Қазақстандағы Hyundai жеңіл автокөліктерін өндіру зауыты кімге және не үшін керек?

Алматыдағы толық циклді зауытта Hyundai Accent автокөліктерін өндіру үрдісі жайлы баяндап береміз

Әлемдік машина жасау тарихында әуелгіде әрбір өндіруші мен елдің толық циклді өндірісі бола бермейді. Бұл бағытта даму кезең-кезеңмен жүреді. Қазақстандық автоөнеркәсіп өз жолын таяуда ғана бастап, жылдам дамып келеді.  

Өткен жылдың сәуірінде Алматыда «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны саналатын жеңіл автокөліктерді өндіретін Hyundai Trans Kazakhstan отандық зауытының құрастыру цехы жұмыс істей бастады. 2020 жылдың 15 қазанында шанақтарды дәнекерлеу және бояу, пластик бөлшектерді бояу, автокөліктердің ұсақ торапты өндірісіне арналған компоненттерді құрастыру және қоймалау цехтары бар зауыт толыққанды іске қосылды.

Кәсіпорын ауданы – 34 мың м2, ол қаланың Индустриялық аймағының 25 гектарында орналасқан. Жақын болашақта «Астана Моторс» осы жерде тағы бір зауытты – пластик бөлшектерді өндіру зауытын салады. 

Өндірістік қуат бірінші кезеңде – жылына 30 мың машина, ал екінші кезеңде 45 мың машина шығарады. 2020 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында зауыт 8 401 автокөлік өндірді. Айта кетсек, кәсіпорын нарыққа Hyundai автокөліктерінің бүкіл модельдік қатарын жеткізеді. Hyundai Trans Kazakhstan зауыты ұсақ торапты әдіспен бір ауысым ішінде 20 Hyundai Accent автокөлігін өндіреді және бұл басы ғана. 

Informburo.kz машиналарды өндіру процесін және оның «дөңгелектері ғана бұралатын» қарапайым құрастыруға қатысты ма екенін анықтады.

№1. Hyundai Accent толық цикл әдісімен өндіріледі

Hyundai Trans Kazakhstan зауытындағы өндіріс – бұл «дөңгелектерді бұраумен» шектелмейді, шанақты дәнекерлеу мен бояуды, пластик бөлшектерді бояуды, панельдерді, орындықтарды, қозғалтқыштарды, есіктерді, жүксалғыш қақпақтарын құрастыруды және т.б. қамтитын, көп еңбек жұмсалатын күрделі процесс. Алматыда Hyundai Accent автокөліктері толық цикл режимінде өндіріледі. «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаевтыңайтуы бойынша толық цикл кезінде өндірістің басынан аяғына дейін 700-ден астам технологиялық операция жасалады.  

Бүкіл өндірісті Оңтүстік Кореядан іссапарға жіберілген Hyundai Motor Company инженерлері қадағалайды. 

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты әлемдік автокөлік жасаудың заманауи технологияларын қолдана отырып салынған және экологиялық стандарттардың талаптарына сай келеді. Кәсіпорын Hyundai Trans Kazakhstan зауытының тапсырысы бойынша Оңтүстік Кореяда өндірілген жабдықпен жабдықталған. Жабдық өндірушілері – Hyundai Motor Company, Obara, Korea Hoist, Durr Korea, Korea Tech, Hyundai Rotem, Pailant және басқалары. Кәсіпорындағы жабдықтарды монтаждау жұмыстарын Hyundai Motor Company және Youngsan (Оңтүстік Корея) мамандары жүргізді.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Hyundai Motor Company талаптарына сай келеді және Еуропада, АҚШ-та және Азияда әлемдік деңгейдегі зауыттарды сертификаттайтын VCA (Ұлыбритания), RDW (Нидерланд) және TÜV Rheinland Korea және басқа да компаниялардың сертификаттау құжаттарына ие.

