматы жедел жәрдем станциясының қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Күніне 1300 медицина қызметкеріне тамақ жеткізілді. Ағымдағы жылдың мамыр айында компания елорданың фтизиопульмонологиялық орталығы үшін "multiFiltrate жедел диализ жүйесі" медициналық техникасын сатып алуға 51 млн теңге бөлді. Бұдан өзге, "Астана-Моторс" компаниясы Алматы қаласының стационарларына ӨЖЖ аппаратын сатып алу үшін ZHANARTU қайырымдылық қорына 41 млн теңге жіберді.
Мақтаарал ауданының тұрғындарын жиһазбен қамтамасыз ету жобасы "Түркістан" ӘКК" АҚ жанындағы "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы жүзеге асырылды.