Айтты - істеді. Қазақстанда нағыз ерлер кәсібін қай жерде үйретеді?
10 ай ішінде Hyundai жеңіл автокөліктерді өндіру зауытына 10 мыңнан астам түйіндеме келді. Отандық автоөнеркәсіп дамып келеді, «көк жағалылар» машина жасау кәсіпқойларының қатарын толықтыруда, жастар тәжірибе алып, кадр бөлімі тәлімгерлік мәдениетін қалыптастырып жатыр.
2019 жылдың сәуірінде Алматының индустриялық аймағында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ресми тұлғалары «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны саналатын болашақ Hyundai Trans Kazakhstan зауытының негізі ретінде капсула салды. 2020 жылдың 15 қазанында өндірісті іске қосу рәсімі өтті.
Жоба Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитетінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Бір жарым жыл ішінде 25 гектар жаңа жерде ауданы 34 мың шаршы метрді құрайтын, шанақ дәнекерлеу, бояу, автокөлік құрастыру, пластик бөлшектерді бояу цехтары және компоненттер қоймасы бар ғимарат тұрғызылды, Оңтүстік Кореяның озық жабдығымен жабдықталып, команда құрылды. Зауыт ұжымы 10 адамнан 350 адамға дейін өсті, бүгінгі таңда да Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан жұмыс іздеушілер ағымы тоқтар емес. Қазақстандықтардың жаңа зауытқа жоғары қызығушылық танытуы немен байланысты?
Hyundai Trans Kazakhstan зауытының персоналмен жұмыс жөніндегі менеджері Наталья Марченконың айтуы бойынша зауытқа тұрақты табысты, әлеуметтік қолдауды және компания мамандардың біліктілігін арттыруға қатысты ашатын жаңа мүмкіндіктерді іздейтін адамдар келеді. Біреулер үшін автокөлік жасау – арман. Ал кәсіпорын үшін ең құндысы – адам активтері мен ресурстары.
- Наталья, персоналды басқару тәжірибеңіз қандай?
- HR саласындағы жолымды 13 жыл бұрын «Астана Моторс» компаниясында бастағанмын, бұл уақыттың көп бөлігінде Hyundai дилерлік орталығында жұмыс істедім. Hyundai Trans Kazakhstan зауытында 2019 жылдың қазанынан бастап жұмыс істеймін.
Өндіріс – бұл басқа ауқымдар, міндеттер, мен үшін жаңа кәсіптер, екі есе үлкен қызметкерлер штаты. Өсімді жалғастырып жатырмыз: толық қуатқа шыққан соң зауытта шамамен 700 адам жұмыс істейтін болады. Маған қызықты әрі қорқынышты болды. Осы сын-тәуекелге бас тіккеніме қазір өзім қуаныштымын. Бізде кәсіпқой мамандардың мықты тату ұжымы қалыптасты. Алда көп жоба мен ұзақ даму жолы күтіп тұр.
- Сізді көп жылдар бойы «Астана Моторс» отбасының мүшесі болуға не ынталандырады?
- Компанияның құрылтайшысы Нұрлан Смағұловтың тұлға ретінде, адам ретінде ұжымға құрмет көрсетудің қаншалықты маңызды екені туралы тарататын ойы маған жақын. Ол идея тауып, команданы шабыттандырады, сын-қатерлерден қорқудың қажеті жоқ екенін өз үлгісімен көрсетіп, бәрімізді жаңа жобаларға жігерлендіреді. Біз үнемі жетіліп отырамыз, эволюция жолымен дамимыз, компаниямыздағы әр күн – жаңа міндеттер, мүмкіндіктер және даму бағыттары. Бұл тұрақты драйв.
Нұрлан Смағұловтың көптеген жылдар бойы Автокөлік жүргізушілері күні барлық автоорталыққа барып, үздік жұмыскерлерді құттықтайтыны мен үшін құнды. Айта кететін жайт – дилерлік орталықтардың, сондай-ақ «Астана Моторс» компаниясының басқа да нысандарының саны әр түрлі қалалар мен елдерде артып келе жатыр, компанияның Өзбекстанда өкілдігі бар. Ал осы жылдан бастап, кәсіби мейрамдар күнтізбемізде тағы бір маңызды күн пайда болды, ол – Машина жасаушылар күні.
- Инженерлік-техникалық кадрлардың тапшылығы кезінде зауыт командасын қалай құрдыңыз?
