Қазақстан көлікті электрлендіруге көшуге дайын ба
04/11/2026
04/11/2026
Жақында ғана Қазақстандағы электрмобильдер мен гибридтер тақырыбы алыс болашақтың еншісі ретінде қабылданатын. Бүгінде NEV (New energy vehicles, жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдер, соның ішінде электрмобильдер мен гибридтер) нарық құрылымының бір бөлшегіне айналғанын түсіну үшін мегаполистердегі қалалық көлік легіне және тұрақтарға көз жүгіртудің өзі жеткілікті. Әзірге шағын ғана, бірақ қарқынды дамып келе жатқан бөлшегі.
Нақты нарық не дейді
Қазақстандағы NEV сегментінің ағымдағы жылғы даму серпініне көз жүгіртейік. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында тұтынушылар 708 дана электрмобиль мен гибрид сатып алды. Көрсетілген кезеңдегі ресми дилерлердің жалпы сатылымы көлемінде NEV үлесі – 2,6%, бұл аз сияқты көрінгенімен, серпіні таңғалдырарлық – бір жыл бұрынғыдан төрт есе көп.
Тағы екі айдан кейін NEV сатылымы екі мың данадан асты. Осы кезеңде 65,4 мың жаңа автомобиль сатылғанын ескерсек, ресми дилерлердің сатылымындағы электрмобильдер мен гибридтердің үлесі 3,2%-ға жетті.
Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша алты мың NEV сатылды – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе өсім.
Өзгерістердің мәні неде
Сандар нарықтың автодилер немесе жанармай құю желісі тұрғысынан өзгерістерді елемеу мүмкін болмайтын шекке жеткенін көрсетеді. Бұл жақын арада қазақстандықтардың жаппай электрмобильдер мен гибридтерге көшетінін білдіре ме? Былайша айтқанда, нарық жаһандық трендті қабылдап, жаңа кезеңге – көлікті электрлендіруге көшуді жеделдетуде.

Қазақстандағы тұтынушылардың автомобильдерді «бензинді» және «электрлі» деп бөлуді біртіндеп қойып, жеке пайдалану сценарийлеріне сүйене отырып, отын түрінен гөрі жеке көлік міндеттерін шешуге барынша лайықты жүйені таңдап жатқаны анық.
Әзірге қазақстандық сатып алушыны нақты автомобиль «экология үшін» қажет болатын идеялық тұрғыдан уәжделген деп сипаттау ертерек. Дегенмен, Қазақстан үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де жаһандық жылыну тақырыбы аса маңызды. Соңғы жылдары біз әлемдегі табиғи апаттарды жиі көріп, климаттың жағымсыз өзгерістерін – жаһандық жылынуға байланысты температураның күрт ауытқуын өз басымыздан сезінудеміз. Өңіріміз үшін «экологиялық күн тәртібінің» құндылығын түсіну – уақыт еншісіндегі мәселе.

NEV әлемдік нарығының көшбасшысы – BYD компаниясы 2021 жылдың қарашасында Глазгодағы (Шотландия) БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында-ақ өзінің «Жерді бір градусқа салқындату» миссиясы туралы жариялаған болатын. Бұл автомобиль бренді стратегиясының ауқымдылығын және саланың қоршаған ортаға, тиісінше тұтас адамзаттың тағдырына тигізетін әсеріне қаншалықты байыппен қарай алатынын түсінуге мүмкіндік береді. BYD бастамасы – автомобиль индустриясының көлік туралы бұрынғы түсініктен қаншалықты алыстағанының айқын белгісі.
EV-дің қандай пайдасы бар
Тәжірибелік жағына келетін болсақ – бүгінде көптеген тұтынушыға саяхатқа немесе басқа өңірге шаруалармен шығып, сапалы отын іздеп алаңдамай жүре алатын, ыңғайлы функциялары бар қауіпсіз, сенімді, динамикалық, жайлы автомобиль қажет. Үнемдеуге басымдық беретін клиенттер де бар, әрі мұндай ұқыпты тұтынушылардың қатары артып келеді.