Зауыт экологиялық стандарттардың барлық талаптарын ескере отырып салынған. Бояу цехы ауа мен суды сүзу жүйелерімен қамтамасыз етілген.

№2. Автокөлікті өндіру процесі. 1-қадам. Компоненттерді қабылдау

Алдымен зауытқа Ресейден, Оңтүстік Кореядан, Үндістаннан, Қытайдан түрлі компоненттер келеді, – дейді Бекнұр Несіпбаев.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. Шанақты дәнекерлеу цехы.

№3. Автокөлікті өндіру процесі. 2-қадам. Шанақты дәнекерлеу

Қалыпталған бөлшектер берілгеннен кейін Hyundai шығаратын арнайы жабдықта автокөліктің алдыңғы, артқы бөліктерінің, бүйірлерінің, төбе панелінің, еденнің дәнекерленуі басталады. Содан соң осының бәрі негізгі кондукторда біріктіріліп, дәнекерлеу аяқталады.

Одан кейін автокөлікке VIN-код басылады, есіктер, жүксалғыш қақпағы, капот орнатылады.

№4. Автокөлікті өндіру процесі. 3-қадам. Шанақты бояу

Оңтүстік Кореядан келген мамандар мен Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жауапты қызметкерлері жұмыстардың сапасын әр кезеңде қадағалайды. 

Тексерістен кейін, шанақ дәнекерлеу цехынан бояу цехына өтіп, ол жерде дайындау желісіне, одан кейін катафорез желісіне түседі. 

Шанақты дайындау желісі 9 ваннаны (тазарту, шаю, активация, фосфаттау) қамтиды, катафорез желісі 5 ваннаны (катафорез, шаю) қамтиды. 

Одан әрі катафорездік астар кептіріледі де, автокөлік бояуға жіберіледі, базалық астар қабаты жағылады, кептіріледі, содан соң шанаққа бояу мен лак жағылып, кептіріледі. Боялған шанақ соңғы сапа бақылауынан өтеді.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. Шанақты бояу цехы.

№5. Автокөлікті өндіру процесі. 4-қадам. Құрастыру 

Бояу сапасы тексерілгеннен кейін автокөлік құрастыру желісіне жіберіледі, онда автокөлік интерьері: төбе қаптамасынан бастап еден қаптамасына дейін орнатылады. Қосалқы бекеттерде аспаптар тақтасы, орындықтар, артқы және алдыңғы аспалар, беріліс қорабы, қозғалтқыш құрастырылады – осының бәрі біріктіріліп, толық құрастыру жасалатын негізгі желіге жіберіледі.

№6. Автокөлікті өндіру процесі. 5-қадам. Дайын автокөліктің сапасын бақылау

Барлық бөлшектердің құрастырылуы аяқталғаннан кейін автокөлікке антифриз, майлар, тежегіш сұйықтығы және т.с.с. қажетті сұйықтықтар құйылады. Одан кейін машина сапа бақылауына жіберіледі, мұнда дөңгелектердің геометриясы, тежеу жүйесінің жұмысқа жарамдылығы, фаралар жарығының реттелуі тексеріледі. Машинаның гидрооқшаулануы бөлек сыналады: салонның қымтаулы екенін және су өтпейтінін тексеру үшін арнайы камерада қысыммен су мен ауа ағындары бағытталады.

Одан кейін құрастыру бақылау тексерісінен тағы қайтара өтіп, автокөлік зауыт полигонына тест-драйвке жіберіледі. Егер барлық сынақтан сәтті өтсе, автокөлік дилерге келіп түседі.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. Шанақты дәнекерлеу цехы.

№7. Зауыт кімнің ақшасына салынды?

Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден астам соманы құрады. Оның 30% (8 млрд теңгеден астам) – Astana Motors компаниясының өз қаражаты, ал 70% (20 млрд теңге) – Қазақстан Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры кредитке берген ақша. 

Жоба Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитетінің және Алматы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

№8. Өндіріс Hyundai Accent автокөлігінің құнына әсерін тигізе ме?