- Бөлімше басшыларының арқасында, олар мен үшін де маңызды рөл атқарды. Жұмысшы кәсіптерінің спецификасын ескерсек, бастапқы кезде бейімделуім қиын болды. Бұл жұмыс іздеушілерге қойылатын басқа талаптар, терминдер, анықтамалар, қысқартылған сөздер. Бізге машина жасау саласында білімі, тәжірибесі бар жоғары дәрежелі мамандар келді. Олармен бірлесіп команда құра бастадық. Бастапқы кезеңде әріптестерім кадрларды іріктеу кезінде зор көмек көрсетті. Олар түсіндіру жұмысын жүргізді. Алғашқы жаппай іріктелімге қарай бос жұмыс орнын іздеуші алатын білім мен дағдыларды және ол жұмыс істейтін жабдықтарды түсіндім. Бүгінгі таңда ұжымымызда жоғары және арнайы орта білімі бар қызметкерлердің үлесі 80 пайызды құрайды, орташа жас шамасы – 33 жас.
Жұмыс іздеушілер жеткілікті, бірақ, өкінішке орай, сала мамандары аз. Қазақстан автокөлік жасау саласын дамыту жолында енді ғана қадам басып келеді. Әлемдік автокөлік индустриясында мамандар жоғары біліктілік алып, барлық жерде сұранысқа ие болады. Біз ел үшін кәсіпқой кадрларды даярлау жөніндегі кадр мектебін құру миссиясы мен жауапкершілігін өз мойнымызға алдық.
- «Өте өршіл естілгенімен, біз тап осыны қаладық» деген сөз бар ғой.
- Иә, тағы былай дейді: «Өте өршіл, бірақ біз қиыншылықтан қорықпаймыз ғой».
- Зауыттағы қай лауазымдар танымал, қайсысы қиын, сіздерге кім жұмыс іздеп немесе өзін іздеп келеді?
- Ең танымал 5 лауазым қатарына мыналар кіреді: жеңіл техниканы құрастыру цехының бастығы, автокөліктерді құрастыру желісінің слесарі, сапа бөліміндегі желі бақылаушысы, жиынтықтаушылар және логистика жөніндегі мамандар. Қыркүйек айында шанақтарды дәнекерлеу, бояу цехтарына және автокөліктерді құрастыру желілеріне қызметкерлердің екінші белсенді іріктелімін жүргіздік. Әр лауазым жауапты.
Әртүрлі адам келеді, біреуі бәсекелі лауазымға келсе, енді біреуі кім болып жұмыс істегісі келетінін және қандай жұмысты істей алатынын түсінбейді, бірақ автокөлік жасағысы келетінін түсінеді – бұл қызықты және «Астана Моторс» кәсіпорнында жұмыс істеу – сенімді, абыройлы әрі болашағы бар іс.
Қазіргі кезде бірегей кәсіптер жоқ, адамдарды іргелес салалардан іздеу керек. Мысалы, бізде инженерлер – азаматтық авиация академиясының түлектері бар, ТҚКС-тағы зор жұмыс тәжірибесіне ие кәсіпқойлар да бар.
Біз өршіл, жігерленген, жоғары нәтижеге жетуді көздейтін жас буынды қалаймыз. Командамызда алдарына даму, біліктілікті арттыру және өз ісінің лайықты шебері болу міндетін қойған адамдар жұмыс істейді.
- Адам ресурстары жөніндегі маман – психолог па? Кіммен жұмыс істеген қызықтырақ – көпті көрген кәсіпқой мамандармен бе әлде өз еңбек жолын бастап келе жатқан қызметкерлермен бе?
- Әртүрлі буындармен ғана емес, әр әріптеспен де жұмыс істеген қызықты. Жастар сорғыш сияқты – білімді бойына сіңіріп, өз энергиясымен бәрін жігерлендіреді, олардан үлкен қайтарымның, жағымды эмоциялардың лебі соғып тұрады. Біз өз кезегімізде оларды тәрбиелей отырып, оларға корпоративтік рух, компанияға сүйіспеншілік сезімін сіңіртеміз. Ал көпті көрген мамандар тәжірибесімен бөліседі, олармен әңгімелесіп, жұмысшы кәсібінің мен үшін жаңа жайттарын білген қызық, мен ой-өрісімді кеңейтіп, техникалық жабдықтарды зерттеймін. Айтпақшы, мамандарымыз Hyundai Trans Kazakhstan зауыты үшін техникалық процестерді өздері құрған. Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor Company компаниясы бізге міндеттерімізді, ауқымдарымызды, өндіріс көлемдерін ескере отырып, жаңа кәсіпорын үшін арнайы әзірленген эксклюзивті жабдықтарды орнатып берді.