Көпшілік өз тәжірибесінен көріп, функциялардың кең таңдауын, ультразаманауи сипатын және жайлылығын бағалап үлгерді – бірқатар қытайлық брендтердің автомобильдері заман талабына толықтай сай келеді. Қазақстандағы автомобиль сату статистикасы да мұны растайды – қытайлық брендтер көш басында.
Енді үнемдеу туралы. АМААР деректері бойынша, бір автокөлік иесінің бензинге жұмсайтын жылдық шығыны 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейінгі соманы; ал техникалық қызмет көрсетуге – 200 мың теңгеден астам соманы құрайды.
AutoReport электрмобильдерге (EV) қызмет көрсету құнының статистикасын білу үшін қазақстандық және әлемдік NEV нарығының көшбасшысы – BYD компаниясына жүгінді. Қазақстандық дистрибуция сарапшыларының мәліметінше, тек электр қуатымен жүретін көлік иесі өз автокөлігін қуаттауға жылына 170 мыңнан 450 мың теңгеге дейін жұмсайды. Атап айтқанда, үйде қуаттау 1 киловатт-сағатына шамамен 45 теңгені, ал жалпыға қолжетімді электр қуаттау станциясында (қала, тасжол, нысандар) орта есеппен 1 киловатт-сағатына 80 теңгені құрайды. Тек электрмен жүретін көлік иесі техникалық қызмет көрсетуге жылына шамамен 50 мың теңге жұмсайды.

ІЖҚ бар автомобиль немесе EV иесі үшін отын мен ТҚК-ге жұмсалатын жалпы шығын көлемі өңірге және автокөлік иесінің белсенділігіне байланысты болады (әр түрлі тарифтер және көліктің жылына қанша шақырым жүріп өтетіні).
Осылайша, елімізде тек электрмен жүретін көлікке иелік ету екі-үш есе арзанға түседі. Ал таксопарктердің теңгені үнемдеуі бойынша деректері бұдан да әсерлі. 2025 жылы BYD дистрибьюторы Қазақстанда жұмыс істейтін 20 таксопаркке сауалнама жүргізіп, өңірлерде таксопарктің бір көлігі жылына 60-70 мың шақырым жүретінін, ал Астана мен Алматыда бұл көрсеткіш жылына 120 мың шақырымға дейін жететінін анықтады. Такси қызметіндегі бір электрмобильдің тек отын бойынша үнемдеуі жылына екі млн теңгеге, ал ТҚК бойынша шамамен жарты миллионға жетеді.
NEV дамуына әсер ететін факторлар
Бүгінде қытайлық NEV өндірушілерінің әлемдік көшбасшылығы даусыз. Қазақстанның автонарығында соңғы жылдары ортақ үрдіс – қытайлық брендтердің өсуі байқалуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олар республикадағы жеңіл автокөліктердің жалпы сатылым көлемінің шамамен 39%-ын иеленді. ҚАО сарапшыларының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша қытайлық брендтердің үлесі жеңіл автокөліктердің жалпы сатылым көлемінің шамамен 45%-ын құрайды. Алайда еліміздегі қытайлық брендтер модельдерінің басым көпшілігі – ІЖҚ-мен жабдықталған, бұл «қытайлық қарқынды» Қазақстандағы NEV сегментінің дамуына әсер ететін фактор деп санауға болмайтынын білдіреді.
Электр көлігіне жаппай көшу және ІЖҚ-дан біртіндеп бас тартуды қамтитын еуропалық күн тәртібі орталық азиялық өңірдегі тұтынушының санасын қалыптастыруға ішінара әсер етеді, бірақ оны көрнекі мысал деп айту қиын.
Қазақстанның жағдайы бірқатар көрсеткіштер бойынша өзгеше: қашықтықтар, климат, көлік жүйесі, автомобильді пайдалану құрылымы. Жергілікті нарықтың NEV бағытына қарай өзгеруі факторлардың жиынтығына байланысты орын алуда: брендтер мен модельдердің өз философиясымен кеңеюі, жас буынның автомобиль таңдауға неғұрлым прагматикалық көзқарасы, жергілікті және халықаралық деңгейдегі отын нарығындағы жағдай, нарықтың жекелеген қатысушыларының күшімен жалғасып жатқан инфрақұрылымның дамуы. Әрине, ғалымдар мен электрмобильдер және гибридтердің инженер-конструкторлары әзірлеген жаңа технологиялар, әсіресе қауіпсіздік, жүріс қоры және қуаттау жылдамдығы тұрғысынан маңызды рөл атқарады.