Иә. Автокөліктің құны өндірісті жергіліктендірудің арқасында арзанырақ болады.

Hyundai Trans Kazakhstan зауытына баспасөз туры. Шанақты бояу цехы. 2021 жылғы 16 ақпан.

№9. Автокөліктер өндірісі елге қандай пайда әкеледі?

Көлік құрастыру кәсіпорындары экономиканың дамуына және оны әртараптандыруға елеулі үлес қосады, елдің инновациялық дамуының деңгейін арттырады және білікті мамандардың дамуын қамтамасыз етеді. 

Біріншіден, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Қазіргі кезде зауытта 370 адам жұмыс істейді, ал толық қуатқа шыққан кезде, қызметкерлер саны шамамен екі есе артады – 700 адамға жуық. Кәсіпорындағы орташа жалақы – 250 мың теңге. Әр жұмыскерге тегін тамақтану, зауытқа және үйге жеткізу қамтамасыз етілген. Айта кетсек, бір жұмыс орнының құны 40,1 млн теңгені құрайды. 

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, машина жасау іргелес салаларды дамыту үшін мультипликативтік әсер береді, халықтың жұмыспен қамтылуын арттырады және сол арқылы жалпы алғанда елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. 

Есептеулер бойынша зауыттағы бір жұмыс орны іргелес салаларда (сервис, сату, логистика, сақтандыру, банк секторы, маркетинг, автокомпоненттер өндірісі) 15-ке дейін жұмыс орнын береді.

Бұған қоса, елдің мемлекеттік бюджетіне түсетін салық түсімдері артады. 2020 жылы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 444 млн теңге төледі.

Ал жергіліктендіруі 51%-ды құрайтын өндірістің қазақстандық сертификатын алғаннан кейін компания автокөліктерді Орта Азия және Кеден одағы елдеріне экспорттау мүмкіндігіне ие болады. 

Hyundai Trans Kazakhstan. Соңғы тексеріс желісі/Final inspection.

№10. Басқа Hyundai модельдері өндіріле ме?

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 2021 жылдың соңына дейін ұсақ торапты әдіспен тағы бір модельдің өндірісін бастауды жоспарлап жатыр. 

Осылай, әр модельдің дәнекерленуі мен боялуын меңгере отырып, пластик бөлшектер зауытын сала отырып, «Астана Моторс» машина жасау саласында қазақстандық құрамды арттыруды, білікті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуді және отандық автоөнеркәсіпті дамытуды жоспарлайды. 

«Астана Моторс» компаниясы өндірілетін автокөліктердің жалпы санының 50 %-ын Қазақстан нарығында өткізеді және қалған 50 %-ын ТМД елдеріне жеткізеді. Компания Hyundai автокөліктерін Өзбекстанға экспорттап жатыр, ал осы жылы Беларуське жеткізіле бастайды. 

Hyundai бренді 2020 жылы қазақстандық автокөлік нарығының көшбасшысы болды. Өткен жылы Қазақстандағы Hyundai сатылымдары – 17 857 бірлікті, ал өсім 2019 жылмен салыстырғанда, 20,2%-ды құрады. 2020 жылы Өзбекстанда 3 561 Hyundai автокөлігі сатылды, 2019 жылмен салыстырғандағы өсім 1 359,4%-ды құрады. 

Жалпы алғанда 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Астана Моторс» компаниясының сату көрсеткіштері 24,4%-ды құрап, 26 826 жаңа автокөлікке жетті. Компанияның Қазақстан нарығындағы үлесі 25%-ды құрады. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Астана Моторс» компаниясы еліміздің республикалық және жергілікті бюджеттеріне 29,4 млрд теңгені төлеп, Қазақстанның автокөлік саласындағы ең ірі салық төлеушілердің бірі болды. Компанияның 2020 жыл ішіндегі жалпы айналымы – 850 млн доллар, бұл 360 млрд теңгеден астам.

Дереккөз: informburo.kz