Бізге ЖОО-дан, колледждерден тағылымдамадан өтушілер, жас автослесарлар, механиктер келеді. Кәсіпорындағы отбасылық атмосфера қуантады. Мысалы, зауыт қызметкерінің он жеті жасар ұлы тағылымдамадан өтуге келді, ол өзіне берілген формадан айырылмай, қуанғаны соншалық, тіпті оны киген күйде ұйықтай жаздады. Көз алдымызда дәстүрлердің, соның ішінде спорттық дәстүрлердің туындағаны қызық. Демалыс күндері ерлеріміз футбол ойнайды. Қазір фитнес залымен келіссөз жүргізіп жатырмыз.
Мен үшін әртүрлі буындағы адамдардың ынтымақтастығын, шығармаластығын, сабақтастығын бақылаған қызық. Тиімділікті арттыру және өндірісті дамыту бойынша стратегиялық жоспарымызды жүзеге асыру үшін оқыту және тәлімгерлік жүйесі арқылы кәсіпқой мамандар буынын өсіруіміз керек.
- Автокөліктер өндірісінде шығармаластыққа орын бар ма?
- Біздің зауытта бар. Мысалы, «Мен – жаңашыл» бағдарламасы. Әріптестер тиімділікке ұмтылады, жұмыс процестерін жетілдіреді. Бұл жерде әңгіме тек әкімшілік туралы емес, бірінші кезекте техникалық персонал жөнінде қозғалып отыр. Біз үшін автокөліктердің жоғары сапасы басымдыққа ие, уақыт та құнды. Бәрінің сағат сияқты жұмыс істегені маңызды, зауыт – бұл біртұтас ағза.
- Механизмнің әр бөлшегі маңызды сағаты туралы айта кетсек. Зауытыңыздағы кадрлар тұрақтылығының коэффициенті қандай?
- 98 пайыз. Біз өз қызметкерлерімізге тұрақтылықты қамтамасыз еттік. Ұжымның бір бөлігі қашықтан жұмыс істеген карантин кезінде бәріне жалақы төлеуді жалғастырып, бірде-бір штат бірлігін қысқартпадық, ешкімді ақысы төленбейтін демалысқа жібермедік.
Бір жолы маған бір қызметкеріміз келіп, қуана: «Көп жыл жұмыс істесем де жалақыны алғаш рет ресми түрде карточкамен алдым» деді. Әріптестеріміз бүкіл әлемге танымал автокөліктер шығарылатын жаңа заманауи кәсіпорында жұмыс істейтінін мақтан тұтады.
Наурызда мамандарымызды шетелге оқуға жіберуді жоспарлағанбыз. Карантин кезінде шекараның жабылуына байланысты курс уақытша кейінге шегерілді. Қызметкерлердің біліктілігін тұрақты түрде арттыру, компанияның ішінде және шетелде оқыту, өз оқу орталығымызды құру жоспарымызда бар.
- Зауыт дәстүрлері бойынша қызметкерлерге сүт бересіздер ме?
- Таяуда сүтті де, тегін тамақты да беруді көздеп отырмыз. Сонымен бірге штатта жұмыс тәжірибесі зор, жоғары білікті фельдшер болады. Өзіміздің өрт сөндіру бөлімшеміз бар.
- Сізге ерлер ұжымында жұмыс істеген қалай?
- Бізде 70 пайыз – ерлер және 30 пайыз – әйелдер. Ерлердің эмоциялық тұрақтылығының, ұстамдылығының, табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында ерлер ұжымымен жұмыс істеген оңайырақ. Айтты - істеді.
- Hyundai Trans Kazakhstan зауытында жұмыс істеу үшін адам бойында қандай басты қасиеттер болу керек?
- Зауытымыздың қызметкерінің бейнесі – сауатты, адал, еңбекқор, талапкер, бейілді, жаңалықты үйренуге ашық тұлға. Отбасылық ахуалды, дәстүрлерді бағалайтын, брендті жақтайтын және компанияның тарихын бағалайтын, уақыт озған сайын өз тәжірибесін жаңа буынға табыстап отыратын адам.
Дереккөз: www.caravan.kz