«Астана Моторс» пен Chery Алматы қаласындағы Автоөнеркәсіп паркінде көлік компоненттерін шығару туралы келісімге келді

Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың Қытайға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша «Алматы» индустриялық аймағында көлік компоненттерін шығаруға арналған автоөнеркәсіп паркі құрылатынын хабарлайды.

Қазақстанның «Астана Моторс» компаниясы мен Қытайдың Chery Automobile Co.Ltd компаниясы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аньхой провинциясы (ҚХР), Хэфэй қаласында меморандумға қол қою рәсімін Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Өнеркәсіп комитеті және Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі сүйемелдеді.

Қол қойылған құжат Chery компаниясының бренд автомобильдері мен компоненттерін Қазақстанда шығаруға қызығушылық танытып отырғанын растайды. Жергілікті өндіріс көлемін арттыру, өз кезегінде, автокөліктердің құнын арзандатуға, автокөліктерді қазақстандықтар үшін қолжетімді әрі тартымды етуге жағдай жасайды.

«Chery «Астана Моторс» компаниясының шанақтарды дәнекерлеу мен сырлауды игере отырып, толық цикл өндірісін құру арқылы Қазақстандағы автомобиль жасау саласын біртіндеп дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бұл қол қою рәсімі салынып жатқан мультибрендтік зауытқа арналған көлік компоненттері паркін құру ісінде біздің қолдау көрсететінімізді куәландырады», – деп атап өтті Chery International Co Ltd вице-президенті Жу Шаодонг мырза.

2023 жылы қазан айында Аньхой провинциясының губернаторы Ванг Чиньшен мырза және Chery Holding Group автомобиль холдингінің басқарма төрағасы Инь Тонгё мырза басқарған Қытай делегациясы Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan болашақ зауытының құрылыс алаңын аралады. Мұнда 2025 жылдан бастап Chery автомобильдері шығарылатын болады. Сол кезде «Астана Моторс» пен Chery қосалқы бөлшектерді жергілікті жерде өндіру және жеткізу тізбегін жолға қою бөлігінде ынтымақтастықты одан әрі арттыру туралы келісті. Қытайда меморандумға қол қою ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.

ФОТО: Аньхой (ҚХР) провинциясы губернаторы мен Chery басшылығының Алматыға сапары, 22 қазан 2023

«Автоөнеркәсіп паркі – бұл автомобиль өндірістерінің жергілікті жерде ұйымдастырылуын қолдау үшін көлік компоненттерін өндірушілерді тарта отырып, индустриялық кластерді қалыптастыруға арналған өндірістік алаң. Қазір Алматы қаласының индустриялық аймағында қуаттылығы жылына 90 мың автомобиль болатын Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік зауытымыздың құрылысы жүріп жатыр. Барлық көлемнің 100% дәнекерлеу және сырлау арқылы шағын торапты әдіспен өндірілетін болады. Бұл көлік компоненттері өндірісін жергілікті жерге ұйымдастыруды қаржылай тиімді етеді. Сондықтан осы жерде көлік компоненттерін шығаратын кәсіпорындар кешені салынып жатыр. Оған орта бизнес тартылатын болады. Бұл қазақстандық компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар. Біздің міндетіміз – өндірушілердің тізімін ұлғайту және сол арқылы жергілікті жердегі өндірісті дамыту», – деді «Астана Моторс» CEO Бекнұр Несіпбаев.

ФОТО: Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік зауытының жобасы

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының құрылысы 2024 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. 2025 жылдың I тоқсанында пилоттық автомобиль өндірісі басталады. Өндіріс ауданы 150 000 шаршы м құрайды. Жобаның жалпы құны – 164 млрд теңге. Зауытта Қытай автомобиль брендтерінің автомобильдері шығарылады. Соның ішінде мына үш модель де: Chery – Tiggo 2, Tiggo 4 Pro, Tiggo 7 PRO

Кәсіпорында жартылай автоматтандырылған үш дәнекерлеу цехы қарастырылған – әр бренд үшін бір цех. Сондай-ақ әр бренд үшін бір желіден үш құрастыру желісі қарастырылған. Бұл көбірек жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сырлау цехы толығымен автоматтандырылған және барлық брендтер үшін жалғыз цех болады.

Зауытта 2600 жұмыс орны ашылады. Негізгі штатты жетекші автоконцерндердің тәжірибесі мен стандарттарын қабылдайтын, сондай-ақ Қазақстанда технологияларды дамытатын инженерлік-техникалық мамандықтардың мамандары құрайды.

«Астана Моторс» өндірілетін автомобильдердің жалпы көлемінің 40% ішкі нарыққа, ал 60% экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

«Астана Моторс» пен Chery компаниясы 2021 жылы дистрибьюторлық келісімге қол қойып, содан бастап ынтымақтастық орнатып келе жатқанын айта кету керек. Қазіргі таңда жиынтық сату көлемі 15 000 автокөліктен асты. Chery дилерлік орталықтары Қазақстанның 18 қаласында ашылды: Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Талдықорған, Орал, Өскемен. Сондай-ақ көліктерді онлайн сатып алуға болады.

Қазақстанда жасап шығарылған Chery автокөліктері 2025 жылы сатылымға түседі.