Көлікті электрлендірудің өзіндік жолы
2026 жылдың сегіз айында Қазақстанда сатылған NEV-тердің басым бөлігі – сырттан қуатталатын гибридтер (PHEV) және жүріс қоры ұзартылған электрмобильдер (EREV). Барлығы 4 351 автомобиль немесе бүкіл NEV сегментінің 72,5%-ы. Бір қызығы, осы кезеңде PHEV және EREV төрт еседен астам өсім көрсетті (1 008-ден 4 351 данаға дейін), ал «таза» электрмобильдердің (EV) сатылымы 2025 жылдың қаңтар – тамыз айларымен салыстырғанда 74,8%-ға артты (945-тен 1 652 данаға дейін). Яғни іс жүзінде қазақстандық тұтынушы екі технологияны да таңдауда. Айтпақшы, 2026 жылдан бастап Қазақстанның автокөлік одағы Қазақстандағы NEV сатылымының статистикасын екі ай сайын жариялау тәжірибесін енгізді, сондықтан нарық деректердің келесі жаңартылуын қарашада 10 айдың қорытындысы бойынша күтуде.
Қазақстандықтар арасында екі технологияның да (гибридтер мен тек электрмен жүретін көліктердің) танымалдығы тақырыбына оралсақ – бұл тұрғыда Қазақстандағы NEV флагманы – BYD-дің нарықтағы ұстанымы көрнекі мысал бола алады. Ағымдағы жартыжылдықтағы ең танымал NEV ондығында бірден бес BYD моделі бар: гибридті Song Plus DM-i, Chazor, электрлі Song Plus, Yuan Up және Sealion 7. BYD модельдері арасындағы ең көп сатылым көлемі Song Plus DM-i үлесіне тиесілі – 1 196 автомобиль. Song Plus-тің электрлі нұсқасы 576 көлік нәтижесімен үшінші орынды иеленді, ал гибридті Chazor 572 автомобильмен төртінші орынға тұрақтады.
Көшбасшының сату статистикасынан BYD стратегиясы айқын көрінеді – бірдей пішін үйлесімі (Yuan Up және Yuan Up DM-i немесе Song Plus EV және Song Plus DM-i) шеңберінде бренд өз шығындарына немесе автомобильдің қолайлы сипаттамаларына сәйкес «электрлендіру дәрежесін» таңдау мүмкіндігін береді.
Яғни өз таңдауыңды негіздеу үшін міндетті түрде «электр скептигі» немесе, керісінше, «электр энтузиасы» болу шарт емес. Сатып алу туралы шешім қабылдаудың негізінде – ұтымды есеп пен әбден орынды қауіпсіздік талаптары жатыр, бұл ретте брендтің Blade Battery технологиясы бойынша бірегей әзірлемелері бар.

Инфрақұрылым – NEV дамуындағы күрделі мәселе
Электрмобильдер мен гибридтердің ең қарқынды өсімі байқалып отырған Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда үй немесе кеңсе маңында электр қуаттау станцияларының (ЭҚС) болуы NEV иелері үшін бүгінгі күні іс жүзінде шешімін тапқаны заңды құбылыс.
Қазақстан Көлік министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде халықаралық және республикалық маңызы бар тасжолдардың бойында 62 ЭҚС бар. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін тасжолдарда 27 автожанармай құю станциясы салынады, онда электрмобильді қуаттау станцияларын орнату да қарастырылған. Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында биыл жұмыс істеп тұрған 19 станцияға қосымша жеті ЭҚС орнату жоспарлануда.
2034 жылға дейін мемлекет жоспарында республика бойынша тағы 250 ЭҚС орнату көзделген. Тамыз айының басындағы жағдай бойынша тасжолдардағы ЭҚС әзірге Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жоқ. Дегенмен тасжолдарда республикалық та, өңірлік те жанармай желілері ЭҚС-терді жиірек орнатуда. Халық арасында электрмобильдер мен гибридтерге деген сұраныс бұдан да белсенді өскен жағдайда, отын инфрақұрылымын дамыту жоспарларына түзетулер енгізілуі мүмкін.
