Made in Қазақстан. Белорустар үшін Hyundai автокөліктерінің қалай жасалатынын көрдік

Жақын арада белорустар Қазақстанда құрастырылған Hyundai автокөліктеріне ауысып отырады. Santa Fe және Sonata модельдерінің бірінші партиясы Алматыдан Минск қаласына жеткізіліп қойды және көп кешікпей салондарда пайда болады. Таяуда белорустық журналистер Hyundai Trans Kazakhstan зауытына барып, жаңа машиналардың жарыққа шығу процесін бақылап көрді.

Темір кесектері мен көптеген бөлшектердің әдемі автокөлікке айналуы – әсерлі көрініс. Алдымен металл қалыптар бір-біріне пісіріп біріктіріледі де, шанақ құралады, содан кейін ол үлкен ваннаға батырылып, бояу жағылады, кейін құрастыру желісінде жүздеген технологиялық операциялар жасалып, сұйықтықтар толтырылады. Сөйтіп, бағасы $40 000 құрайтын жаңа кроссовер цех қақпасынан сынақ полигонына аттанады.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты – Оңтүстік Корея мен Жапонияда өндірілген заманауи жабдықпен жабдықталған жаңа кәсіпорын. Алғашқы автокөлік 2020 жылдың сәуірінде ірі торапты құрастыру желісінен шықты, ал өткен күзде дәнекерлеуді, бояуды – жалпы алғанда, бір жарым мыңнан астам түрлі операцияны қамтитын ұсақ торапты құрастыру желісі іске қосылды. Зауыт жылына 45 мың машинаға дейін өндіру есебімен салынды, бұл ретте автокөліктердің 50% ТМД елдеріне, солардың ішінде Беларусияға экспортқа жіберіледі.

Машинаны жасау процесі дәнекерлеу цехында басталады. Түрлі қалыпталған бұйымдар құрастыру учаскесіне беріліп, сол жерде толыққанды шанаққа айналады. Шанақ түбіне бүйірлері, төбе және басқа да элементтер дәнекерленеді. Автокөлікке VIN-код басылады, есіктер, жүксалғыш қақпағы, капот орнатылады. Борисовтағы «Белджи» зауытына қарағанда, осы процестердің бәрімен роботтар емес, адамдар айналысады.

— Роботтандырылған желінің экономикалық мақсатқа сәйкестігі жылына 70 000 автокөліктен астам өндіргенде басталады, — деп түсіндірді зауыт директоры Максим Тарасов. — Әзірше, бірінші кезеңде біз 2021 жылдың соңына қарай 30 000 машинаға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Дәнекерлеу кезеңінен кейін партияның бір шанағы бақылау-өлшеу станциясына жіберіледі. Арнайы машина дәнекерлеу жіктерінің геометриясы мен сапасын 800 нүкте бойынша тексереді. Толық тексеру сегіз сағат алады, егер үлгінің эталонға сәйкестігі 95%-дан кем болса, қағидалар бойынша бүкіл партия кәдеге жаратуға жіберіледі.

— Біз үшін ең бастысы — ақауға жол бермеу. Техникалық бақылау бөлімінің штатында, дәнекерлеу цехына қарағанда, көбірек адам жұмыс істейді, — дейді зауыт директоры.

Шанақ дәнекерлеу цехынан бояу цехына келіп түседі. Зауыттың осы аумағына кіру шектелген. Журналистерге арнайы халаттар беріледі және барлық шаң-тозаңды үрлеп түсіру үшін олар желдету шкафы арқылы өткізіледі.

Бояу алдында шанақ тазартылады, майсыздандырылады, фосфатталады, содан кейін катафорездік ванналарға батырылады – бұл коррозиядан қорғайды. Цехта 14 ванна бар: тоғызы – дайындау желісінде (тазарту, шаю, активация, фосфаттау), бесеуі – катафорез желісінде.

Одан әрі катафорездік астар кептіріледі. 30 минут бойы шанақ кептіру пешінде 180 градус температурасында ұсталып, одан кейін мастика учаскесіне жіберіледі. Бояу цехында шанаққа базалық астар қабаты жағылып, кептіріледі. Содан соң бояу мен лак жағылады. Соңғы сапа бақылауынан кейін боялған шанақ құрастыру цехына жіберіледі.

Қорытынды кезең – құрастыру кезеңі. Мұнда автокөліктің интерьері және бүкіл техникалық салмасы орнатылады – мыңға жуық түрлі операция жасалады. Барлық бөлшектің құрастырылуы аяқталғаннан кейін автокөлікке антифриз, май, тежегіш сұйықтығы мен басқа да сұйықтықтар құйылады.

Құрастырылған автокөлік сапаны бақылау бекетіне келіп түседі, мұнда дөңгелектердің геометриясы, тежеу жүйесі, фаралар жарығының реттелуі тексеріледі. Машинаның гидрооқшаулануы бөлек сыналады.

Енді тек тест-драйвтен өту қалады. Жаңа машина зауыт аумағындағы сынақ полигонында жүргізіледі. Жылдамдықты үдету мен шұғыл тежеу, шоқалақ жолға ұқсайтын ойлы-қырлы жермен жүріп өту.

Егер ештеңе тықылдамаса, сықырламаса және барлық жүйелер дұрыс жұмыс істесе, автокөлік соңғы тексеруге, одан кейін дайын өнім қоймасына жіберіледі.

Зауыт өнімнің 50%-ын ТМД елдеріне экспорттау есебімен салынған. Бұдан бұрын Өзбекстанмен келісімшарттар жасалған, енді ірі торапты құрастыру желісінің қазақстандық Hyundai көліктері Беларусияға жеткізілетін болады. Бірінші партияда 40 рестайлинг жасалған Santa Fe автокөлігі келді (жақында осы модельге шолу жасағанбыз). 2.5 MPI (180 а.к.) атмосфералық моторы бар 18 дана, 3.5 MPI V6 (249 а.к.) қозғалтқышы бар 6 дана және көлемі 2,2 л құрайтын турбиналанған дизель қозғалтқышы (199 а.к.) бар 16 машина. Сонымен бірге салондарға 8 Hyundai Sonata автокөлігі келіп түседі.

Жылдың соңына дейін Қазақстаннан Беларусияға барлығы 500-ден астам автокөлікті жеткізу жоспарланған. Мұнда Santa Fe, Elantra, Sonata және Tucson модельдері туралы айтылып отыр.

Дереккөз: auto.onliner.by