Төрт секунд тұғыр тағдырын шешті: Changan Race Almaty қалай өтті
11/09/2026
11/09/2026
6 қыркүйекте Алматы маңындағы Sokol халықаралық автодромы бір күнге велоспорт алаңына айналды. Changan Race Almaty жарысының старт сызығына Қазақстан, Әзербайжан, Ұлыбритания, Испания, Қырғызстан, Литва және Ресейден 167 спортшы шықты.
Велошабандоздарды қолдауға олардың отбасылары мен достары келді. Қатысушылар мен көрермендерді қоса алғанда, іс-шараға шамамен 300 адам жиналды.

Жарыстың бас демеушісі – Astana Motors құрамындағы Changan Kazakhstan компаниясы. Қатысушылар үш санатта жарысты: Women, Open Men және Elite Men. Ең көп қатысушы Open Men санатында болды – 126 адам. Әйелдер санатында 17 спортшы, Elite Men санатында 24 велошабандоз сөреге шықты.
Жарыс бағдарламасы екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар 9 шақырымдық жеке жарысты еңсерді. Осы кезеңнің көшбасшылары символикалық сары жейделерге ие болып, оларды киіп топтық жарысқа шықты.
Санатқа байланысты екінші кезеңнің қашықтығы 32, 45 және 72 шақырымды құрады. Мұндай формат спортшылардың әртүрлі қасиеттерін сынға салады: жеке жарыста велошабандоз секундомермен бетпе-бет қалса, топтық жарыста физикалық дайындыққа тактика, позицияны сақтай білу және шабуылға шығатын сәтті дұрыс таңдау қабілеті қосылады.
Абсолютті есептен бөлек, жүлделер жас санаттары бойынша да сарапқа салынды.
Ең қызу тартыс Elite Men санатында өрбіді. Ұйымдастырушылар екінші кезеңнің мәресінде алғашқы үш орынға бонустық секундтарды алдын ала қарастырған еді. Бұл ереже жалпы есептегі бәсекені күшейтуге бағытталды. Нәтижесінде дәл осы бонустық секундтар шешуші рөл атқарды.
Ұйымдастыру комитетінің өкілі Фарух Тұрсынжановтың айтуынша, Сергей Лущенко мен Ислам Усмановты қорытынды есепте төрт бонустық секунд бөліп тұрды.Бонустар есепке алынғаннан кейін Усманов үшінші орынға көтерілді, ал басымдық өте аз болды. Шоссейлік велоспортта мұндай жағдай жиі кездеседі: бірнеше сағатқа созылған жарыстың тағдырын тек жылдамдық қана емес, аралық немесе мәрелік бөліктерде ұтқан әрбір секунд шешуі мүмкін.
«Біз жарысқа қосымша тартыс қосуды көздедік. Ислам (Усманов) үшінші орынға небәрі 80–90 миллисекунд шамасындағы айырмашылықпен көтерілді. Біз осы ережені енгізгенде күткен жағдай дәл орын алды», – деді Тұрсынжанов марапаттау рәсімінде.
Жарыстың барысын тікелей трассадан Changan Kazakhstan директоры Денис Коломацкий бақылап отырды. Ол өзі де велоспортпен әуестенеді және бұған дейін веложарыстарға қатысқан.
«Astana Motors пен Changan үшін белсенді спорт қауымдастығының бір бөлігі болып, адамдарды қозғалыс пен салауатты өмір салты төңірегінде біріктіретін жобаларды қолдау маңызды. Велоспорт жанкүйері ретінде мен қатысушылардың эмоциясын және трассадағы бәсекенің деңгейін жақсы түсінемін. Биылғы жарыс ерекше тартысты өтті, ал көшбасшылар арасындағы айырмашылық секундтың үлестерімен өлшенді. Дәл осындай сәттер спорттың нағыз драматургиясын қалыптастырады», – деді Changan Kazakhstan директоры Денис Коломацкий.
Elite Men санатындағы абсолютті есепте Максим Рыбаков жеңімпаз атанды. Екінші орынды Евгений Сладков, үшінші орынды Ислам Усманов иеленді. Сладков пен Усманов бұған дейін де Алматыдағы жарыстарда табысты өнер көрсеткен. 2025 жылы Сладков Giro d’Almaty абсолютті есебінде жеңіске жетсе, Усманов 18–29 жас санатында бірінші орын алған.

Әйелдер арасындағы абсолютті есепте Анастасия Волчанская жеңімпаз атанды. Екінші орынды Лениза Валиева, үшінші орынды Дана Сақабаева иеленді. Волчанская үшін бұл – табысты өнерінің жалғасы: бір жыл бұрын ол Giro d’Almaty жарысының абсолютті жеңімпазы атанған.
Әйелдер арасындағы 18–29 жас санатында Эльвира Тахаутова жеңіске жетті, екінші орынды Ақберен Көптілеу, үшінші орынды Ақниет Нұрбек иеленді.
30–39 жас санатында Таншолпан Тілеубаева жеңімпаз атанды. 40–49 жас санатында Сара Браун бірінші, Нұрия Нұрбакимова екінші орын алды.
Open Men санатында Владимир Ветров жеңіске жетті. Екінші орынды Эдуард Тен, үшінші орынды Артемий Кузнецов иеленді.
18–29 жас санатында Дінмұхамед Абдрахманов жеңімпаз атанып, одан кейін Дмитрий Макаревич пен Дархан Естеуов орналасты.
30–39 жас санатындағы жүлделі үштікті Дәулет Ибрагимов, Роман Корнилов және Олег Маркитанчик құрады. 40–49 жас санатында Денис Черных, Айдос Құшуев және Тимур Муртазин жүлделі орындарға ие болды.
50–59 жас санатында Денис Васильев жеңімпаз атанды. Екінші орынды Владимир Коротков, үшінші орынды С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов иеленді.
Жоғары жас санатындағы қатысушылардың нәтижелері де ерекше назар аударуға тұрарлық. 60–69 жас санатында Қырғызстаннан келген Игорь Филин бірінші, Алексей Абраменко екінші, белгілі қазақстандық мүсінші Нұрлан Далбай үшінші орын алды.

Трассада төрешілермен бірге Changan брендінің үш автокөлігі жұмыс істеді: EADO Plus, үшінші буындағы UNI-V және төртінші буындағы CS75 Plus кроссовері. CS75 Plus көлігінде төрешімен бірге Денис Коломацкий де болып, жарыстың барысын бақылап отырды.
Жарыстың ерекше атмосферасын жүргізуші Руслан Райымқұлов қалыптастырды. Жеке жарыс басталар алдында ол қатысушыларды таныстырып, әрқайсысы туралы қызықты деректермен бөлісті. Осының арқасында көрермендер спортшылардың старттық нөмірлері мен есімдерін ғана емес, жарыс жолына шыққан адамдардың оқиғаларын да білді.

Changan Race Almaty абсолютті және жас санаттарындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімімен аяқталды. Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Денис Коломацкий 2027 жылы Changan Race Almaty жарысы бұдан да ауқымды болатынына сенім білдірді.
2026 жылғы 6 қыркүйекте өткен Changan Race Almaty жарысының толық нәтижелері ресми сайтта қолжетімді.
11/09/2026