Жеке компаниялар да бұл үдеріске тартылған. Қолжетімділік пен қауіпсіздік жағынан өзін оң қырынан танытқандардың бірі – MyCharge ЭҚС желісі. Бүгінде бұл желі 12 қаладағы 33 ЭҚС-те орналасқан 103 портты қамтиды. Компания жоспары бойынша 2028 жылға қарай Қазақстандағы порттар саны 80 ЭҚС-те шамамен 250 бірлікке жетеді.

Қуаттау технологияларының дамуы туралы айтқанда, 2026 жылдың жазында әлемге бірегей шешімді – автокөліктің қуатын тоғыз минуттан аз уақыт ішінде 97%-ға дейін толтыратын Flash Charge аса жылдам қуаттау станциясын ұсынған BYD инженерлерінің рөлін атап өтпеу мүмкін емес. Astana Motors компаниясы 2027 жылы Қазақстанда Flash Charge жүйесін іске қосуға дайындалып жатыр.
Осылайша, BYD тек көлікті электрлендіру дәрежесін таңдауды (гибрид немесе электрмобиль) ғана емес, сонымен қатар ІЖҚ бар автомобильден NEV-ге көшудің экожүйесін де ұсынады.
Қазақстандағы NEV нарығының болашағы
Ресми дилерлердің сату нәтижелері және медиадағы, автосарапшылар мен автокөлік иелері арасындағы өзекті тақырыптарға қарағанда, тұтастай алғанда қазақстандық қоғамдағы көңіл күй NEV сегментінің жоғары бәсекелі болып келе жатқанын көрсетеді. Бұл тіпті электрлендірілген автомобильдердің қазақстандық нарық үшін жаңа өнім екенін және әлі барлық тұтынушылардың электрмобильдер мен гибридтерді пайдаланудың артықшылықтары туралы нақты түсінігі жоқ екенін ескерген күннің өзінде байқалады.

Қазақстан нарығында ресми түрде ұсынылған брендтер арасында NEV модельдері еуропалық, жапондық, кореялық және көбінесе қытайлық брендтерде бар. Дилерлер арасындағы неғұрлым өткір бәсекелестік тұтынушы үшін модельдердің кеңірек таңдауын және тиімді сатып алу мүмкіндіктерін білдіреді.
Қарқынды өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында нарық қатысушыларының құралдары дәстүрлі түрде сервистік қызмет көрсетудегі бонустар, брендтердің стандарттары бойынша жедел әрі кәсіби техникалық қолдау, қаржылық бағдарламалар болуы мүмкін. Соңғысының аясында көбінесе баға шешуші рөл атқарады. Бірақ баға – көптеген техникалық, өндірістік, реттеушілік және макроэкономикалық факторлардан құралатын күрделі шама.
Шын мәнінде, белгілі бір нарық шеңберінде бағаға барынша тиімді әсер етуге сол нарықта автомобиль өндірісін жергіліктендіру мүмкіндік береді. Бұл – Astana Motors компаниясының Қазақстанда BYD автомобильдерінің өндірісін ұйымдастыру мәселесін қарастыруының бір себебі. Әсіресе дәл осы брендтің модельдерін жергіліктендірудің өзектілігі BYD автомобильдерінің қазақстандықтар арасындағы жоғары танымалдығына байланысты артты. Әрине, мұндай жоғары технологиялық деңгейдегі автомобильдер өндірісін жолға қою тек тәжірибе, тиісті қуаттар мен ресурстар болғанда ғана емес, сонымен бірге геосаясат, экономикалық ахуал, логистика, шикізат пен құрамдас бөлшектердің құны тұрғысынан жаһандық нарықта қолайлы жағдайлар туғанда ғана мүмкін болып көрінеді. Бұл жағдайда тұтынушы автомобильдерге неғұрлым тұрақты әрі тартымды баға алады, бренд жергілікті нарықта өзінің ұзақ мерзімді стратегиясын бұдан да сенімді дамыта алады, отандық бизнес нарықтағы өз ұстанымын нығайтады, ал еліміз жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдерді өндіру және сату бойынша әлемдік көшбасшының ең жаңа технологиялары мен инженерлік тәжірибесіне қол жеткізеді.
04/11/2026